«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

23 ауылдың 20-сында таза ауыз су бар

23 ауылдың 20-сында таза ауыз су бар
Ашық дереккөз
Батырлар мен ақындар мекені саналатын Талас ауданында жүзеге асып жатқан жаңашыл істер аз емес. Атап айтқанда, биылғы мамыр айына дейінгі мәлімет бойынша ауданда өнеркәсіп өнімдері 12,9 миллиард теңгені құрап, нақты индекс көлемі 105,6 пайызға орындалған. Атап айтқанда, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібі -90, өңдеу өнеркәсібі – 111,2, электрмен жабдықтау -114,6 пайыз көрсеткішке жеткен. Осы және өзге де толымды ақпараттар жайлы Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, аталған өңірде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5 миллиард негізгі капиталға салған инвестициялар көлемі 11,3 миллиард теңгеге жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты көлем индексі 234,9 пайызға орындалған. Сонымен қатар, жеке және кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1,4 миллиард теңгені құраса, ауданда құрылыс жұмыстары 2,6 миллиард теңгеге жетіпті.

Нақты индекс көлемі 2343,4 пайызды құрауы – жоғары көрсеткіш. Құрылыс саласын таратып айтар болсақ, 3 елді мекеннің және Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайының ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталса, Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысы жалғасын тапқан. Қаратау қаласының орталығында тұрған ескі қонақ үйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту, аудан орталығындағы орталық жылыту қазандығының мазут шаруашылығын қайта жаңғырту жұмыстары айтарлықтай ауқымды істер.

Қаратау қаласының жылу жүйесінің қайта жаңғырғанына, ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасып жатқанына тұрғындар қуанышты. Қаратау қаласында және ауылдық округтерде көшелерді қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Аудандағы әлеуметтік мәселелердің бірі – тұрғындарды тұрғын үймен қамту.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 7051 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,5 пайызға артығымен орындалыпты. Аталған аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда ауыл шаруашылығы саласының алатын орны ерекше. Биылғы мамыр айындағы мәлімет бойынша, ауыл шаруашылығы өнімі 4,0 миллиард теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 102,0 пайызға орындалыпты.

Нұрбол Әбдімажитұлының айтуынша, ауданға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу бағытында елеулі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осыған байланысты, 2023-2027 жылдары құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленген. Жобалар іске асырылған жағдайда 450 адам жұмыспен қамтылатын болады. Атап айтқанда «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын цианид натрий өндірісін ұлғайту жобасының 2 кезеңінде жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін натрий цианидін өндіру көзделуде.

Нәтижесінде 300 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақшы. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2026 жыл болып белгіленген. Қазіргі таңда өндірісте 600 адам жұмыс жасауда. Сонымен қатар «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 2,88 миллиард теңгені құрайтын пиросульфат натрий өндіру жобасы да ұлғайып жатыр.

Кәсіпорын ендігі жерде жылына 25 мың тонна өндіруді, тағы 30 азаматты жаңа жұмыс орнымен қамтуды көздейді. «Asia NST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 476,8 миллиард теңгені құрайтын мрамор өндіру жобасы да ірі мақсатқа құлаш сермеп отыр. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна мрамор өндіруді, 30 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтуды назарға алып отыр.

Сонымен қатар, «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қаратау әктас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүшесі болып, «Жамбыл Недр» ЖШС аумағында қуаттылығы 400 тоннаға дейін 1 және 2 сортты әктас шығаратын әк өндіру зауытының құрылысының инвестициялық жобасын бастапты. Қазіргі таңда 1,7 миллиард теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болады. Инвестицияның жалпы сомасы 2,0 миллиард теңгеге жеткен.

Аталған ауданда ауыл шаруашылық жұмыстарында да едәуір оң нәтижелер бар. Мамыр айындағы мәлімет бойынша, биыл жалпы мал 491993 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32854 басқа өскен. Яғни, 7,1 пайызға артқан. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара – 30231, қой-ешкі – 443508, жылқы – 15994, түйе – 2260 басты құрады. Аудан бойынша барлық егістік жер – 22 359 гектар. Бүгінгі таңда 2025 жылдың өнімі үшін барлығы 12 145 гектар (2024 жылы 11 648 гектар) алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, оның ішінде: күздік бидай 4500 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4125 гектарды құрапты. Көктем айларында 3520 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, атап айтқанда, 1050 гектарға жаздық арпа, 635 гектарға мақсары, 10 гектарға күнбағыс, 100 гектарға картоп, 275 гектарға бақша, 165 гектарға көкөніс, 25 гектарға пияз, 85 гектарға қызылша және 910 гектарға көпжылдық шөп және 265 гектарға жүгері себіліп, көктемгі егіс-дала жұмыстары толығымен аяқталды.

«Ауыл аманаты» жобасының 5 бағыты бойынша, бүгінгі күнге Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден 341,6 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба жинақталып, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылып, 197,4 миллион теңгені құрайтын 29 жоба қолдау тауып, қаражаты берілді. Ауданда 23 елді мекен бар. Ауылдық жерде 19745 адам тұрып жатыр. Оның ішінде 17 елді мекені газдандырылған немесе 73,9 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.

2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704,0 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша жеткізуші газ құбырының құрылысына республикалық және аудандық бюджеттен 555,6 миллион теңге бөлініп, «Газ-Сервис» ЖШС мердігер болып анықталды.

Аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ жүйесінің құрылысына ЖСҚ әзірленген, жоба құны 995,8 миллион теңге. Көктал ауылының газ тарату желісінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген, жоба құны 1261,0 миллиард теңге. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында аудандағы С.Шәкіров ауылындағы 4, Аққұм ауылындағы 3, Ойық ауылындағы 1, Ақкөл ауылындағы 2 және Бостандық ауылындағы 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 212,4 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Сонымен қатар Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге, Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 141,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтауға 427,1 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Мердігер – «Әл-Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі танда ауданда 23 елді мекеннің 20 елді мекені немесе 87,0 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылы Қожағаппар, Сейілбек елді мекендерінде су құбырының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне берілді. Қараой ауылында су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 267,2 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған кері осмос қондырғысы бар модульдік контейнерлік блоктарын орналастыруға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жалғасуда.

Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайды. Оның ішінде: 394,1 шақырымы облыстық, 193,49 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Ағымдағы жылы қала және елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Қаратау қаласында 10 көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 329,6 миллион теңге бөлініп, «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серктестігі мердігер болып анықталды.

Бөлтірік шешен, Майтөбе, Көктал, Қызыләуіт, Есейхан, Тамабек ауылдарында 14 ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 538,5 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге 13 көшені жөндеуге «Тараз Көлік Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып анықталды.

Бөлтірік шешен ауылындағы 1 көшені орташа жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға 2025 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 45 маманға көтерме жәрдемақыға 17,694 миллион теңге көзделіпті.

Тұрғын үй сатып алу үшін 10 маманға 78,640 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге көтерме жәрдемақы 15 маманға 5 миллион 898 мың теңге беріліпті. Оның ішінде білім саласында 9 маман, денсаулық сақтау саласында 2 маман, спорт саласында 1 маман, мемлекеттік қызметтегі 3 маман өздеріне тиесілі қаражаттарын алған. Аудан басшысы алдағы жоспарларына да кеңінен тоқталды. Жиын соңында Нұрбол Жүнісбеков ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар