«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Іште қалған өкпе-реніш адамды ауру қылады

Іште қалған өкпе-реніш адамды ауру қылады
Автор
Мектеп қабырғасында білім алып, оны тәмамдаған соң әрқайсымыз бір-бір мамандық иесі болу үшін үлкен өмірдің есігін қағамыз. Мамандықты жүрек қалауымен таңдап, сол саланың нағыз маманы атанғымыз келеді. Ал білікті маман атану үшін өз салаңды жетік білу шарт. Міне, біз әңгіме еткелі отырған Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының невропатолог дәрігері Закир Азизов өз саласының білгірі, кең жүректі, аса жауапты маман. Оның емдеген науқастары жылы жүзді дәрігерді ешқашан ұмытпайды.

Закир Гулалиұлының қалалық көпбейінді емханада жұмыс істегеніне 3 жыл болды. 4 жыл Түркияның Стамбул қаласында қызмет етіпті. Бүгінде тәжірибелі невропатологтардың аздығынан ол №8 қалалық емханада және қалалық көпбейінді ауруханада жұмыс істейді. Аптасына екі рет кешкі уақытта емханада қабылдау жүргізсе, қалған күндері ауруханада. Бір қызығы, Закир Азизовтың отбасы түгел ақ халатты жандар, яғни, жанұялық дәрігерлер династиясы. Анасы Луиза Азизова – медбике, ағасы Вахит Азизов Алматыда травматолог дәрігер, екінші бауыры Стамбулда кардиолог.

– Дәрігер мамандығына қызығушылығым бала кезімнен басталды. Анам медбике болғандықтан үнемі жанына ертіп жүретін. Содан ба екен, мен дәрігер болуды қаладым. Стамбулдағы дәрігерлік жұмысымда көп тәжірибе жинақтадым. Ол жақта терапевт дәрігер ғана ем жүргізеді. Жүйе Қазақстаннан мүлде бөлек. Яғни терапевт бәріне қарайды. Өте күрделі жағдай болып қалмаса, науқастың барлық мәселесін терапевт шешеді. Мен терапевт болып жұмыс істедім. Әдетте біз невропатологтар басты және жүйке жүйесін емдейміз. Ол жақта дерттің өздігінен адамға жабыспайтынына сенеді. Дерт кейде адам өзі мойындағысы келмеген бір себептің ұшығынан болуы ықтимал. Мысалы, басқа адамның әсері, кінәсі, шектеулер, жанның мазасыздануы, жүріп өтуге тиіс жолдар. Ауру ол тығырық емес. Ол бір қияға тартқан бұрылыс. Ауруды адамдар тезірек құтылуға тырысатын жаман нәрсе деп қабылдайды. Мүлде олай емес. Ол шипа беретін үдеріс. Ол жанды емдейді. Ауруды алып тастай салуға болмайды. Егер адам іштей ауруын мойындаса, сол келісім игі әсер ететінін көруге болады. Яғни дерт өзінің мақсатына жетті деген сөз. Бірақ оның ушығуы қажет болған еді. Іштей ауруды қабылдау, оның өздігінен жоғалуына апарады, – дейді Закир дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, оған психозға ұшыраған адамдар көп келеді екен. Ересек адамдардың өзінде іште қалып кеткен өкпе реніш көп деп отыр. Соның бәрі сыртқа ауру болып, не өлімге апарар нүкте болып шығады. Кейбір адамдар әкесіне, не анасына, тіпті болмаса бауырына іштей өкпелі. Ашып айта алмайды. Бірақ шерменде боп қатып қалған. Шынында дәрігердің айтып отырғандары тұп-тура. Бастағы жаман ой, үнемі қараңғылықты көру, өзгеге жаман сөздерді қарша борату неврозға әкеледі. Білінбей басты зақымдайды.

– Бір нүктені айналып жүре беру – невроз. Бір шеңбердің бойынан шыға алмау – невроз. Адам тоқтаған нүктеге оралып, мақсат еткен жеріне жеткенше, қозғалысты үзбеуі керек. Діттеген жеріне жеткенде адамның неврозы басылады. Әйтпесе терапевт те, клиент те бір шеңберді айналып жүре береді. Клиенттің өкпе-ренішін жаза білсеңіз, жүрек қозғалысын қалыпқа түсіреді. Содан дерт өзі жазылады. Жаны нәзік адамдар неврозға жиі ұшырап жатады. Бір нәрсеге беріліп кету, соңына түсу жақсы емес. Не нәрсенің де ақыры бар. Миға жүк артып, қажыта берген дұрыс емес. Сары уайым, қайғыға берілу адамды жеп қояды. Жындыханадағы адамдарды қарасаңыз, көбі оқымыстылар, ғалымдар, ұстаздар. Тағы қайталап айтамын, әр нәрсенің шегі мен шеті бар. Өз өлшемі бар. Кітап оқысаңыз да, бір тірлікті қайталап істесеңіз де аз-аздан, бірақ үздіксіз жасау керек. Сонда ауру да айналып қашады. Бәрі біздің миымыздан, мидағы «кашаны» реттеу керек. Сонда ауру да реттеледі, – дейді невропатолог З.Азизов.

Негізі неврологиялық аурулар әлем бойынша күн санап өршуде. Неврология – медицинаның түп негізі. Барлық сырқаттылықтың жоғары көрсеткіші осы салаға тікелей тәуелді. Адамның жүйкесі оның, яғни адамның тұтас өзі. Невропатолог дәрігер жүйке тамырларының шеткі жүйесі ауруларын, жүйке тамырларының орталық жүйесі ауруларын, бас сүйек-ми және омыртқа-жұлын зақымдарының салдарын, тұқым қуалаушы ауруларды, шығу тегі әртүрлі моно және поли жүйкелік дерттерді емдейді.

Адам жаны қазақша мағынада айтқанда, жұмбақ, қалтарысы көп болса, жүйке жүйесіне қатысты барлық ауру түрі де сондай тылсым, тосыннан шығар құпиясы мол тақырып. Адам ашуланады, ренжиді, ол табиғи құбылыс деп қабылдаймыз. Өкпе реніш, ашу-ыза өтпелі сәттік құбылыс та болуы мүмкін. Бірақ тұңғиыққа түсетін, сарыуайымға салынатын күйзеліске түсіп кетсеңіз, неврологиялық ауруларды қолдан жасап аласыз. Сондықтан ертеден келе жатқан тәмсіл «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» ең дұрыс шешім. Сонымен қатар «ауру – астан» деген де ұғым бар бізде. Бұл да жанды сөз. Не ішесің, не жейсің – денсаулығының, әсіресе жүйке жүйесінің орнықты немесе тұрақсыздығы соның айғағы.

Қазіргі түрлі газды, энергетикалық, алкогольді сусындар – түкке тұрғысыз зиянды заттар. Мұның барлығы жүректің бұзылысына, мидың ретсіз жұмысына, жалпы бүкіл организмге кері зардабын тигізеді. Мұның бәрін дәрігермен сұхбаттаса отырып білдік. Тілек айтқанда бір-бірімізге зор денсаулық тілейміз. Алайда сөздің байыбына мән бермейміз. Расында денсаулығың басыңдағы алтын тәжің. Дені сау адамның талай мүмкіндіктерге жолы ашылады. Қарттық пен ауру иектеген адамнан қай сәтіңіз бақытты деп сұрасаңыз, «сау кезім, ауырмаған кезім бақыттырақ» деген жауап естисіз. Ендеше, күтініп жүріңіздер!

 

Рузана АЙҒАРАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар