
Осы ретте біздің Сәду Шәкіров ауылдық округ тұрғындарының білікті дәрігерден жолы болды. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» деген халық даналығына сүйенсек, ауылымызға дәрігер болып Умиджон Султанов атты білгір маман келгелі басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың көңілі жай тапты.
Жүрек қалауымен таңдаған мамандығына деген жауапкершілігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу, жоғары білімді көпсалалы дәрігер екендігі Умиджонның әрбір келушіні қабылдағанынан байқалып тұрады. У.Султанов Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бакалавр бағдарламасы бойынша 2018 жылы бітірген.
Ал 2018-2020 жылдар аралығында Шымкент қаласында білім деңгейін жетілдіру мақсатында осы оқу орнының интернатурасын бітіріп, көпсалалы дәрігер мамандығы бойынша диплом алып шықты. Сөйтіп Жамбыл облысының шалғай аудандарының бірі – Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылына мемлекеттік бағдарлама аясында қызмет етуге келді. Содан бері дәрігерлік қызметін абыроймен атқарып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келеді. Зайыбы Диёра Азатова да көпсалалы дәрігер.
Жұптары жарасқан аққудай қос дәрігердің отбасы ауыл жастарына үлгі. Айрандай ұйып отырған жас отбасының татулығына қариялар да риза. Қос дәрігер Сәду Шәкіров пен Тамабек ауылдарының тұрғындарына алғашқы дәрігерлік көмек беріп, ем-дом жасап, жаныма жалау болар ма екен деп келгендердің бәрінің көңілінен шығуда. Жылы жүздерімен, жеңіл қолдарымен, әдепті мінездерімен көптің ойынан шыға білген жандарға ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.
Мысалы, Сәду Шәкіров ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, ауыл ақсақалы Октябрь ағамыздың денсаулығы дәрігердің күнделікті бақылауы мен үнемі ем-дом жасауды қажет етеді. Сол қариямыз да Умиджонның қызметіне риза. Оны «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жүрген жерінде үнемі айтып отырады. Өзбек ұлтының өкілі Умиджон Султановтың тек қана қазақтар тұратын алыстағы ауылды таңдағаны да қызық.
– Мені Жамбыл облысының Талас ауылындағы осы ауылға жібергенде ойланып қалдым. Сосын сұрастыра бастадым. Облыс орталығынан алыстау екен. Бірақ ел көріп, жер тану үшін, нартәуекел деп өз таңдауымды жасадым. Қателеспеппін, мен бүгінде осы ауылдың өз баласындай болып кеттім. Қарттары атамдай, ақ жаулықты әжелері апамдай болып кетті. Жастар жағы достарыма айналды. Біз Сәду Шәкіров ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Тамабек ауылындағы медициналық пунктте қатар қызмет етеміз. Екі ауыл тұрғындарының саны – 1544 адам. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жұмысқа жолдамамен келген жылы тиісті әлеуметтік көмек көрсетілді және облыстан 800 мың теңге көмек берілді, – дейді Умиджон.
Умиджонның бұл сөзіне риза болып қалдық. Өйткені қазіргі жастар тек қана қалада тұрғысы, қалада жұмыс істегісі келеді, ауылды менсінбейді. Тіпті ауылдан шыққан ұл қыздардың өзі туған ауылына келіп дәрігер, мұғалім болғысы келмейді. Сондықтан Умиджон баламыздың бұл таңдауын үлкен жүректі саналы азаматтың ісі деп қабылдадық. Өйткені кейбір жастардың Умиджон мен Диёра қанағат тұтқан қаржыны аз дейтіні, бірден көп асағысы келетіні шындық.
«Қанағат қарын тойғызады» дейді халық. Олар осы қанағаттың арқасында қандай үлкен тәжірибе жинады. Алыстағы ауылдың тұрмыс-тіршілігімен, өмірімен танысты. Күн сайын батасын беріп, алғысын айтатын аталары мен апаларын тапты.
«Батаменен ер көгерер» деген батадан артық жылы сөз бар ма! Күзге салым олардың жолдама бойынша қызмет ететін уақыты аяқталып, келген жағына қайтқан құстардың жұбындай кіндік қаны тамған жеріне қайтып кете барады. Олардың орнына кімдер келеді? Олар да Умиджон мен Диёра сияқты ауыл тұрғындарының ұлы мен қызындай болып кете ала ма?!
Бүгінде қос дәрігер аталмыш ауылдық округтегі дәрігерлік ғимараттарды талапқа сай ұстап отыр. Медициналық құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген. Ғимараттың айналасы да тап таза. Көгеріштері де көздің жауын алады. Бәрі тәртіптің, еңбектің арқасы.
Әбілдә НҰРМОЛДАЕВ,
ардагер ұстаз.
Талас аудан
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің этикасына мән беріледі
- 21 маусым, 2025
Бағытынан айнымаған басылым
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді