
Серік Жақсылықұлы ізгі лебізінде әлдеқашан зейнет жасына шықса да, өңірдің қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалмай, мәдениет пен руханиятының қарыштап дамуына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ақылман ақсақалға азаматтық алғысын білдірді. Сондай ақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хатын табыстады.
«Құрметті Елен Әбдуатұлы! Сізді 80 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Көрнекті қаламгер ретінде Сіздің есіміңіз елімізге жақсы таныс. Д. Исабеков, Т.Әбдік, Т. Нұрмағамбетов бастаған көрнекті жазушылармен бірге әдебиетке қатар келіп, өнімді еңбек еттіңіз. Сондай-ақ сіздің бірқатар драмалық шығармаңыз еліміздің театрларында кеңінен сахналанды. Сіз баспасөз саласында да ұзақ жылдар еңбек етіп, қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Қоғамдағы адамгершілік қағидасы, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы – сіздің шығармашылығыңыздың алтын арқауы. Сіздің әдебиет саласында да, журналистика саласында да лайықты орныңыз бар деп білеміз. Мерейлі сәтте Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!», – делінген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлының мерейтой иесіне деген ыстық ықыласқа толы құтттықтау хатында.
Сондай-ақ мерейлі жас иесін құттықтап барған облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, «Aulieata media» серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы мен облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз алып, талай қалам ұстаған жалынды жасқа ұстаздық еткен қаламгерге ақжарма тілегін жеткізді. Елен Әбдуатұлын өзіне құрмет көрсете келген сыйлы қонақтарды төрге оздырып, ақ дастарқан басында ақ батасын берді.
Жазушы өңірдегі Талас ауданына қарасты Көмекші ауылында (кейін Аққұмға қосылған) дүниеге келген. Ол еңбек жолында әр жылдары Қазақ телестудиясының комментаторы, облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі, телерадио компаниясының төрағасы, «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ энциклопедиясы» баспасында жетекші маман, «Алтын шырақ» журналының жауапты шығарушысы, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы ақпараттық талдау орталығының бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Сондай ақ «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығында да ұлт руханияты жолында қалтқысыз қызмет етті. Қаламгердің көзіқарақты оқырманға кеңінен танымал «Оралу», «Көріпкел», «Ақ періште – арманым», «Тақталас», «Толық адам туралы», «Бауыржанның пырағы» және «Адамгершіліктің ақ жолы» мен «Анажар» атты толымды туындылары күллі адамзат баласын ізгілікке үгіттейді.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ.
Ұқсас жаңалықтар
Тендерден 898,9 миллион теңге үнемделген
- 12 шілде, 2025
Тұрғындары аз ауылдарға да ауыз су тартылады
- 12 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді