«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Коллектор борышкердің шотын бұғаттай ала ма?

Коллектор борышкердің шотын бұғаттай ала ма?
Ашық дереккөз
Қарыз өндіруші компания борышкердің банк шотын бұғаттауға қаншалықты құқылы? Борышкерсіз бе, қарызыңыз коллекторлық агенттікке өтті ме? Көп жағдайда коллекторлар борышкерді қорқытып, үркітіп жатады. «Қарызды қайтармасаң, басшыңа телефон соғамыз» немесе «Үйіңе барамыз» деген секілді қоқан-лоққы да көрсетеді. Осы коллектордың тарапынан қаншалықты дұрыс? Тіпті аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын коллекторлар да көп. Ендеше өз құқыңызды біле жүріңіз.

«Коллектор мерзімі өткен несиесі үшін борышкерді түрмеге жаптыра алады». Ел аузында осындай пікір бар. Бұл, әрине, шындыққа жанаспайтын ақпарат. Коллекторлық компания қарыз өндіруші мекеме екені белгілі. Қаржы ұйымынан алған қарызды борышкерден өндіру үшін онда жұмыс істейтін қызметкер, яғни коллектор қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Түрлі айла-шараларды қолданып, «қарызыңды жаппасаң, түрмеге жаптырам» деп те қорқытуы ғажап емес. Біле жүріңіз, коллекторда ондай құзырет жоқ! Бұл жайында бізге коллектор Назгүл Естеусізова айтты.

– Қазақстанда «Коллекторлық қызмет туралы» арнайы заң бар. Сол заңның 5-бабында: «Коллекторлық агенттікке қарыз бойынша өзі жұмыс жүргізетін борышкердің құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей және сол адамға мүліктік, болмаса, басқа да зиян келтіретіндей заңсыз әрекеттерге баруға құқық берілмейді» деп тайға таңба басқандай жазылған. Демек, қарыз өндіруші тарапқа азаматтың бостандығын шектеуге, яғни, өтелмеген қарызы үшін оны түрмеге қаматуға құзырет берілмеген деген сөз. Жалпы, борышкерден қарыз өндіру ісінде реттелмей қалған мәселелер болуы мүмкін. Ондай істер «Азаматтық кодекспен» ғана қаралады. Ол да жоғарыда айтылған «Коллекторлық қызмет туралы» заңның 4-бабында көрсетілген. Мерзімі өткен несиеге байланысты коллектор борышкердің банк шоттарына шектеу қоя ала ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенсек, қарыз өндіруші компанияда ондай құзырет жоқ. Азаматтың банктегі шоттарына шектеу қою үшін сот орындаушысының немесе тергеу судьясының қаулысы керек. «Заңмен тікелей уәкілеттік берілген адамдарды есепке алмағанда, сот орындаушысының ісіне араласуға ешкімнің құқығы жоқ», – дейді ол.

Яғни коллекторлық компания уәкілетті ұйымға жатпайды. «Қаржылық сауатқа» пікір білдірген Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы Назгүл Естеусізова еліміздегі қарыз өндіруші ұйымдардың екі түрлі бағытта жұмыс жүргізетінін айтады. Назгүл Естеусізова, Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы:

– Коллекторлық агенттіктер екі түрлі бағытта жұмыс жүргізеді. Біреуі – уақытша өндіру мақсатында, яғни микроқаржы ұйымдарынан болсын, банк тарапынан болсын, солардың талабын талап етеді. Борышкерге талабын жеткізеді. Ал кейбір коллекторлық агенттіктер берешегіңізді сатып алып жатады. Ол кезде, әрине, коллекторлық агенттіктің өз меншігінде. Ол өзі біледі, бөліп төлеттіре ме, сол аяда өзі шеше алады. Коллекторлар қарыз өндіру кезінде заңға қайшы әрекеттерге баруы мүмкін. Ондайда борышкер болсаңыз да, өз құқыңызды білген жөн. Мәселен, банк алдындағы қарызыңыз коллекторға өтті ме, ол ұйымды да тексеріп алыңыз. Заң аясында жұмыс істейтін қарыз өндіруші компаниялар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген болуы шарт. Сізге телефон шалғанда коллектор өзі жұмыс істейтін агенттіктің атауын, тіркеу нөмірін және мекенжайын көрсетуге міндетті. Егер коллекторлық агенттік өкілімен келіспеушілік туындаса, қызметінде заңсыз әрекеттерге барып жатса, Ұлттық коллекторлар палатасының https://stop-collector.kz/ сайтында арыз қалдыруға болады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар