«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тіршілігің қалай, Қордай елі?

Тіршілігің қалай, Қордай елі?
Ашық дереккөз
Тұла бойы тарих пен аңызға толы Қордай өңірінің тасын түртсең, шертетін сыры бар. Өнерпазының айтатын ән мен жыры бар. Кешегі Ноғайбай мен Өтегеннің, Кебекбайдың мекені. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балжан Бөлтірікова, қаламы құтты жазушылар Марал Ысқақбай, Рза Қунақова, Несіпбек Дәутайұлын тудырған қасиетті топырақ. Берекелі тірлігімен жаңашылдыққа ден қойған аймақ. Жері құтты, елі текті Қордай топырағының жетістігі аз емес.

Төрт түлік – тынысың, егіншілік – ырысың

Биылғы жылдың осы кезеңіне дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 7544 миллион теңгені құраған. Аудан бойынша биыл егістік жер көлемі 137787 гектарға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 386 гектарға артқан. 2025 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 103780 гектарға орналастыру жоспарланып, жүзеге асты. Дақылдар бойынша: күздік бидай – 17000, жаздық арпа – 39000, дәндік жүгері – 8000, мақсары – 200, қант қызылшасы – 560, картоп – 3100, көкөністер – 4170, бақша дақылдары – 350 және мал азығы дақылдары 31400 гектар алқапты құрайды.

Бүгінгі күнге жер жырту жоспары 33065,2 гектар және дайындалатын жер жоспары 62280 гектарды құрап, толығымен орындалған. Жанар-жағар май бойынша ауданда оператор болып «Wedo Energy» ЖШС айқындалған. Серіктестіктің орналасқан жері – Т.Рысқұлов ауданы. Көктемгі дала жұмыстарына 72 шаруа қожалығы «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы арзандатылған 2185 тонна дизель отынына өтінім берген.

Бекітілген 1 литрдің бағасы 254 теңгеден, шаруашылықтар өздері тасымалдаса, 259 теңгеге оператор тиісті жеріне жеткізіп беруге міндетті. Бүгінгі күнге 47 шаруашылық 1366,2 тонна дизель отынын алып үлгерген.

– 2025 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы шаруаларға 5 пайыздық несие берілуде. Жыл басынан «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 8 жобаға 335 миллион теңге бөлінген. «Қордай» несие серіктестігі арқылы «Кең дала» бағдарламасына 106 миллион теңге беру жоспарлануда. 9 шаруашылық 109,8 миллион теңге алса, 4 шаруашылық құжаттарын рәсімдеуде. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қордайлықтар үлкен қызығушылық танытқан. Жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл. Ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін берілуде. Қордайда бұл жоба 2019 жылдан бері іске асып келе жатқанын ескерсек, осы күнге дейін бірқатар ауыл тұрғындары бағдарлама шапағатын көргенін айтуға болады. «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алып, жобаның басты бағыты бойынша үй іргесін тиімді пайдалану үшін 8,5 миллион теңге берілген. Жалпы сол кезде жобаның 2-бағытымен округтің 250 тұрғыны 701 миллион теңгеге 1729 бас мүйізді ірі қара, 2150 бас қой және 114 жылқы сатып алған. Жобаның 4-бағытымен «Жаңатұрмыс-Бірлік» өндірістік кооперативі 59,9 миллион теңгеге 17 бірлік техника сатып алды. 5-ші бағытымен (өз кәсібін ашу) «Кирилов» жеке кәсіпкерлігі бал арасын өсіру үшін 3,1 миллион теңге несие алып, кәсібін жүргізуде. 2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасының ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты жобаның 5-бағыты жеке кәсібін ашуға және қайта жарақтандыруға ғана берілетін болды. Бұл бағытқа ауданның барлық ауылдық округтері қатыса алады. Алдын-ала жинақталған ақпарат бойынша 56 жобаға өтінім берілді, жалпы сомасы 459,4 миллион теңгеге жаңадан 31 жұмыс орны ашылады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов.

Соғандыға сайраған жолмен барасыз

Бұл ауданда соңғы жылдары жолдың жайы реттеліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Одан бөлек ауданға қарасты ауыларалық жолдар да қайта жаңғырып, алыс-жақын елді мекеннен қатынайтын ағайынның да жұмысы жеңілдеді. Мемлекет қолға алып отырған қазіргі міндет те осы – алыс, жақын бағыттардың бәріне де сапалы, жайлы жол салу. Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе.

Бүгінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды факторлардың бірі – сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Соған сәйкес, ауданда асфальт қоспасын қолдана отырып, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жолдардың шұңқырларын жою, бүлінген асфальт бетон жабындарының жекелеген учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорны» мердігер мекемесі жүргізбек. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнының берген мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 12 ауылдық округтің ойық-шұңқырларын қалпына келтіру жұмыстары жоспарда тұр.

– Қалпына келтіруді қажет ететін аудандық маңызы бар жалпы жол ұзындығы 275 шақырымды құрайды. Биылғы жылы жолды қалпына келтіру жұмыстарын Соғанды ауылына апарар жолдан бастап отырмыз. Аудан тұрғындарының өтініштерін назарға алып, шұңқырларды жөндеудеміз. Сондай-ақ биылғы жылы, жаңа жол салу, күрделі жөндеу және ағымды жөндеу жұмыстарын қайта жандандырдық. Мәселен, таяуда Отардағы ауылдар арасын жалғайтын ауыспалы жол жөндеу жұмысы қайта қолға алынып, ұзындығы 5 шақырымды құрайтын жол салынуда, – дейді ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына жауапты Қуаныш Байжігітов.

Степное ауылының қызы Стамбулда өнер көрсетеді

Ауданның 41 елді мекенінде 23 мәдени ошақ, 1 «Зерде» бейнемобиль және 1 тарихи-өлкетану музейі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 1 аудандық мәдениет үйі, 17 ауылдық мәдениет үйі мен 6 клуб бар. Былтыр арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бетқайнар ауылында 180 орындық мәдениет үйі соғылып, қолданысқа беріліпті. Дәл осындай мәдениет ошағы Қарасай ауылында да бой көтеріп, тұрғындар игілігіне қызмет ете бастады. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің тапсырысымен «Емен» саябағына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарын «ПроэктиК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік мекемесі атқарып шыққан.

Аудан бойынша ағымдағы жылдың 5 айында барлығы 276 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 21140 көрерменмен қамтылған. Онымен қоса, аудан өнерпаздары республикалық, халықаралық өнер байқауларында жоғары белестерді бағындырыпты. Атап айтқанда, 2025 жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен IV халықаралық «Mega dance» хореографиялық жобасында «Махаббат» халықтық би ансамблі және «Грация» би тобы қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.

2025 жылдың 9 наурызында Тараз қаласында өткен «Тараз Art Fest» облыстық байқауында «Аққу» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, бас жүлдені қанжылаған. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 9 наурызында Астана қаласында өткізілген «Alash Star» республикалық байқауына Степное ауылдық мәдениет үйінің «Жұлдыз» би үйірмесі және вокал үйірмесінен Гүлжан Жұмабай қатысып, жүлделі бірінші орын иегерлері атанып, Түркия мемлекетінің Стамбул қаласына жолдама жеңіп алған.

Аудандық мәдениет үйі және тарихи өлкетану музейінің директоры Мақсат Балмұхамбетовтың көздеп отырған мақсаты өте жоғары. Қорыта айтқанда, жалпы Қордай ауданында қай салада болсын өсім бар. Халықтың әл-ауқатын көтеру жолында атқарылып жатқан шаралар ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан экономикасының дамуы тұрақты, халықтың ауданына деген, оның болашағына деген сенімі зор. Осының бір көрсеткіші аудандағы мәдениет саласының дамуы деп білеміз.

Ауылға келген жас маманның жағдайы дұрыс па?

Ауылдық жерлерде медицина кадрларының тапшылығы еліміздің көптеген аймақтарында өзекті мәселе болып отыр. Бірақ мемлекет бұл мәселені шешу үшін бірнеше шараларды қолға алды, ең тиімдісі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жас мамандарды әлеуметтік қолдау арқылы ауылдарға жұмысқа тарту үшін енгізілген. Елімізде 2009 жылы бастау алған бұл бағдарлама дәрігерлер мен мұғалімдерге ауылдық жерлерде тұрақтап, жұмыс істеу үшін көтермеақы, тұрғын үй және басқа да жеңілдіктер ұсынады. Жергілікті атқарушы органдардың бұл бастаманы қолдауы ауылдық жерлерде дәрігерлердің жұмыс істеу жағдайларын жақсартуға ықпал етті, сондай-ақ ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырды.

Бүгінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге, алыс ауылдарға, аудан орталықтарына жастар ауылды көркейту үшін барып жатқаны белгілі. Осы орайда 2023 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Қордай аудандық орталық ауруханасына келген дәрігердің бірі – акушер-гинеколог Камила Жанұзақова. Ол Тараз қаласының тумасы.

«Мен 2012 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің «жалпы медицина» факультетіне оқуға қабылдандым. 2014 жылы Астана медициналық университетіне ауысып, 2020 жылы «акушер-гинеколог» мамандығын игеріп шықтым. Сол жылы С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетіне резидентураға түсіп, 2023 жылы акушер-гинеколог біліктілігін алдым. 2023 жылы білімімді толық жетілдіре түскен соң, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмыс істеуге келдім. Қазіргі таңда, ауруханада акушер-гинеколог дәрігері болып жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Жұмыс әрине, өте қиын. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір адамның өміріне ғана жауап бермейсің. Сенің мойныңда ана мен нәрестенің өмірі және денсаулығы тұр», – дейді Камила Мұратқызы.

Бағдарлама шарттары жас маманның көңілінен шықты. Келген беттен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 800 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақыға қол жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілік тарапынан 345 мың теңге ақшалай сыйақы алған. Айта кетейік, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының елімізде үздіксіз жүзеге асырылып жатқанына биыл 16 жылға жуықтады. Бүгінгі таңда, ауылдарға келіп жұмыс істейтін жас мамандар санының көбеюі, олардың мамандық саласындағы біліктіліктері мен жұмыс жағдайларының жақсаруы, бұл бағдарламаның әсерін толықтай көрсетеді. Аталмыш бағдарлама енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті жібермеу болашақ жастардың қолында.

Ауылдың алар орны ерекше

Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенбергеннің айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айында әлеуметтік сала және қайырымдылық көмектер тұрғысынан атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 4 отбасыға, оның ішінде 19 адамға 873,9 мың теңгеге әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар, ауылдық округтің белсенді азаматтары тарапынан тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға 600 мың теңгеге түрлі қайырымдылық көмектер көрсетіліпті. Денсаулық сақтау саласында округ бойынша 3 денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетуде екен.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында да бірқатар ауқымды шаруалар атқарылған. Атап айтқанда, округ бойынша 1000-нан астам қара ағаш, 20 туя ағашы отырғызылған. Автомобиль жолдары бойындағы 200 ге жуық ағаш бұталып, қураған 40-қа жуық ағаш кесілген. Сондай-ақ Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Апатты жағдайдағы 40 жылға жуық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Қызылсай ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, Ауқатты ауылына жастардың демалыс орнын салу үшін орталық көшелерінің бірінен арнайы 35 соттық жер телімі бөлініп, демалыс орнының құрылысы басталыпты. Онымен қоса, балалар ойын алаңы, стритворкаут, шағын футбол алаңшасын салуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде екен. Ұялы байланыс желісін және интернет сапасын жақсарту мақсатында Қ.Молдажанов көшесінің бойына «Билайн» байланыс операторының антеннасы орнатылып, қолданысқа берілген. Ауқатты ауылындағы Астана көшесіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын деседі.

Тағы айта кетерлігі, Қызылсай ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде, қазіргі таңда ауыл тұрғындары ашық су көздері арқылы ауыз суды тұтынуда. Ауылға сапалы ауыз су желісінің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Облыс әкімдігіне бюджеттік өтінім берілген. Қорыта айтқанда, өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Соңғы жылдары ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатының деңгейін көтеру сияқты маңызды міндеттер жүзеге асырылуда.

Көше жарығын орнату жұмыстары басталды

Иә, ауылдардың дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып қала бермек. Бүгінде Степное ауылдық округінде елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Қазіргі уақытта округтің 6 көшесінде жол құрылысы қызу жүріп жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, бұл көшелер бұрыннан жөндеуді қажет еткен. Енді жаңа жолдар салынған соң, көлік қатынасы жақсарып, ауылішілік қозғалыс анағұрлым қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ. Жол сапасының жоғары болуы күнделікті тұрмысқа оң әсер етеді. Сонымен қатар, 9 көшеде көше жарығын орнату жұмыстары басталды.

Бұл шара ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кешкі уақытта да ауыл өмірінің белсенді болуына ықпал етеді. Заманауи жарық шамдары орнатылып, энергия үнемдеу технологиялары қолданылады деп күтілуде. Балаларға арналған демалыс пен ойын аймақтарына да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 3 балалар ойын алаңшасының құрылысы қолға алынды. Алаңдар заман талабына сай қауіпсіз әрі тартымды етіп салынып жатыр. Бұл ауыл балалары үшін қуанышты жаңалық. Олар бос уақыттарын таза әрі жайлы жерде өткізетін болады.

Сондай-ақ, ауылдағы басты қоғамдық демалыс орны – саябақ жөндеуден өткізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, саябақ тұрғындардың серуендеп, демалатын сүйікті орнына айналатыны сөзсіз. Жаңа орындықтар, абаттандырылған жолақтар мен көгалдандыру жұмыстары ауыл көркіне көрік қосады. Бұл жұмыстар ауылдың келешегі үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар. Инфрақұрылымның жаңаруы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, ауылдың жалпы келбетін жақсартуға септігін тигізбек.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар