«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі

Адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі
Автор
Өз нәсібін арам жолмен емес, адал кәсіп арқылы табу – асыл қасиеттердің бірі. Қазақ халқында да еңбек етуге шақыратын, адал кәсіп етуге үндейтін мақал-мәтелдер, жігеріңді жандыратын қанатты сөздер жетерлік. «Адал еңбекпен мал іздемек, арлы адамның ісі», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Еңбек етсең – емерсің», «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген.

Кәсібінің басым бөлігі мал, егін, ауыл шаруашылығы болып табылатын дала халқында еңбек етпеген жан ескерусіз қалатын. Сондықтан қажырлылық, адал кәсіппен мал табу баршамызға қойылатын басты талаптардың бірі. Адалдық әр нәрседе керек. Жалпы өзге үшін емес, ең біріншіден өзіміз үшін керек. Хакім Абайдың «Есектің артын жусаң да, мал тап» дейтіні бекер емес. Не істесең де адалынан істесең, берекеге кенелесің.

Жапондар бір жұмыстан бір жұмысқа секіріп жақсы жер іздегенше, өздері істеп жүрген жұмысты жақсы етіп алуды жөн көреді екен. Әрбір істі соңына дейін істеу өте маңызды. Тіпті аула сыпырушы болсаң да, сол істің биік деңгейіне шығуың керек. Өйткені не істейтінің маңызды емес, оны қалай істейтінің маңызды. Кішкентай істі жақсы істей алмаған адам, үлкен істі де мандырымды істей алмайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», – деп айтып өткен еді.

Президент қашанда адал ниетті шаруаларды қолдайды. «Аққа құдай жақ» деген. Ісің ақ болса, қорқатын дәнеңе жоқ. Мемлекеттен әлеуметтік көмек пен қолдау, грант, жеңілдетілген несие күтсеңіз, онда салықтан жалтармаңыз. Қазіргі кезде өз бетінше нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер өте көп. Алайда кейбір себептермен көп қаржы тауып жүрген бизнесмендердің өзі билік назарында жоқ. Жеке кәсіп ашып, орта және шағын бизнесті жүргізіп отырған бизнесмендер бақылаудан тысқары қалып отыр. Тысқары қалатын себебі, кейбірінің кәсіпкер ретінде тіркелмеуі, тіркелсе де салық төлемеуі себеп боп отыр.

Қытаймен бизнес жүргізіп немесе курс сатып, онлайн дүкен ашқандар бар, әлеуметтік желілерден миллиондап нәпақа тауып отырса да ел игілігі үшін салық төлегісі жоқ. Көп асаймын деп, тақырға отырып қалғандар да өмірде жиі кездеседі. Сондықтан салықтан жалтармай, өзіңе де, өзгеге де адал болған жөн.

Өңірімізде кәсібін адалынан тауып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Былтырғы жылы ел экономикасының дамуына үлес қосып, салықты уақтылы төлеп жүрген адал кәсіпкерлер марапатталған болатын. Қазақта жұмыстың көзін тапқан, байлықтың өзін табады деп бекерге айтпаса керек. Дәл осы талапқа сай келетін адал кәсіпкердің бірі – «Рысбаева және Ко» компаниясының иесі Сәуле Рысбаева. Оның өз еңбегін қалай құрғаны, тіршілігін қалай тіктегені жайлы жалпақ жұрт жақсы біледі. Тіпті құлдырап бара жатқан бизнесін аяқтан тік көтерген де осы нәзік жанды Сәуле Мақшанқызының өзі.

– Мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Сонда таза, адал еңбек Алла Тағала алдында мәртебелі болмақ. Жалпы, шариғат бойынша адал кәсіп жасаудың өзі құлшылық болып есептеледі. Ешуақытта табысымызды, салығымызды жасырған емеспіз. Бізде бәрі айқын. Кәсіп бастаған 30 жылда салықтан жалтармадық. Халыққа адал қызмет көрсеттік. 2023 жылы өзім басқарып отырған «Рысбаева және Ко» ЖШС 5 764 625 теңге, «R-плюс» ЖШС 13 543 554 теңге, «Асыл апам» шаруа қожалығы 1 816 523 теңге салық төлеппіз. Жалпы құны бір жылда үкіметке 21 124 702 теңге салық төлеппіз, - дейді Сәуле Мақшанқызы.

Тек кәсіпкерлікте ғана емес, қай салаға болса да адал адам қажет. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Бағдат Майлыбаева да адал еңбек бәрін жеңбек деген ұстанымда. Ол бүгінде «Bakonya» тігін фабрикасының түтінін түтетіп отыр. Таразда және Астана қаласында орналасқан тігін әрі сән үйінің тіршілігі қауырт. Ол сонымен қатар мейрамхана, балабақша ісінде де алда. 2023 жылы «Үздік салық төлеуші» номинациясын жеңіп алған. Себебі халық алдында жүзі ашық. Әрбір тапқан табысын ашық көрсетіп, салықты да орнымен уақытылы төлеп отыр.

– Әрбір ісімізді адалынан атқарғанға не жетсін! Ішкен асымыздан бастап, киер киімімізге, істер ісімізге дейін адал болғаны жөн. Сондықтан әкемнің берген тәрбиесі бойынша мен өмір жолымда да, кәсіп жолында да баршаға адалмын. Тапқан табысымды ешкімнен жасырған емеспін. Салықты да уақытылы төлейміз. Мобильді аударымдардың тексеріліп жатқанын білесіздер. Бұл дұрыс. Көлеңкелі бизнеске тосқауыл бұл. Біз секілді адал салық төлеушілерге мобильді аударымдарды тексеру әсер етпейді. Әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асқаны дұрыс. Барлық кәсіпкерлер тең, алынған табыстан салық төленуі тиіс, – дейді Бағдат Асаубайқызы.

Асылында, кәсіптің ең абзалы – өзінің мұқтажын өтеп, өзгелерге пайда тигізетін кәсіп. Дана Абай қара сөзінде: «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйікті құлының бірі боласың» демей ме? Отбасын адал жолмен асырау мақсатында еңбек еткен адамның мерейі тасып, ырысы көбейетіні хақ.

 

Альмира КЕРІМБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар