
Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков, Баттал Жаңабайұлы бағалаған, басын иген – Ақкөл бұл. Белгілі көркемсөз шеберлері Ерғали Сағат, Қайнар Олжай Ақкөлге аялдады. Қасиетін бағалады, тақырыптарына арқау етті. Әйгілі Шона Смаханұлы осында ұстаздық етті. Белгілі жазушы Оспанәлі Иманәлиев, белгілі айтыс ақыны Шорабек Айдаров ұзақ жыл сол Ақкөл ауылын мекен етті. Оспанәлі ақсақал Ақкөлдің тұрғыны бола жүріп, бірнеше кітаптар жазса, республикалық, халықаралық айтыстардағы негізгі бас жүлделерін алған уақытта Шорабек Айдаров Ақкөл ауылының тұрғыны еді.
Композиторлар Қуандық ағай, Дәулетхан Әбденбаев, Әуезхан Салабеков бір-бір биік төбе емес пе? Кешелері Ақкөлдің көшелерінде Әбілқайыр Сатыбалдин, Тамабек Қартабаев, Оразбек Баймұратов аталарымыз, Бекзада Оразбекова, Айша Сайпова апаларымыз алшаң басып жүрді. Танымал шопан Әскербек Баржықов егізден төл өргізді.
Ақкөлдің көшелерін Әбдірахман Әбдірәсілов, Мүтәліп Ережепбайұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, Әскербек Құйқабайұлы, Сәулембай Әбсадықұлы, Телғара Үсенбайұлы, Нарша Қашағанұлы, Серік Томанов, Баймаханбет Ахметұлы әрі-бері кезіп, шалқар шабыт іздеді. Танымал боксшы Жанқош Тұраров та Ақкөлдің азаматы. Талантты композитор Сәрсенбек Бәкірдің «Ақкөл – Талас» деп ән жазуы да бекер емес.
«Аққулар» әнін жазған Орынбасар Әлжаппаровтың да жүрегі Ақкөл деп соқты емес пе? Қаншама Социалистік Еңбек ерлері, қаншама Ұлы Отан соғысының ардагерлері осы ауылда тер төгіп еңбек етті. Олардың әруағына бас иіп құрмет жасау – бүгінгінің парызы. Ақкөл дегенде еске түсер бірнеше белгілі тұлғаларға тоқталдық. Аудан орталығы болған кешегі Ақкөлден де тағылым көп тарады.
БҮГІНГІ АҚКӨЛДІҢ ЕҢСЕСІ ЖОҒАРЫ
Қанша қиын уақыттан өтсе де, Ақкөлді тастамаған, аяулы Ақкөлдің қиындығын бірге кешкен, ауылдың еңсесін бірге көтерген адамдар бар. Солардың арқасында Ақкөл ауылдық округі болып сақталып тұр. Қазір Ақкөл ауылында 2073 адам тұрады. Округ бойынша 411 аула бар. 2 орта мектепте 414 оқушы білім алып, 77 мұғалім еңбек етеді.
Ауыл балабақшасы 90 баланы мектепке дейінгі мекемемен қамтып отыр. 200 орындық №6 Арнаулы қызметтер ұсыну орталығы жұмыс істейді. Осы мекеме жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның да көпшілігі ақкөлдіктер. Ауылдың спорт мектебінде 5 үйірме бойынша 201 оқушы жаттығып жүр.
Болашақ чемпиондардың жолдары сәтті болғай. Ауылда еңселі спорт кешені ел игілігіне берілген. Ол жерде іс-шаралар үнемі өтіп, ауыл жастары уақытын тиімді өткізеді. Ауылдық өнер мектебі 3 үйірме бойынша 203 оқушының шеберлігі мен шығармашылығын шыңдай түсуде. Ауылдық өрт сөндіру бекеті, ауылдық дәрігерлік амбулатория, 10 орындық терапия бөлімшесі – талапқа сай.
Типтік үлгідегі мәдениет үйі 4 үйірме бойынша 64 оқушыны қамтылған. Ауылдық кітапхана, пошта, қазақтелеком және электр бөлімшелері, ветеринариялық пункт, бір мешіт, учаскелік полиция пункті жұмыс істейді.
Сонымен қатар 1 шағын маркет, 11 азық-түлік дүкені, 3 көлік желімдеу және жуу орталығы, 1 автобөлшек дүкені, 1 ветеринариялық дәріхана, 1 наубайхана, 1 жанар-жағармай және 1 газ құю бекеті, 1 шаштараз, 2 малға жем дайындау орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдық округте бүгінгі күні кірістер басқармасында 21 жеке кәсіпкер және 43 шаруа қожалық тіркелген.
АСЫРАУШЫ САЛА СЕРПІН АЛЫП ОТЫР
Ақкөл ауылдық округінің тізгіні төрт жылдан бері жас азамат Жандос Рәтовке сеніп тапсырылған. Жақында өткен сайлауда тұрғындардың көпшілік дауысымен Жандос Аманғалиұлы Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланды. Енді бұл азамат тарихи Ақкөл ауылын өрге бастыруға күш салатыны анық. Ауылдық округ бойынша барлық жер көлемі – 75 785 гектар. Сонымен қатар, ауылдық округ маңындағы жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша 5 шаруа қожалықпен 8 761 гектар жайылым жерге және 6 шаруа қожалықпен 444,8 гектар егістік жерге меморандум жасалыпты. Жалпы ауылдық округте жайылым жетіспеушілігі бойынша мәселе жоқ. Техника жаңарту бойынша ауылдық округтегі «Ердәулет» шаруа қожалығы 1 Беларусь 82.1 тракторы, қосымша 4 агрегат, «Мэлс» шаруа қожалығы 1 трактор Беларусь 82,1. «Бекен» шаруа қожалығы 2 Беларусь 82.1 тракторы, қосымша 2 агрегат, «Ермекбай» шаруа қожалығы 1 трактор Беларусь 82,1, 1 дана тіркеме. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша «Ақкөл – Агро» АШК 1 дана МТЗ 1221 тракторы мен 12 дана қосымша агрегат алды. Ауылдық округ бойынша жалпы мал санында өсім бар. Еңдігі негізгі мәселе – мал басын асылдандыру. Қой малының селекциялық асылдандыру жұмыстарымен 4 шаруа қожалық айналысады.
КӘСІПКЕРЛІККЕ БЕЙІМ ТҰРҒЫНДАР КӨП
Ағымдағы жылы «Бизнес-бастау» жобасы аясында 4 ауыл тұрғыны құжат өткізіп, 5,0 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Әбділдә Ақниет мал бордақылауға, Асқаров Қанат түйе алып, шұбат өндіру үшін, қайтарымсыз грантқа ие болды. Жыл басынан бері округ тұрғындары тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып кәсіп ашуға және кәсібін дамытуға ниет білдіріп, оның ішінде 21-35 жас аралығындағы «Жастар» бағдарламасы бойынша 1 жеке кәсіпкер 5,0 миллион теңгеге 10 бас жылқы алды.
Жеке кәсіпкер «Бақтияр Марғұлан» 5,0 миллион теңгеге 10 бас жылқы сатып алды. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 5 азамат 37,2 миллион теңге несие алып, 38 жылқы, 13 мүйізді ірі қара, 194 уақ мал алды. Мектеп түлектерін, жергілікті кәсіпкерлерді және ауылдан шыққан белгілі танымал азаматтарды тарта отырып ауылды көркейту, абаттандыру бойынша «Жомарт түлек» жобасы аясында 1987 жылғы 20 жылдық түлектері демеушілігімен 8 миллион теңгеге демалыс саябағы пайдалануға берілді. Ішіне әткеншектер мен ойын алаңшалары және лед экран орналастырылды.
Кешкі мезгнілде балаларға арналған анимациялық фильмдер көрсетілуде. 30 жылдық түлектердің демеушілігімен 2 отбасына газ кіргізіліп берілді. «Ауыл аманаты» жобасымен Ақкөл ауылдық округі бойынша 107 жоба мақұлданып, 600,6 миллион теңге 224 мүйізді ірі қара, 3420 қой, 489 жылқы, 16 түйе малы алынды. Жергілікті бюджет есебінен Д.Қонаев алаңы абаттандырылып, М.Әуезов көшесіне көшеге жарығы орнатылды.
«Ақ отау» көшесінің көше жолдарын асфальтталып, көше жарық шамдары орнатылды. Д.Қонаев көшесі мен Еңбек Ерлері көшелері арасындағы жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ойық көшесі мен М.Әуезов көшелері арасындағы жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
– Ауыл шаруашылығы бөлімі ғимаратының шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Биыл бюджет есебінен дәрігерлік амбулатория, ветеринариялық пункт, жастар саябағын абаттандыру, Еңбек Ерлері мен Ойық көшесін жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Ауыл үшін барлық күш жігерімді жұмсап, еңбек етемін, – дейді округ әкімі Жандос Рәтов.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің этикасына мән беріледі
- 21 маусым, 2025
Бағытынан айнымаған басылым
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді