«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бала жүрекке қуаныш сыйлаған жазғы лагерь

Бала жүрекке қуаныш сыйлаған жазғы лагерь
Автор
М. Әуезов атындағы №33 орта мектебі жанынан ұйымдастырылған «Балдаурен» жазғы лагері 2025 жылғы жазғы демалыс маусымында өз жұмысын белсенді бастады. Балалар үшін шаттық пен шабыт сыйлаған бұл лагерьде әр күн мәнді де мазмұнды, таным мен тәрбиеге, шығармашылық пен спортқа толы болып өтті.

Лагерьдің мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, ой-өрісін кеңейту, өнерге, білімге, салауатты өмір салтына баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Лагерь жұмысын үйлестіріп, жоғары деңгейде ұйымдастырған мектеп директоры А.Ботамқұлова мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Отаркосова балалардың қауіпсіздігі мен белсенді тынығуын назарда ұстап, әр күнді мазмұнды өткізуге ұйытқы болды.

Лагерьдің алғашқы күні – «Танысу күні» ретінде өтіп, балалар бір-бірімен жақын танысып, отряд атауларын ойлап тауып, ұрандар жазып, танысу ойындары арқылы алғашқы достық қарым-қатынас орнатты.

Екінші күн – «Спорт күні» болып, балалар «Жазғы спорттық мүмкіндіктер» жобасы аясында түрлі жарыстар мен эстафеталарға қатысып, белсенділік танытты.

Үшінші – Патриот күні «Ұлы дала кереметі» жобасымен ұштастырылып, оқушылар Отан туралы өлеңдер оқып, патриоттық бейнероликтер тамашалады. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай сағат 11:00-де мектеп ауласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны бір мезетте орындалды.

Төртінші күн – «Табиғат күніне» арналды. «Green Timе» жобасы барысында табиғат аясында серуен ұйымдастырылып, экологиялық тәрбие сағаттары өткізілді. Балалар табиғатты қорғау туралы бейнеролик көріп, өз ойларымен бөлісті. «Таланттар күні» деп белгіленген бесінші күні «Жас талап» вокал және «Әсем-ай» би үйірмелерінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салып, көрермен ықыласына бөленді.

Алтыншы күн – «Құқық күні» болды. Балаларға «Заң және тәртіп» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, құқықтық сауаттылық жайлы танымдық әңгіме жүргізілді. Бұл күні балалар бассейнге барып, қызықты әрі белсенді демалыс өткізді.

Жетінші күн – «Шебер қолдар» күні ретінде өтіп, «Art Qol» үйірмесінде балалар түрлі материалдардан бұйымдар жасап, шеберліктерін шыңдады. Ең үздік жұмыстар көрмеге қойылып, марапатталды.

Сегізінші күн – «Ұлттық салт-дәстүр күні» болып белгіленіп, оқушылар ұлттық киімдер киіп, қазақтың салт-дәстүрлерімен танысты. «Тілі байдың – ойы бай» үйірмесі аясында мақал-мәтелдер сайысы, ұлттық ойындар мен салтқа қатысты шағын сахналық көріністер ұйымдастырылды.

Тоғызыншы – Кітап күні «Кітап – білім бұлағы» ұранымен өтіп, оқушылар сүйікті кітаптарымен бөлісіп, «Poliglot» үйірмесі аясында қазақ, орыс, ағылшын тілінде әдеби кейіпкерлерді таныстырды. Соңғы оныншы күн – Көңілді естелік күні ретінде атап өтіліп, «Ойын Land» жобасы аясында түрлі ойындар, флешмобтар, фотосессиялар, естелік ленталар мен Алғыс хатына дейін қамтылды. Лагерьдің жабылу салтанаты балалардың есінде мәңгі сақталатындай әсерлі өтті.

Лагерь барысында жұмыс істеген үйірмелер қатарында «Art Camp» бейнелеу өнері үйірмесі, «Art Qol» қолөнер үйірмесі, «Poliglot» ағылшын тіл үйрету үйірмесі, «Әсем-ай» би үйірмесі, «Жас талап» вокал үйірмесі, «Тілі байдың – ойы бай» көркемсөз, тіл байыту үйірмесі ерекше белсенділік танытты. Сонымен қатар әр күн «Жазғы спорттық мүмкіндіктер», «Ұлы дала кереметі», «Green Timе» және «Ойын Land» жобаларымен ұштастырылып, әр баланың қызығушылығы ескеріліп, жан-жақты дамуына жағдай жасалды.

«Балдаурен» лагері – тек демалыс емес, бұл – бала жүрегіне қуаныш сыйлайтын, достықты, бірлікті, өнер мен білімге құштарлықты ұштастырған ерекше алаң. Балалар лагерьден жарқын естеліктер мен жаңа достар тауып, қуанышты көңіл-күймен оралды. Ұйымдастырушылар мен тәрбиешілерге балалар мен ата-аналар атынан алғыс білдіріледі.

 

Ақерке ОТАРКОСОВА,

М.Әуезов атындағы №33 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар