«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз құрамасы – тұғыр биігінде

Тараз құрамасы –  тұғыр биігінде
Автор
Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділдіктен айнымаулары қажет. Сондай ақ олар салауатты өмір салтын берік ұстанып, құқықтық сауаттылық пен өнегелі тәртіпті дәріптеулері керек. Жиырма екі жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған қарардың негізінде кәсіби мерекелерінің қарсаңында мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастырып үлгерген жамбылдық мемлекеттік қызметшілер дәстүрге сай бұқаралық спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Бұл күні Тараз қаласы мен өңіріміздегі 10 аудан және түрлі департаменттер мен басқармалардың өкілдері ләңгі, армрестлинг, жүзу, арқан тарту, секірмек, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика және қазақ күресінен өзара кіл мықтыны анықтады.

Облыс орталығындағы «Ұлан» стадионында өткен тартысты өткен дода барысында аймақ көлемінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жеңіске жету жолында аянып қалған жоқ. Сайыс кезінде бірі желаяқ атанса, өзгелері басқа спорттан да құр алақан еместігін дәлелдеді. Жарыстың ашылу салтанатында ең әуелі сөз алған мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрқат Батырқұловтың айтуынша, спартакиада барысында қатысушылар достық пен ынтымақтастықтың және әріптестік қарым қатынастың ерен үлгісін көрсеткен.

– Спорт – денсаулықтың кепілі. Десе де, біз жарыс барысында спорттың мемлекеттік қызметкер арасындағы тығыз байланыстың кепілі екенін анық аңғардық. Кез келген мемлекеттік қызметші күнделікті жұмыста өзінің кәсіби шеберлігін көрсетіп қана қоймай, осындай спорттық жарыстарда салауатты өмір салтын қолдайтындықтарын байқатуы тиіс, – деген Н.Батырқұлов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұловтың сөзінше, мемлекеттік қызметшілер арасындағы бәсі биік бәсекеге бас-аяғы 300-ге жуық адам қатысқан.

«Жарысты өткізудегі басты мақсат – мемлекеттік қызметшілерді бұқаралық спортқа тарту», – деді ол.

Сонымен, тартысты өткен сайыс нәтижесінде, Тараз қаласының намысын қорғаушы құрама үздік деп танылса, облыстық аумақтық инспекциясының командасы жүлделі екінші орынға жайғасты. Ал үздік үштікті жуалылық қыз-жігіттер мен Шу ауданынан келген мемлекеттік қызметшілер түйіндеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар