
1975 жылдың 19 наурызында киелі Талас жерінің Ақкөл ауылында, Төлбасиевтер әулетінде елге елеулі, жұртқа сүйікті ұл Қайрат Қадірбекұлы дүние есігін ашты. Бұл шаңырақ тек қана қазақы құндылықтармен сусындаған, тектілік пен парасаттылықты ұрпағына мұра еткен қарашаңырақ еді. Әкесі Қадірбек Төлбасиев ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар адал еңбек етіп, Талас ауданының Құрметті азаматы атанған тұлға.
Анасы Рашида Әкімбекова білім саласында әртүрлі жауапты лауазымдарда қызмет атқарып, мектеп директоры, әдіскер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде елдің құрметіне бөленген, Қазақстан Республикасының оқу ағарту ісінің үздігі.
Осындай ардақты ата-ананың тәлімімен өскен Қайрат Қадірбекұлының бойына ізгілік, еңбекқорлық, әділдік секілді қасиеттер жастайынан сіңді. Қайрат Қадірбекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заңгер мамандығын меңгеріп, еңбек жолын құқық қорғау саласында бастап, кейін мемлекеттік басқару мен ұлттық компаниялар жүйесінде қызметін абыроймен жалғастырды. Ол қай салада еңбек етсе де, адалдық пен жауапкершілікті ту етті.
Ол төмендегідей лауазымдарды атқарды:
1996-1997 ж.ж. – Тараз қаласындағы теміржол аумағы прокуроры көмекшісінің міндетін атқарушы.
1997-1999 ж.ж. – Байзақ ауданы прокурорының көмекшісі.
1999-2000 ж.ж. – Жамбыл облысы прокуратурасының прокуроры, Сарысу ауданы прокурорының орынбасары.
2000-2001 ж.ж. – Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары.
2000-2002 ж.ж. – Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры.
2002-2005 ж.ж. – Алматы облысы Әділет департаменті бастығының орынбасары.
2005-2006 ж.ж. – Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Алматы облысы әкімі аппаратының құқықтық және мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі.
2006-2008 ж.ж. – Әділет министрлігі кадрлар басқармасының бастығы.
2008-2009 ж.ж. – Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті «Үйлестіруші» МКК директорының орынбасары.
2010-2011 ж.ж. – Білім және ғылым министрлігі Кадрлық департаментінің басшысы.
2011 ж. – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары.
2012-2013 ж.ж. – БҒМ Ғылым комитеті «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ басқарма төрағасы.
2013-2016 ж.ж. – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Семсер-Секьюрити» және кейін «KMG Security» ЖШС Адам ресурстары және әлеуметтік саясат департаментінің директоры.
2016 ж. – Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс комитеті «Қазақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамытудың ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС бас директоры.
2017-2025 ж.ж. – «Қазақстан инжиниринг R&D орталығы» ЖШС және «KMG-Security» ЖШС-інде директорлық қызметтер атқарды.
Қайрат Қадірбекұлы өз ісінің нағыз шебері еді. Жоғары кәсіби деңгейі, шешім қабылдаудағы салмақтылығы, адаммен қатынастағы сыпайылығы мен әділеттілігі оның қызметте де, өмірде де биік беделге ие болуына себеп болды. Ол өз ортасына ғана емес, барша таныстары мен әріптестеріне рухани сүйеніш, парасатты кеңесші бола білді.
Достарының ортасында ерекше сыйлы, беделді жан еді. Өмір бойы шынайы достықты бағалап, әр адамға адал болды. Оның кеңпейіл мінезі мен ілтипатты қарым-қатынасы достарына ұйытқы болуға себеп еді. Қай ортада жүрсе де, адамдарды өзіне тартатын, жақсы көруге лайық жарқын болмысымен ерекшеленді.
Адал еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астана қаласына – 10 жыл» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды.
Ағайындарының ортасында, отбасында сүйікті жар, қамқор әке, ақылшы аға, перзенттерінің тірегі бола білді. Үш ұлы мен бір қызының қызығына куә болып, немересінің маңдайынан иіскеп үлгерді. Әттең, тағдыр оған ұзақ ғұмыр бермеді…
Бірақ Қайрат Қадірбекұлы артына жарқын із қалдырды. Оның елге сіңірген еңбегі, асыл азаматтығы, бауырмашылдығы мен парасаты ел есінде, жүрек төрінде мәңгі сақталады. Жаны жәннатта, рухы пейіште шалқысын!
Төлбасиевтер отбасы.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің этикасына мән беріледі
- 21 маусым, 2025
Бағытынан айнымаған басылым
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді