
Оқу ордасының мәжіліс залында өткен жиынға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі орталық комитетінің маманы Айдарбек Бектабанов, Салалық кәсіподақ Орталық комитетінің бас маманы Есбол Мұханбетқалиев және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Университет қызметкерлерімен болған жиынды жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Сәбенұлы:
«Бүгін біз өздеріңізбен университетте бастауыш кәсіподақ ұйымын құру үшін жиналып отырмыз. Кәсіподақтың басты міндеті – еңбек адамының мәселесін шешу. Осы ретте алдарыңызға бір мәселе қойып отырмын, ол – «еңбек ұжымына бастауыш кәсіподақ ұйымы керек пе?» деген сұрақ. Алдымен осы мәселені шешіп алып, одан ары қарай жұмысымызды, жиын регламенті мен күн тәртібін бекітіп алсақ қалай қарайсыздар?», – деген ұсыныс тастап, көптің назарын өзіне аударды.
Ұсыныс университет қызметкерлері тарапынан қолдау тауып, жиын өз тәртібімен талапқа сай жүргізілді. Келелі басқосуда сөз алған орталық комитетінің маманы Айдарбек Бектабанов мекемеге бастауыш кәсіподақ ұйымының не үшін керек екендігіне тоқталып, түсіндіріп өтті.
«Таңдау еркі өздеріңізде. Кәсіподақ ұйымына мүше болып енген әрбір еңбек адамының құқығы ұжымдық шарт негізінде қорғалады. Сондай ақ тиісті сауықтыру шараларымен де қамтыласыздар. Сіздердің тараптан қандайда бір сұрақ туындаса, әрбір кәсіподақ мүшесіне тиісті деңгейде құқықтық көмек беріледі», – деп атап өтті.
Сөйтіп олардың республикамыздағы ұлттық статусқа ие университеттер сияқты орталық комитетке тікелей қарауына немесе өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалу таңдауына ие екендерін ескертті. Жиын тізгінін қолына алған Ерұлан Сәбенұлы күн тәртібімен таныстырып, басқосудың тиісті талаптарын шегелеп, нақтылап алды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын сайламас бұрын, алдымен комиссия құрамын анықтап алу керек болды. Залдан түскен ұсыныстар негізінде 15 үміткер комиссия құрамына ұсынылды. Үш адам өз еркімен бас тартты. Қалғаны дауысқа салынып, ашық сайлау нәтижесінде 9 адам таңдап алынды. Осы тоғыз адамның ішінен 4 адам бастауыш кәсіподақ төрағалығына ұсынылды. Мұнда да 2 адам бас тартты. Дауысқа екі адам түсті. Сөйтіп басым дауысқа ие болған университет оқытушысы Мұхтар Юсупов төраға болып сайланды.
Сондай-ақ бақылау тексеру комиссиясының құрамы бекітілді. Осыдан кейін университет қызметкерлері алдында бір таңдау тұрған еді. Ол – республикалық орталық комитетке тікелей қарауына немесе өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалу таңдауы. Мұнда да ұжым мүшелері өз көзқарастарын ортаға сала отырып, өңірлік кәсіподаққа бағынысты ұйым болып қалуды жөн көріп, дауыс берді. Сөйтіп жергілікті салалық кәсіподақ ұйымы тағы бір айтулы, ұлттық университет мәртебесіне ие бастауыш кәсіподақ ұйымымен толықты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Шалғай ауданда шаруа шаш етектен...
- 15 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді