
Иə, қай қоғамда да заңды сақтау – əділеттіліктің негізі, теңдік пен тəртіптің кепілі. Ал конституция қағидаты сақталмаған жерде əділетті мемлекет құру мүмкін емес. Бұл ретте құқық қорғау органдарына артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Қуанарлығы, бұл күнде өңір аумағында қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар – 20, ұрлық – 27,3 жəне бұзақылық 8,8 пайызға бəсеңдеген. Сондай-ақ тонау, бопсалау, адамдар тобы мен жасөспірімдер қылмысының төмендеуінде оң динамика қалыптасқан.
«Заң мен тəртіп»: қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» облыста заңдылықты, құқықтық тəртіпті жəне қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров осылай деп мəлімдеді. Жиынға жергілікті атқарушы, арнайы жəне құқық қорғау органдарының басшылары, мəслихат депутаттары, кəсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым белсенділері, журналистер мен еріктілер, педагогтер, спортшылар жəне өңір тұрғындары қатысты.
Басқосу барысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, есірткіге және алаяқтыққа қарсы күрес шаралары сараланып, үш және одан көп әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған тұлғаларды анықтау, оларға әлеуметтік желілер арқылы ескертулер жіберу және қайталама бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-қимыл алгоритмін әзірлеу үшін жұмыс басталғаны белгілі болды. Бұдан бөлек кеңесте өңірдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті арттыруға бағытталған «Қоғаммен байланыс», «Қауіпсіз балалық шақ», «Komek Stop Bullying Jambyl» және «Есірткісіз болашақ» секілді облыстық прокуратураның жобалары көпшілікке таныстырылды.
Айта кетейік, осы күнге дейін прокурорлар «Қоғамдық байланыс» жобасы аясында 10 мыңға жуық адам қамтылған азаматтарды қабылдау бойынша көшпелі акциялар өткізген. Нәтижесінде, құзырлы орган өкілдері 100 мыңға тарта жамбылдық тұрғындар айтқан өткір мәселелердің нақты шешімі табылуына жәрдемдескен. Өз кезегінде прокурорлар Б.Момышұлы атындағы №45 «Qalqan» гимназия оқушыларының балалар арасында буллингке қарсы тұруға, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобасына ерекше назар аударған.
Кеңесте Нұрғалым Мәжитұлы өңірдің 32 ауылында алкоголь өнімін сатудан бас тартқан кәсіпкерлерге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ облыс прокуроры жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы іс қимыл жөнінде жауаптыларға қосымша нұсқаулар берді.
Іс-шара соңында арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер, педагогтер, спортшылар және қылмысқа қарсы күреске белсенді қатысқан өңір тұрғындары облыс прокурорының Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтқанда, бұл күні Жаннат Қарамырзаева «Үздік психолог» атанса, Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясы «Үздік жоба» номинациясын иемденді. Ал «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында Алмас Кабылов «Үздік учаскелік инспектор» атағына лайық деп танылды.
Дәл осы полицей есепті кезеңде өзіне бекітілген аумақта құқықбұзушылықтардың орын алуына жол бермегенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы күні ауылдық округтің қауіпсіздігі мен абаттандырылуын қамтамасыз еткені үшін «Үздік ауылдық округ» номинациясында – ауыл әкімі Ғазиз Абаханов, соңғы жылдары бірде-бір бұзушылық орын алмаған «Үздік ауыл» номинациясында – ауыл әкімі Жардис Усейнов пен алкогольдік ішімдіктер сатудан бас тартып, салауатты өмір салтын насихаттағаны үшін «Үздік адал кәсіпкер» номинациясы бойынша Гүлнар Есеналиева марапатталды. Ал ақпараттық салада құқықбұзушылықпен күреске белсенді атсалысқаны үшін әріптестеріміз Михайл Тё, Айжан Әуелбекова, Исламбек Дастан, Мерей Бает, Анастасия Сулейманова мен облыстық «Знамя труда» газетінің ұжымы құрметке бөленді.
Бұдан бөлек интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша сапалы тергеу жүргізгені үшін Сержан Жапарбеков («Үздік тергеуші»), есірткі зертханаларын анықтауда үздік әзірлеме дайындығы үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің қызметкері Бауыржан Жасар («Үздік жедел уәкіл»), есірткі дүкендерін анықтап, жолын кесу бойынша белсенділік танытқан облыстық полиция департаментінің өкілі Әділет Көбеев «Үздік жедел уәкіл» және есірткіге қарсы күресте жастардың әрекеттерін ұйымдастырған «Қазақстан студенттерінің альянсы» филиалының жетекшісі Даурен Байпақ «Үздік ерікті» номинациясына қол жеткізді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды
- 24 маусым, 2025
Тараз құрамасы – тұғыр биігінде
- 24 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді