Құрманбек Әлімжан – «Құрметті журналист» ал «Алтын медаль» Сағындық Ордабековке бұйырды
- author «Ақ жол»
- 21 маусым, 2025
- 357

Аталған байқау БАҚ-тың кәсібилігін арттыру, беделін көтеру, ел азаматтарына шынайы ақпаратты көбірек ұсыну және журналистердің құқықтарын кеңейту мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл байқауға 68 журналист қазақ тілінде 300-ден астам жарияланым, ал 92 журналист орыс тілінде 460 қа жуық материал жолдаған.
Бұл деректер журналистер арасындағы өзара ынтымақтастыққа құрылған кәсіби бәсекелестіктің арта түскендігін айғақтайды. Әділқазылар шешімімен биыл облысымыздан «Құрметті журналист» атағына «Aq jol» газетінде ұзақ жыл қызмет еткен әріптесіміз Құрманбек Әлімжан лайық деп танылды.
Қырық жылға жуық журналистика саласында аянбай тер төгіп, қалам ұшымен киелі Қордай жерінің тарихын түгендеп, аудан дамуына үлес қосқан еңбек адамдарын паш етіп жүрген қаламгердің жолы кейінгі буынға үлгі екені сөзсіз. Оның журналистика саласынан бөлек көркем публицистикалық жанрда жазылған «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Бұхар баба», «Қаламым – алтын қазынам», «Парасат биігінде» атты кітаптары бұған дейін де оқырман тарапынан жылы қабылданған.
Ақпарат саласындағы ерен еңбегі үшін Құрманбек Әлімжан әр жылдары «Астананың 10 жылдығы», Қазақстан Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдық медальдарымен, Қазақстан Журналистер одағының және облыс әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Қордай ауданы әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, Қордай ауданының Құрметті ардагері атанған.
Сонымен бірге байқауда Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалінің» иегерлері анықталды. Аталмыш марапат экология саласындағы қоғамдық пайдалы қызметі үшін, балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетудегі қайырымдылық жұмысы үшін елдің саясаткерлеріне, қоғам қайраткерлеріне, журналистер мен азаматтарға табысталады. Бұл марапатқа өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер және кәсібінде сіңірген ерен еңбегі мен көпжылдық жетістіктері үшін ие өзге де азаматтар бола алады.
Биыл облысымыздан бұл атаққа Журналистер Одағының мүшесі, хирург, ғылым докторы, профессор Сағындық Ордабеков лайық деп танылды. Сағындық Ордабековтің проблемалық мақалалары, суреттемелері мен эсселері облыстық, республикалық БАҚ-та тұрақты жарияланып тұрады. Оның қаламынан туған оқу құралдары еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттерге дәріс беруде кең қолданылуда.
Бұдан бөлек ғалым «Көкіректегі күмбірлер», «Іште қалған сөз де жетім», «Беймаза дүние», «Әріптестер әлемі», «Мың құбылған тіршілік», «Көсегенің Көкжоны» секілді бірнеше әдеби кітаптардың және 400-ден аса ғылыми жарияланымның авторы. Аталмыш марапат қалам иесіне қоғам дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Атап айтқанда, бүгінде оның бастамасымен өзі туып өскен Сарысу ауданы Үшбас ауылында фельдшерлік пункт салынған.
Сондай-ақ ол 200 адамға арналған асхананың құрылысын қаржыландырып, туған ауылының мазарына апаратын жол салып, ауылдық мектептің үздік оқушыларына жыл сайын 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындап келеді. Бұдан бөлек байқауда Атырау облыстық Журналистер одағы филиалы тағайындаған Әбділдә Мұқашев атындағы сыйлыққа «Umarov-news» басылымының журналисі оралдық Талғат Умаров ие болды. Ал фотожурналист Рахымбай Ханалин атындағы сыйлық Photooner.kz ақпараттық-білім беру сайтының фоторепортері Қуанышбек Қариге табысталды.
Байқаудан тыс жұмыс ретінде Олжас Сүлейменов атындағы халықаралық публицистика сыйлығы жазушы Ұлықбек Есдәулетке берілді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Саябақ жөнделіп, кіреберіске арка салынуда
- 24 шілде, 2025
Қалаға қосылған елді мекендердің мәселесі ескерусіз қалмайды
- 24 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді