
Қазақта «Ата-ананың сөзі – айдын жолдың өзі, Ақылдының сөзі – ақ дарияның өзі» деп айтылуы бекер емес. «Мейірімі мол ананың – жүрегі жылы, қолы кең. Кең пейілді атаның – жүзі жылы, жолы кең» деген нақылдың да мағынасы терең. Біз бүгін ата-анаға жасаған жақсылық пен қамқорлықтың дін тұрғысынан маңызы қалай екеніне тоқталмақпыз.
Қазақта «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтылмайсың» дейді. Шын мәнінде анасын ешкім Меккеге арқалап апармайды. Бұл сөздің мағынасы – анаңның қарызынан ешқашан құтыла алмайсың. Ата ананың ризашылығын алудан жалықпа дегенге саяды. Бірақ, өмірде әртүрлі жағдай бар. Ата анаға жақсылық жасамақ түгілі, асқар тауымен алысып, анасымен айқайласып жүрген азаматтарды кездестіріп қаламыз. Әкесінің жиған мүлкіне, баспанасына таласып, жаға жыртысып жатқан қаншама бауырлар бар. Ал, шариғат не дейді? Біз осы орайда дін өкілдерімен де пікірлескен едік. Тараз қаласындағы «Құрал қажы» мешітінің бас имамы Марат Сайлаубек бұл тақырыпта былай дейді.
«Сені өмірге алып келген, өсірген ата-ананың еңбегі өлшеусіз. Шариғат бұл жағын ерекше ескертеді. Қасиетті Құран кәрімнен бірнеше аят келтірейін. «Ата-анасын риза еткеннің істеген күнәларын кешіремін. Бірақ, ата-анасын ренжіткен адамның қанша көп ғибадаты болса да, жаһаннамға тастаймын» деп, келесі аятта: «Ата-анаға жақсылық жасау – нәпіл намаз, ораза, қажылық (әрі умраға бару) қасиетінен де қасиетті. Ата-анасына қызмет еткендердің өмірі берекелі және ұзақ болады» делінген. Жаратушы: «Олар үшін садақа беріңдер және қажылық жасаңдар» деп ескерте келе, тағы бір аятында: «Анаң сені тоғыз ай бойы құрсағында көтерді. Екі жыл емізді. Сен өсіп жетілгеніңе дейін қойнында өсірді және қорғады, құшағында ұстады. Әкең де сені өсіргенге дейін көптеген қиыншылықтарға төзіп, сені азықтандырды. Қажетіңнің бәрін қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Мұнан асқан мейірімді болу мүмкін бе?», – дейді.
Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев та құран мен хадиске сүйене отырып жауап берді. «Құранда «Ата-анаңа «ух» деме» дейді. Ол не дегенде, «ух» деген ата-ананы ренжітудің ең төменгі сатысы. Жаратушы соның өзін жасама» деп ескертеді. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығына тең» деген хадисінде. Яғни, Алла бізге қаншалықты разы немесе разы еместігін ата-анамыздың қабағына қарап, сол кісілерге жасаған жақсылығыңа қарап байқауға болады екен.
Әлбетте ата-анаға жақсылық жасау – сансыз сауап. Оның құны ешқандай құндылықпен өлшенбесе керек. «Қазіргі таңда ата-анасын ренжіткен азаматтарды көрсем, көңілім алаңдап тұрады. Олар болмашы нәрсеге ең аяулы адамдарды ренжітеді. Өмірге келуіне себепші болған кісілерді ғайбаттайды. Ал, мен ше? 17 жасымда анам бақилық болды. 18 жасымда асқар тау әкемізді мәңгілік сапарға шығарып салдық. Бауырлармен бірге өзіміз қалдық. Өте ауыр болды. Көшеге шықсаң, көпшілік жиналған жерге барсаң, бәрінің әкесі мен анасы қасында. Оларды көріп көңілім құлазып қалатын. Сыныптас, құрдастарымыздың ата-анасы қастарында болды. Қызықтым.
«Шіркін ай, ата-анам қасымда болса еш ренжітпес едім дедім. Жылдар өтті. Есейдік. Үлкен ағаларымның қамқорлығын көріп өстім. Шүкір дедім. Мен 17-18 жыл болса да ата-анаммен бірге ғұмыр кештім. Ал, балалар үйлерінде қаншама бала туа сала ата-анасыз өсіп жатыр. Сондықтан ата-анасы бар азаматтарға айтарым бар.
«Ата-ананың қадірін біл, ата-ананы ардақта» деп айтар едім, – дейді Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Жүсіпбек Совет.
Біз кейде барымызды бағалай білмейміз. Бәріміз үшін ең қастерлі де қасиетті, қымбат адам – әкеміз бен анамыз. Біз осы жағына кейде мән бермей оларды ренжітіп жатамыз. Көңілін қалдырамыз. Саған ата-анаңнан басқа кім елжіреп мейірімін төгеді. Соны назарға алдың ба? Ата-анаңа бір мәрте жылы сөз айттың ба? Ата-ананың жағдайын сұрап арнайы бардың ба? Осы сұрақты өзіңізге қойдыңыз ба? Ата-ананың мәңгілік қасыңда болмайтынын қаперге алған жөн. Ата-ана емес, жұбайының қабағына көп қарайтындар бар. Ата-ана емес, қайын жұртының сөзін сөйлеп, өз жұртына өкпелеп жүретіндер бар. Ал, баланың сол қателігін, шалағайлығын кешіретін де әке мен шеше. Сондықтан ата-ананы құрметтеуді шариғат та ерекше айтады. Әрбіріміз ардақты ата-анамызды көзінің тірісінде қадірлейік! Ол біздің Алла алдындағы парызымыз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Отан қорғау өмірлік ұстанымына айналған жауынгер
- 22 шілде, 2025
Әскердің әлеуеті – білікті маман
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді