
Жоспар бойынша 2029 жылға дейін теміржол желілерінің 11 мың шақырымы жөнделеді. Биыл 1,48 мың километр жолды қалыпқа келтіру жоспарланған. Көлік министрлігінің мәліметінше, елде 125 вокзал жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде Тараз темір жол вокзалы да бар. Тек қаламыздағы вокзал ғана емес, Шу, Боранды және Отар стансалары да жөндеуден өтпек. Едені ескі, әжетханасы мен асханасы көнерген вокзал негізі 2021 жылы қайта жаңғырту жұмыстарынан өткен. Темір жол саласындағы үнемі орын алатын билет тапшылығы, қызмет түрінің толассыз қымбаттауы, ескі вагондар, кестенің бұзылуы және ол үшін өтемақы алу жүйесінің жолға қойылмауы сынды көпшілікке мәлім жауыр болған тақырыптар әлі күнге дейін бар.
Тараз темір жол станциясы 1986 жылы салынған. Мұнда соңғы рет жөндеу жұмыстары 2013 жылы және 2021 жылы жүргізілген. Алайда сыртқы қасбеті, шатыры, сыртқы дизайны, аллея жасалынып, ішкі жұмыстары жасалынбаған. Олардың ішінде 21 вокзал танымал туристік бағыттарда орналасқан. Сондай-ақ биыл жазда пойыздарда 1 миллионға жуық қосымша орын ұйымдастырылмақ. Яғни, 7 миллионнан астам жолаушыны тасымалдау жоспарланған. Өйткені бұл жолы 12 жаңа бағыт ашылып, теміржол қызметінің қолжетімділігі артады.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, күрделі жөндеуге жататын теміржол вокзалдарының тізбесін жасаған. Бұл тізімге облыстағы бес теміржол вокзалы кіреді.
Атап айтқанда, Тараз вокзалы, Шу, Боранды және Отар станциялары. Станцияларды күрделі жөндеуге қаражат республикалық бюджеттен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы бөлінеді. Станциялардың теңгерім ұстаушысы – «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» акционерлік қоғамы. Іргелес аумақтарды жөндеу әрі абаттандыру жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жұмыс жартылай басталып, арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылуда. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту жұмыстары жүргізілуде.
– Шын мәнінде, теміржол – ел экономикасының негізгі күретамыры. Жалпы жүктің шамамен 40,0 пайызы, жолаушылардың 60,0 пайызы теміржолмен тасымалданады. Өңірде бірнеше компания вагон жөндеу және локомативке қызмет көрсетумен айналысуда. «ЖамбылРемСервис» кәсіпорнында өткен жылы жоспарлы жөндеуден 3 526 вагон, ағымдық ажырату жөндеуден 231 вагон өтті. «Қамқор Локомотив» кәсіпорнына қарасты Тараз және Шу локомотив жөндеу деполарында 448 локомативке техникалық қызмет көрсетіліп, 100 дизельді тепловоз жаңартылды. Шу стансасында жылына 200 локомотивке дейін техникалық қызмет көрсететін және жөндеу жүргізетін сервис орталығы іске қосылды. Биыл 52,7 шақырым магистральды теміржолды күрделі жөндеу, Шу станциясында 4 қосымша жолды салу жоспарланып отыр. Сол сияқты, бұзылып кеткен Бірлік-2 станциясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Осыдан соң Шу станциясының жөнделу барысы туралы сұрастырдым. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков станцияның жай-күйі мен қазіргі жайы туралы айтып берді.
– Шу қаласының кіреберіс қақпасы саналатын теміржол вокзалын қайта жаңғырту, оны абаттандыру сынды мәселе бұған дейін де көтеріліп, оны ертерек қолға алу туралы мәселе күн тәртібіне қойылған. Бүгінде аталмыш бастама Көлік министрлігі тарапынан қолдау тауып, енді міне, вокзалды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Қазіргі таңда темір жол вокзалындағы жолаушылар ағымы тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Бір мезетте 3 жолаққа да пойыз тоқтайтын сәттер болады. Осы ретте аудан әкімдігі тарапынан вокзалдың перроны мен алдыңғы бөлігін абаттандыруға қатысты жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары жасалғанын да айта кеткен жөн. Сәтін салса, вокзалды қайта жаңғырту жұмыстары жуық арада басталатын болады, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Жалпы темір жол саласында айтылып жатқан мәселелер өте көп. Соның бірі мамыр айында хабар тарату жүйесінің бұзылуына байланысты. Диспетчерлердің далаға шығып өз ауыздарымен хабарландыру жасап жүргенін көрген қала тұрғындары редакциямызға да хабарласты. Пойыздардың келу-кету кестесін дыбыс күшейткіш құрал арқылы хабарлағандығы туралы әлеуметтік желілерде де желдей есті.
– Осыдан екі аптадай уақыт бұрын бір әріптесім «Темір жол вокзалында поездардың келу-кету кестесін диспетчер механикалық дыбыс күшейткіш құрал рупор арқылы вокзалдың перронына шығып хабарлайтын болыпты. Себебін сұрасақ «вокзалдың хабарлама тарату жүйесінің қызметін пайдалануға қаржы жоқ», – дегенді айтқанда аса мән бермеген едім.
Уақытша жөндеу, профилактикалық жұмыстар жүріп жатқан болар дедім де қойдым. 1 мамыр күні Астанаға билет алмақ болып барғанымда мұны өз көзіммен көрдім. Қоғам жасанды интеллектінің бар игілігін көріп, цифрландыру, автоматтандыру, жаңа технологиялар еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі барлық буынның өміріне дендеп кіріп кеткен уақытта, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінен өтіп жатқан тұста мемлекеттің ішіндегі кіші мемлекет саналатын «Қазақстан темір жолы» сынды алпауыт ұлттық компанияның хабарлама жасау жүйесін ұстап тұруға қаржысы жоқ дегенге сенер-сенбесімді білмедім.
Купеде Таразға той-құдалыққа келіп Бурабай өңіріне сән-салтанатымен қайтып бара жатқан құдалар:
«Апыр-ай, Жамбылдың қонақжайлығы керемет, бірақ вокзалда пойыз кестесін перронға шығып хабарлайтыны қызық екен?», – деп сұрап қалса, қалай жауап беремін деп өзімнен өзім қуыстанып, ұйықтағанша кіріп-шығып қашқақтап уақыт өткіздім», – дейді куәгерлердің бірі Ерұлан Мағзымбеков.
Еске салсақ, сәуір-мамыр айларында Тараз темір жол вокзалындағы хабар тарату жүйесі бұзылған. «Мамырдың ортасында хабар тарату жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ондай олқылықтар қайта орын алмайды», – дейді Тараз темір жол диспетчерлері.
Бір қуанарлығы, әбден тозған теміржол биыл жөндеуден өтіп, жаңғыратын болды. Тоғыз жолдың торабындағы темір жол халық игілігіне жараса игі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Саябақ жөнделіп, кіреберіске арка салынуда
- Бүгін, 01:22
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді