Парацетамолдың зауыттағы бағасы - 59 теңге... ал дәріханада 144 теңгеден сатылуда. Неге?
- author «Ақ жол»
- 17 маусым, 2025
- 197

Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы дәрі-дәрмек мәселесі кеңінен қаралды. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы салаға аудит жүргізу барысында дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғаны, оны тіркеу ұзақ уақыт алатыны анықталыпты.
Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет екен. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі. Ал Мәжілістің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов СҚ «Фармацияны» реформалау қажет екенін айтады.
Депутаттың айтуына қарағанда, дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылуы үшін ең алдымен Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының сараптамасынан өтіп, тіркелуі керек. Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда біреулер үшін бұл мерзім заңсыз 1275 күнге дейін созылса, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін, өте жылдам 25-ақ күнде аяқталған. Осылайша 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу фактілері анықталды.
– Сосын бұл ұлттық орталығы нағыз саяхатшылар клубы сияқты, – дейді бұл жөнінде депутат Асхат Аймағамбетов.
– Орталықтың қызметкерлері дәрілерді тізімге енгізу үшін, зауыттарды көру сылтауымен шетелге баруда. Әрине, саяхат шығындары, фармация компаниясының есебінен төленеді. Дәріні тіркеу үшін, өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек. Нәтижесінде арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады. Мысалы, Қазақстанда пенициллиннің ішетін түрі тіркелмеген. Неге? Өйткені ол тым арзан, ешкім өтінім бермейді және ешқандай қызығушылық жоқ дейді эксперттер. Осының кесірінен дәрігерлер бірден кең ауқымды антибиотиктерді тағайындауға мәжбүр. Рұқсат етілген тізімдерге дәрілердің альтернативаларының болмауына байланысты, СК Фармация 60 пайыз препараттарды бір мердігерден сатып алған. Мысалы, Фраксипарин дәрісінің баламасының тіркелуі созылғандықтан, оны максималды бағамен сатып алған. Тек 2024 жылы оның альтернативасы тіркелгеннен кейін ғана, баға төмендеп, 90 миллион теңге үнемделган. Осылайша препараттар бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған. Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді, ал Еуропада және әлемде бұл көрсеткіш 30 пайыздан аспайды. Бір препараттың әртүрлі дәріханалардағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің бағасы 1273 теңгені құраған. Бұл 4 есеге дейін қымбат. – Парацетамолдың зауыттық бағасы – 59 теңге, Қырғызстанда – 90, ал бізде 144 теңгеге сатылуда. Терафлюге елде белгілеген шекті баға 3,3 мың теңге, ал зауыттық бағасы 1,5 мың. Ресейде ол 2,2 мың, Қырғызстанда 2,5 мың тұрады. Ал Кируда дәріханаларда 710 мың тұрса, Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағасын 1,3 миллион көлемінде белгілеп, оны Фармация 1,2 миллионға сатып алған. Формальды қарасақ, тіпті ақша үнемдеген сияқты көрінеді, бірақ шын мәнінде 2 есеге жуық қымбатқа сатып алған деген ойға келуге болады. Тіпті сұмдық жағдай, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды, – дейді Асхат Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді міндеттеген болатын. Ал 2024 жылы бұл саладағы қазақстандық үлес 15 пайызды ғана құрады. Дәрілердің 84 пайызын шетелден әкелеміз. Еліміздегі 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы дәрі шығарады, ал қалғандары маска немесе шприц сияқты медициналық бұйымдар өндіреді. Ендеше осындай қарқынмен жыл соңына дейін Президент міндеттеген межеге жету мүмкін бе?
– Соңғы уақытта «ҚазВактан» басқа ештеңе шыққан жоқ деуге болады. Клиникалық зерттеулер өте аз. Соңғы 10 жылда тек 2 препарат шығарылған, олардың бірі – «Йод және калий йодиді». Бұны әзірлеуге 4,6 миллиард теңге жұмсалған, бірақ ол тіпті формулярға да енгізілмеген яғни, қолданылмайды, – деп ашынады депутат. Сондықтан депутат Асхат Аймағамбетов жаңа дәрілерді тіркеу мерзімін 1 айға дейін қысқартуды ұсынды. Және СК «Фармацияны» реформалау, логистиканы дамыту, бәсекелестіктік, есеп беру мен ашық ережелерін енгізу қажет. Дәрілерді делдалдардан емес, тікелей зауыттардан сатып алуы керек. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының су жаңа басшысы Сержан Назарбек мемлекет тарапынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісі де ерекше назарда екенін айтады.
2024 жылдың қорытындысымен «СҚ Фармация» дистрибьюторы арқылы 10,8 миллиард теңгеге 467 атаулы, 53,4 миллион дана дәрілік зат пен медициналық бұйым жеткізілді. Бұл сомаға барлығы 805 632 рецепт бойынша науқастар толық қамтылды. Игерілуі – 100 пайыз. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 1,057 миллиард теңгеге орфандық ауруы бар 76 науқас (32 бала) дәрі дәрмекпен қамтылса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы тағы 9 науқасқа (8 бала) 316,5 миллион теңгеге көмек көрсетілген.
Иә, шынында дәрі-дәрмек бизнесі өте табысты болғандықтан бұл салада астыртын әрекеттердің көбейіп кеткені баспасөзде әбден жазылды. Осын екі-үш жыл бұрын ғана Жамбылдағы дәрі-дәрмекті қадағалау басқармасының басшылары парамен ұсталып, істі болғанын бәріміз білеміз. Қалай айтсақ та, фармацевтика саласы әлі де былықтан арыла алмай тұр. Оның айқын көрінісі коронавирус карантині кезінде анық байқалды.
Жыл сайын дәрі-дәрмек созылмалы ауруы бар жандарға дәрі жетіспей, ел бір шу ете қалады. Тиісті мекемелер ақталып, жауап беріп жатады. Ал бірақ дәрі-дәрмек саудасының астарында осындай үлкен «ойындар» жүріп жатқанын көпшілік біле бермейді...
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді