«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаржылық сауаттылық мектептен басталуы тиіс

Қаржылық сауаттылық мектептен басталуы тиіс
Ашық дереккөз
Қаржылық сауат – қолдағыны ұқсату ғана емес табысты тұлға тәрбиелеп, қарызсыз қоғам құру қағидасы. Несиені несібем деп ай бойы тапқаныңды берешекке берумен күн кешу немқұрайлық. Есеп жүргізу ессіздік деп түсінетін жұртшылық «теңге тиыннан құралатынын» ұмыт қалдыра береді. Халықтың қалтасының қампаюына мемлекет те мүдделі. Бұл бағытта Үкімет 2020 жылы «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.

Тұжырымдаманың тұздығы – ел тұрғындарын жеке және отбасылық бюджетті тиімді басқаруға баулу. Бүгінде қаржылық сауаттылық – қолдағы ақшаны тиімді жұмсау деген тар түсінік шеңберінде қалып тұр. Тұжырымдама осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қаржылық сауаттылық «құрамын» қалыптастырды. Сонымен қаржылық сауаттылық, ең бірінші, ақшамен байланысты қызметтер мен құралдарды пайдалана алу, екінші, қаржыны басқару болса, үшінші, қаржы жүйесінен хабардар болу. Соңғысының салмағы ауыр. Себебі банк ұсынатын пайыздар, зейнетақы қорына жасалатын аударымдар мен салықты қадағалауға халық құлықсыз. Тіршіліктің ажырамас бөлшегіне айналған «ақшаны қолдың кірі» деген тордан құтқаратын кез жетті.

Бағамдасақ, ақша – жақсы өмірге жетелейтін, білім белесін бағындырудың, қоғамға қарайласып, әлемді танудың таптырмас құралы. Сондықтан болса керек, кейінгі 3-5 жылда халық арасында қаржы қағидасын білуге құлшыныс танытқандар қатары қалыңдап келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келтірген сандарға сенсек, 2021 жылы азаматтардың қаржылық сауаты 39, 52 пайызды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 пайыздық тармаққа артқан. Әсіресе жеке қаражатты басқару сегментіндегі көрсеткіш 42, 57 пайызды құраған. Халық санасында ақшаны қалай жинаған дұрыс деген сауал актуалды.

Қаржыгерлердің беретін бірінші әрі маңызды кеңесі ай сайынғы табыстың 10 пайызын үзбей жинау. Жинаудың мақсаты мен мөлшері, мерзімі айқын болғанда негізсіз ақша жарату тәуекелі төмендейді. Қаржыны жаратуды жоспарлау да ақша жинаудың алғышарты. Сондай-ақ күнделікті қажетіңізге ақшаны қолда ұстау да эмоциялық сатып алуларды азайтып, жинап жатқан қаржыңызды көбейтеді. Ал ақшаны банк картасында, депозитте не үйде жинау әркімнің өз құзыретінде.

Қаржылық сауатты арттыру сұранысы жыл жылжыған сайын артып келеді. Оған тұрғындардың ақшасын негізсіз жаратумен бірге алаяқтық әрекеттердің құрбаны болуы да әсер етіп отыр. Amanat партиясы қоғамның құртына айналған әрекеттерден жұртты сақтандыру, қаржылық сауатты болуға серпілту мақсатында «Қарызсыз қоғам» ақысыз жобасын қолға алды. Банкке берешегі бар және жеңілдетілген несиемен кәсіп бастағандардың басын қосып ақшаны тиімді басқаруды үйрететін жоба 1 жылда 80 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отыр.

Басымдық ауылдағы ағайынға бағытталған. Цифрлық технологиялар қарыштаған дәуірде жаңашылдықтың қадамынан қалмау үшін «қаржылық сауатты» ерте жастан білген абзал. Мұның бір шешімі – мектеп қабырғасында қаржы қағидаларын меңгерту. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Құрылтайда:

«...Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді», – деп бастама көтерді.

Білім беру ұйымы, қаржы орталықтарында үйретілуі керек функциялар нағыз практик мамандарға тапсырылуы тиіс. Мұғалімдерді қайта даярлау мен оқытудың оңтайлы жоспарын жүзеге асыру да шешімін күтетін жайт. Халық «Ақшада көз жоқ», деп қалып айтпайды. Көзсіз дүниені бастағы көзбен, санамен басқару тұлғалық жауапкершілік. Ендеше, табысты өмір сүру өз қолыңызда екенін есте ұстаңыз, оқырман!

 

Аружан СҰЛТАНОВА,

 М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті

Ұқсас жаңалықтар