
Тараз қаласында өткен осынау жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, жарық көрген туындының жас ұрпақ тәрбиесіне берер маңыздылығына тоқталды. Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, өңірдің сыйлы ақсақалы Қасымхан Төлендиев, белгілі кәсіпкер Арқабек Төлебаев әсерлі ой қозғады.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, кітап авторы Мұхамеджанның ұстазы Айтмұханбет Исақ, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Бексұлтанова, халықаралық «Қонаев қорының» облыстық филиалы қызметкері Нұғман Сүлетай, облыстық «Қазақстан Тараз» телеарнасының шеф-редакторы Жалғас Саңғыл ағынан жарылып ақ тілектерін айтты.
Жерлестерінің алдында сөз алған Мұхамеджан Тазабек кітаптың жалпы мазмұнына кеңінен тоқталып өтті. «Аллаға шүкір, елудің есігін ашып тұрмын. Алла маған ерекше тағдыр тарту етті. Алла мені төрт жасымда әкеден айырғанымен, төрт құбылама айналар тұлғаларға тізгінімді ұстатты. Он жасымнан өлең жаздым. Он үшімде айтыскер болып аймаққа танылдым. Он алтымда қазақ халқының сүйікті перзенті Дінмұхамед Қонаевтың үйінде болып, батасын алдым. Берілген сол баталар әлі күнге тасымды өрге домалатып, басымды биікке шығарып келеді.
Қазір барлық адам сауатты. Әлемнің барлық ақпараты көз алдыңда тұр. Интернет қосулы, кітапхана ашық. «Сонда елге не керек, көпке не жетпей тұр?» деп ойландым. Халыққа көп сөз емес, түйін керек екен. Соны ұқтым. Тек ғана өзім куә болған кездесулер мен әсерлі сәттерді жаздым» деп ағынан жарылды ақын.
Осылайша Еркінбек Солтыбаев, Арқабек Төлебаев, Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған жерлес ағаларының қатысуымен «Енді айтуға болады» кітабының тұсауы кесілді. Алматыдағы «Жедел басу» баспасынан 592 бет, 10 мың данамен жарық көрген кітаптың айтары көп. Кітап «Атамнан ақыл, әжемнен әдеп. Анамнан сабыр үйрендім» деген отбасы құндылығына қатысты тараумен басталады.
«Әлемге әсер еткендер» атты екінші бөлімінде Қонаевтан алған ғибраттары, еліміздің бірінші Президентімен қажылыққа бірге барған сапары, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алған кездегі қызықты сәттер, Түркия президенті Ердоғанмен, еліміздің белгілі қайраткер азаматы Иманғали Тасмағамбетовпен әсерлі кездесулері нанымды баяндалады.
«Аузы дуалы, ісі мәуелі ағалар» атты бөлімі «Шерхан Мұртазаның шарапаты», «Мәрт жүректі Мырзатай», «Әбіш Кекілбай ағаның үйіндегі әңгіме» деген тақырыптарымен-ақ тартып әкетеді. Келесі тараулардан да көңілге түйетін тағылым көп. Жерлесіміз Мұхамеджан Оразбайұлының жаңа кітабы құтты болсын. Оқып, ой түюге асығыңыздар, ағайын!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жазушы, драматург Елен Әлімжан – 80 жаста
- 18 маусым, 2025
Педагог Пушкин туралы кітап жазды
- 16 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді