
Қаламызда «Айбике» атты той көйлектерін жалға беретін орталық бар. Орталықтың егесі Қарлығаш Есбергенова өмірін журналистикаға арнаған жан. Жазуды, қиялдауды сүйетін қыз он жылдай баспасөз саласында соның ішінде «Aq jol» облыстық газетінің Шудағы тілшісі, кейіннен «Aq jol» газетінің бас кеңсесінде істеді. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғанда өз ісін аяқ астынан бастап кетті. Жас күнінен кәсіпке бір бүйірі бұрып тұратын оның той орталығы болды. Дегенменде Қарлығаш өзін бір мүлде білмейтін кәсіпке арнағысы келеді. Қолында жинап жүрген бір миллион теңгесімен осы той көйлектерін жалға беру кәсібін ашады.
– Бұл кәсіпке бір-ақ күнде келдім. Құрсағыма біткен бала тоқтамай, қайғымда шек болмады. Жынданып кетпеудің бір амалы – бір іспен айналысу керек деп шештім. Сіңлімді ертіп Алматы қаласына бардым да ұнаған 5-6 көйлекті сатып алып, Шу қаласынан жалға орын тауып бастап кеттім. Әсемдікпен, сұлулықпен байланысты істің бәрі маған ұнайтын. Қалаған ісімді солайша бастадым да кеттім. Бойыма біткен егіздерден айырылу маған оңайға соқпады. Ішім күйіп, түн баласы ұйықтай алмай жүрдім. Ендігі ойым өзімді тәуекел етіп осы іске беріліп күні-түні соны жүргізу болды. Маникендер сатып алдым. Кәсібім жақсы жүрді. Қордайдан, Мойынқұмнан қалыңдықтар келіп жалға әкететін. Сөйтіп жүргенде мен Тараздан бизнесімді ашып, үлкейттім. «Дос-нар» сауда үйінде екі жерде «Айбике» той көйлектерін жалға беретін орталық бар. Және Жамбыл даңғылы бойындағы «Март Магнат» сауда үйінде бір шоғыры орналасқан. Салонның аты неліктен Айбике дедіңіз. Айбике менің тұңғыш қызымның аты. Қызым, яғни балаларым менің мотивацияларым. Тіршілігімнің соңына дейін перзентімнің атына шаң жұқтырмай, кәсібімді өркендете берем. Айбикенің жасы бүгінде 7-де. Жүрегім журналистикада болғанымен, мұнда табыс жақсы. Бір күні түк таппай қайтатын кездеріміз болады. Кей күні бір миллиондай алып қайтамын, – дейді Қарлығаш Есбергенова.
Кәсіпкерлік жол – ауыр жол. Жүйкеге тиеді, жауапкершілік мол. Тәуекелге баруды қажет етеді. Есесіне еркіндік пен ақшаға қол жеткізесің. Ақша демекші, Қарлығаш бір күнде 100 мың не 500 мың табады. Ал айына үш миллион мен 7 миллионның ортасында табады. 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Таза табыс үш миллиондай дейді. Бірінші ашылған жылы көптеген қателіктерге ұрыныпты. Әкеген көйлектерінің кейбірі өтпепті де.
Алайда бұған сынған Қарлығаш болмады. Қарлығаштың көз тартарлық салондарында жалпы 300-ге жуық той көйлектері бар. Көйлектер де ескіреді. Перде секілді сарғыш тартып кетеді екен. Тек той және ұзатуға арналған көйлектер ғана емес, Қарлығаш арнайы салтанатты кештерге арналған көйлектерді де жалға береді. Оның салонында қайталанбайтын ерекше образдар, апта сайын жаңа коллекция. Қала бойынша ең үлкен таңдау бар. Қарлығаш кәсіп жолын әу бастан ақ Шуда журналист болып жүріп те бастаған. Алғашқы миллиондарды сонда жүріп ұстаған. Ал бүгінде кәсіп көзін кеңейтіп, миллиардтар ұстасам деп жүр.
– Бала күнімізде нан сататын бір апаға қызығып қарайтынбыз. Сол кісіні қайталап, сауда жасап ойнайтынбыз. Сол оқиға әсер етті-ау деймін. Кәсіпкер болуға бала күнімнен құмарттым. Кәсіп бастаймын деген адам түксіз нөлден де бастай алады. Той көйлектері Гуонжоудан, Түркиядан, Беларуссиядан, Тәшкеннен келеді. Тек көйлек әкелмейміз, қалыңдық ұстайтын гүл шоғын, фатасын, жылтырақ тастар, бәрін әкелеміз. Ешнәрсе тасталынбайды, бәрі қажетке жарайды. Ескірген, тозған көйлектердің жарамды жерлерін алып фата немесе көйлекке жалғап әжетке жаратамын. Қатты ескірмеген, өзіме керек емес, өтпей тұрған көйлектерді кәсібін енді бастап жатқан салондар сатып алып кетеді. Бәрібір көйлек өзін ақтайды. Арасында өзін ақтамаған бірнеше көйлек бар. Ол қалыңдықтың қырсықтығына байланысты. Мінезі қиын адамдардың кейде мінезі көйлекке сіңіп қалады. Сол көйлек бір киілгеннен қайтып өтпейді. Әр жылы әртүрлі көйлектер сәнде. Былтыр балық іспеттес еуропалық стилдегі көйлектер сәнде болды. Арғы жылы қалыңдық біткен тек көлемді көйлектерді алды. Биылғы жылы 50/50 жүйемен жүр. Ауылдық жерге келін болған қалыңдықтар кең көлемді көйлектерді алады. Ал қаладағылар минимализм стиліндегі көйлектерді алуда. Жалға 70 мың теңгеден бастап, 250 мыңға дейін береміз. Той көйлегі үш күнге беріледі. Арнайы келісімшартымыз бар, қалыңдық соған қол қояды. Алдын ала келіп броньдап 50 пайызын төлеп кетеді. Той болатын күні толық сомасын төлеп, алып кетеді. Жыртпай, былғамай әкелу керек. Егер былғап, жыртып алса айыппұл төлейді. Өйткені біз оны қайта өңдеуге апарамыз. Тасын тігіп, қайта жөндейміз. Қазір ғана көйлектерді сатып келе жатырмын. Көбі менен «фарт» деп сатып алады, — дейді кәсіпкер келіншек.
Ол 1990 жылы 11 қазанда Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген. М.Мақатаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтты бітіріп шыққан. Мамандығы – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы. Бір күнде мұғалім болмаған. Оқуды қызыл дипломмен аяқтаған ол той ұйымдастырып, қыз ұзатқан. Қарлығаштың салонынан киім алынса дос қыздың да киімі қоса беріледі екен. Қала бойынша Қарлығаштың салоны №1 орында тұр. Тіпті қыркүйек, қазан айларына да ұзату, той көйлектері броньдалып тұр. Қарлығаштың үйде арнайы бала күтушісі бар. Таңнан кешке дейін кәсіппен айналысатын келіншек кешкі астан соң да өзі той көйлектерінің дизайнын сызып, қағаз бетіне түсіреді.
Қиялынан туған сызбаларды тігіншілерге жібереді. Тіпті көйлектердің матасына , тасына, торына дейін өзі таңдайды екен. Суретті де қатырып салатыны көрініп тұр. Әрбір көйлекті ерекше етіп, салып шығады. Содан соң ғана барып тігіншілер дәл осылай етіп тігіп береді. Басқа киетін тақия, сәукелелерді тіпті өзі де жасай береді екен. Қарлығаш ісмер қыз. Ісмерлік пен тігіншілік анасынан дарыған. Әр тасты моншақтай етіп тізіп, сәукелені безендіру, қалыңдық ұстайтын гүлді тігіп шығу – оның сүйікті жұмысы. Кейбір көйлектердің інжу-маржан тастарын да, қалыңдықтың пішіні мен өлшеміне сәйкес өзі де тіге береді. Кәсіпкер келіншектің ендігі ойы – отандық той көйлектерін тігетін цех ашу.
Яғни өзінің жеке брендімен той және ұзату көйлектерін тігіп, дайындап шықпақ. Көтерме бағада той көйлектерін сату ойында бар. Бір қызығы, той көйлектері салондары арасында бақталастық озып тұр екен. Қарлығаштың сызбасы арқылы дайын болған елде жоқ ерекше көйлектерді көріп кетуге әріптес сатушылары да қалыңдық ретінде келіп, суретке түсіріп кетеді екен. Өзінің дизайнымен дайындалған көйлекті екінші бір дүкеннен көргенде еш саспаймын деп отыр.
Десе де «іштен шыққан шұбар жылан» демекші, түн баласы ұйықтамай сызған жобаңның біреудің аузында кеткені аздап көңілін қобалжытады екен. Қиындығы мен қызығы көп бұл кәсіпте Қарлығашқа «қасқыр» болуға тура келген. Мата жеткізушілер, тігіншілер, жалға берушілер сынды адамдардың топ-тобымен жұмыс істегендіктен бәрімен сөйлесе білу, тілін таба білу маңызды екен. «Саудада береке бар» немесе «Берекенің оннан тоғызы – саудада» дегендей, сауданың ең жақсы жүретін күндері дүйсенбі, сейсенбі және жұма, сенбі күндері екен. Ал сәрсенбі күні тіпті сауда болмайды. Қызық жағдай, ә!.
Сосын қаңтар, мамыр және ораза уақытында сауда мүлдем тоқтайды. Ол кезде амалсыздан жалға алған ғимараттың ақшасын төлеп қана отырады екен. Кәсіптің де осындай қыры мен сыры бар. Ақ түсті қалыңдық көйлегін кию қазақ халқына XIX ғасырда еніпті. Оған дейін ақ отауға енер келіншек ұлттық киім киген екен. Алайда бұл үрдіс бүгінгі күні қайта жаңарып салтымыз жаңғыра түсті.
Бүгінде ұзатылар қыз міндетті түрде қазақы болмысына сай ұлттық оюларымызбен өрнектелген киім киетін болған. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамаса да бірінші күні ұзату, екінші күні үйлену тойы тойланып жүр. Енді осы ұзату көйлектеріне тоқталсақ. «Айбике» той салонында ұзатуға арналған ұлттық киімдердің сан алуан түрі тұр. Ал сәукеле – ұзату тойының басты тренді.
Кейбір сәукелелер көйлек бағасымен бірдей. Екі-үш жылдың жүзі болды, әкесінің шаңырағында бойжеткен қызды ұзатып шығарып салу бүгінде қайта сәнге айналды. Есесіне, Қарлығаштың кәсібі өрге домалап тұр. Алқызыл, қып-қызыл кәжекейі мен сәукелесі, бүрмелі көйлегі тоқтамай жалға беріліп жатыр. Үйлену тойы – әрбір жан үшін өміріңдегі ғажап сәттердің бірі. Ал қалыңдық үшін бұл күннің маңызы тіптен бөлек. Қалыңдық өмірінде бір рет болатын айтулы күнді ханшайымдай өткізгісі келеді. Себебі неке қию салтанаты мен тойға келген қонақтардың бар назары қалыңдықта болмақ. Қазақтың тойы барда, қалыңдық көйлектерінің саудасы қыза бермек. Табысың еселенсін, Қарлығаш!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Қайраткер һәм қаламгер құрмет құшағында
- 19 маусым, 2025
Темір жол қашан жөндеуден өтеді?
- 19 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді