«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елдің тыныс-тіршілігінің шынайы айнасы

Елдің тыныс-тіршілігінің шынайы айнасы
Автор
Журналист – қоғамның барометрі екені белгілі. Шерхан Мұртаза айтқандай, қаламгерлер кейде адамдардың жүрегіне – жігер, көзіне – нұр, көкірегіне сәуле қосуға қабілетті. Ал журналистердің өз қолтаңбасын қалдырып, баспасөздің баһадүріне айналуында мерзімді баспасөздердің алар орны айрықша. Талай жанның қанатын қатайтып, үлкен азамат атануына жол ашатын газет-журналдың құдіреті де осында. Сондай басылымның бірегейі – «Шу өңірі – Шуская долина» газеті. Сонау 1935 жылдың 16 маусымында алғашқы нөмірі «Социалды еңбек» деген атпен жарық көрген басылым биыл кемел жасқа келді.

Иә, 90 жыл – бір адамның ғұмыры үшін аз емес, ал бір басылым үшін көп емес. Кеше уақыттың сан қырлы тезінен сүрінбей өткен абыз жастағы басылымның мерейлі белесі жоғары деңгейде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға облыс әкімінің кеңесшісі, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ардагер журналистер Қуаныш Иембердиев пен Көсемәлі Сәттібайұлы, «Egemen Kazagstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, «Jambyl TV» облыстық телерадиоарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Tekturmas» республикалық журналының бас редакторы Маржан Рақай және өзге де жамбылдық қаламгерлер қатысты.

Салтанатты жиын жергілікті халық театрының «Ұлттың ұлы көсемі – Ахмет Байтұрсынов» атты сахналық қойылымымен бастау алды. Бұдан кейін облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Ерболатұлы сөз алып, бір дәуірдің шежіресіне айналған басылымды мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің жүрекжарды лебізін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

Мұнан соң Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев жазған хатты «Шу өңірі – Шуская долина» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайғанға табыстады. Сондай-ақ жиында аталған басылымда 20 жылға жуық басшылық еткен жазушы-журналист Ахметжан Қосақов пен сала ардагері Тампылбай Молдақұлов та сөз сөйледі.

Ал аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков осы жылы өңірде айтулы бірнеше мерейтой атап өтілетінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», – деген болатын.

Бұл сөз баспасөздің қоғамдағы орны мен оның ұлт санасына әсерін терең бағалағанын көрсетеді. Газет тек ақпарат көзі ғана емес, тарихи жады, ұлттық ой мен пікірдің алаңы екенін аңғартады. Кешегі аға буын мықты мектеп қалыптастырып, қалыбы дұрыс құйылып, кірпіші түзу қаланған редакция бұқара сұранысына ие. Алыс-жақын елді мекен тұрғындары басылымның әр санын асыға күтетінін жақсы білеміз. Оның ішінде еңкейген қарт, еңбек адамы мен көкірегі ояу азаматтар жетерлік. Қазіргідей ақпараттық технологиялардың дамуына қарамастан газет журнал оқитын жерлестеріміз аз емес. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр ардагер-журналистер әрдайым ойымызда. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай,

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Дәл осындай сипатқа ие «Шу өңірі» газеті халқымыздың 90 жыл бойғы айнымас серігі. Жан қалтасындағы жолдасы. Соңғы жылдары жаңғырып, жаңаша кейіпке енген газет бастапқы мақсатынан адаспай оқырман қауымға тұшымды ақпарат, түйткілді мәселелер мен олардың шешімдерін, халық үнін жариялауда. Газеттің көлемі ұлғайып, дизайны кемелденді. Аға буынның оқуына ыңғайлы болды. Қорыта айтқанда, аудандық басылым – ел ішіндегі тыныс тіршіліктің шынайы айнасы. Оның үні әлсіресе, жергілікті рухани өмірдің де мәні кеми түседі. Сондықтан аудандық газетті қолдау – туған жерді қолдау. Осы ретте барлық жұмыстың басты насихатшысы, сыншысы және серігі болған, тәрбие бұлағы, зерде шырағы «Шу өңірі» газеті ұжымын мерейтойымен құттықтаймын. Шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін. Басылымның ғұмыры ғасырлар бойы жасай беруіне тілектеспін! – деді Бақытжан Оразалыұлы.

Атап өтейік, жуырда аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев пен балалар ақыны Бақыт Исаеваның ғибратты ғұмыр жолынан сыр шертетін қос кітап жарық көрген болатын. Салтанатты жиында дәл осы туындылардың тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Сонымен қатар бұл кеште «Шуақты Шу өңірім – құт мекенім» атты байқауда жеңімпаз атанған Ахметжан Қосақов (Үздік мақала) пен Тампылбай Молдақұлов (Үздік ақын) түрлі номинация иегері атанды. Бұдан өзге бірқатар азаматтарға «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етілді. Айта кету керек, бір күн бұрын дәл осы басылымның мерейтойына орай жамбылдық журналистер арасында тастаяқтан турнир өткен.

Тартысқа толы болған ойынның нәтижесінде «Egemen Kazagstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев жеңімпаз деп танылды. Ал жүлделі екінші орын «Astana» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі Берік Жакулаевқа бұйырса, үздік үштікті жерлесіміз Нұрболат Сатымқұл түйіндеді. Жалпы, уақытында дәл осы басылымда мүйізі қарағайдай азаматтар жемісті еңбек етті. Соның бірегейі – Қартайған Молдағұлов.

Айтулы азамат сол кездегі полиграфиялық құрал жабдықтардың тапшылығына қарамастан, жоқтан бар жасап, газет шығару жолында түрлі ауыртпалықтарды бастан өткерді. Сондай-ақ алғашқы тілшілердің қатарынан Сағынбек Несіпбаевты да атап өткен жөн. 1935 жылы мемлекет және партия қайраткері Сергей Киров өмірден озып, тарихи тұлғаның есімін есте қалдыру мақсатында «Социалды еңбек» газетінің атауы «Кировшы» болып өзгертіледі.

Басылымның аты өзгергенімен, мазмұны мен мағынасы сақталып қалады. Бұл кезде Шу ауданы Алматы облысының құрамында еді. Ал 1954 жылдан бастап «Кировшы» газетінің аударма газеті ретінде «Кировец» газеті орыс тілінде жарыққа шыға бастайды. Мұны газет басшылығының аудандағы түрлі этнос өкілдерінің пікірін ескеріп, басылымның тынысын кеңейту жолында жасаған еселі еңбек деп топшылауға болады. Араға уақыт салып, дәлірек айтқанда 1962 жылы аудандық «Кировшы» – «Кировец» газеттерінің атауы «Шу өңірі – Шуская долина» болып атала бастады. Содан бері қазақ және орыс тілдерінде қатар шығып жүрген аудандық басылымда бірнеше буын алмасып, олардың бірқатары облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етуде.

Тағы бір айта кетерлігі, тағылымы мен тәрбиесі мол газеттің алғашқы редакторы Қартайған Молдағұловты есте сақтау мақсатында аудан орталығы Төле би ауылының бір көшесі сол кісінің есімімен аталады. Бұл жергілікті жұрттың қаламы қарымды баспасөз ардагеріне деген құрметі екені сөзсіз. Сонымен қатар әр жылдары аудандық газетке Әлмаханбет Досымбеков, Әбдіғұл Әбдіраманов, Омар Исабеков, Жұмабай Райымқұлов, Беген Байсақалов, Нұрмаханбет Ордабаев, Оспанбек Хатиев, Ахмет Қазыбаев, Беген Байсақалов, Әбдіғұл Ибрагимов, Қадірхан Баққараев, Рахметілдә Құдабаев, Ахметжан Қосақов, Қуантай Байжолов, Дихан Әбдиев басшылық етті.

Аталған азаматтардың қай-қайсысы болса да кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, газеттің беделін көтеруге, абыройын асыруға аянбай тер төккені ақиқат. Бас редактор Ерғали Қартайғанның айтуынша, бүгінгі журналистер аға-буынның ақылын азық етіп, өнегесін жадымызға қазық ету керектігін естен шығармайды. Бір қарағанда, басылым кейбіреулер үшін бұйығы жатқандай көрінуі мүмкін. Әсте олай емес. Қара шаңырақтағы қарбалас жұмыс пен қым-қуыт тірлік тек қана осындағы тілшілерге ғана аян. Аптасына екі мәрте шығып, оқырман қолына уақытылы тиіп жатқан газеттің артында қаншама адамның еңбегі, қаншама адамның қолтаңбасы жатқанын біреуі білсе, біреу білмес.

Мақалаға арқау болатын мәлімет іздеу, дәлел-дәйекті жинастыру, оның анық-қанығына көз жеткізу, көптеген жиындарға барып, түсінгеніңнен ой түю, толассыз келіп жатқан оқырман хаттарын қорыту, содан кейін ғана барып жазу үстеліне отыру бір бөлек те, осының барлығын оқырманға түсінікті тілде жеткізе білу бір басқа. Міне, бұл редакция қазанында қайнап жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Оқырманның көңілінен шығуға тырысып, тұшымды ойымызбен, қажетті ақпаратпен бөлісіп, түрлі тақырыптағы мақалаларды жазуды жалғастыра беретін боламыз.

«Шу өңірі – Шуская долина» газеті өткен жылдың басынан бастап заман ағымына сай түрленіп, заманауи D2 форматына көшті. Газетті түрлендіру мен оны уақыт бедеріне қарай мазмұнды ете түсу жолындағы жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек, – деді Ерғали Асхатұлы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар