
Қанша жерден даурықпайық десек те дәл осыны күтіп отырғандай ірі мегаполистерде үйдің құны және жалға алушыларға пәтер ақысы қымбаттап шыға келді. Әрі доллар да тұрақтап тұрған жоқ. Ол әлі де өседі. Бұл сөзді экономистер растап отыр. Қаламыздағы экономист маман Айсана Тымбаеваның сөзіне құлақ түрейік.
– Доллардың ресми бағамы – 499 теңге. Бірақ оны әр қаладағы валюта айырбастау орындары 508, 511, 515 аралығында саудалап жатыр. Өздеріне ақша жасау үшін әрине, олар солай істейді. Қала ішіндегі валюта айырбастау пункттерін аралап шықсаңыз өзіңіз жағдайға қанығасыз. Біз оларды жазғыра алмаймыз. Экономист ретінде айтарым – рубль арзандаса, инфляция болады, ақша құнсызданады. Сырттан келетін азық-түлік, құрылыс заттары, киім-кешек, бөлшек сауда бәрі қымбаттайды. Сондықтан бірінші орында ұлттық төл теңгеміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұдан шығатын бір ғана жол бар. Тек өз өнімдерімізді, отандық тауарларды,шикізаттарды көбейтуіміз керек. Не шығарсақ та сырттан емес, өзімізден болсын. Сонда ғана ол долларға әсер етпейді. Енді қымбатшылық белең алады. Қара аспан төндіріп тұрғаным жоқ. Доллар көтерілмесе, түспейді. Күзде тағы көтерілуі мүмкін, – деді ол.
Қаржы маманы Айсана Тымбаева экономиканы қалпына келтіру үшін ішкі және сыртқы туризмді дамыту керектігімізді де тілге тиек етті. Үшіншіден, мұнай мен металлургия саласын және су, жер мен электр желілерін реттеп, үнемге көшсек дегенді айтты. Бұдан соң біздер ақша айырбастау пункттерін аралап көрдік. «Мост», «Султан и К», «Қазына 08», «Евро Тараз», «Казпочта», «Нурбанк», «Фридом финанс Казахстан» бәрінде 508 бен 513 теңгеден долларды қабылдап сатып алып, сыртқа 523 теңгеден сатып жатыр екен.
– Мен «Евро Тараз» ақша айырбастау пунктінде жұмыс істеймін. Таңғалатын несі бар? Бізге доллар айырбастайтын адамдар өте көп келеді. Қалыпты жағдай ғой. Қазан айының соңында да, қарашаның басында да доллар өсті. Күздің соңғы күнінде доллар өсіп еді, елдер шулап кетті. Ресейдің рублі арзандаған соң, шетелдегі болып жатқан саяси жағдайларға да байланысты доллар өсті. Бәрібір де жаңа жылдан соң міндетті түрде бәрі қымбаттайды. Сондықтан менің халыққа айтарым – доллармен жинаңыздар. Сонда ұтасыздар. Айлығыңыздың кішкене бөлігін долларға айырбастап жия беріңіздер. Күні ертең не боларын білмейсіз. Сабан ақша ұстап қалмаңыздар. Төл теңгемізге мен құрметпен қараймын. Десе де теңге әлсіреп тұр. Себебі неден екенін әрқайсыңыздың жүрегіңіз сезеді. Таразда байлар көп екен. Қаржылық сауаттылығы жоғары адамдар өте көп. Менің алдыма қарапайым киінсе де бума-бума доллар ұстағандар көп келеді. Айлық алысымен долларға айналдырып қоятындар көп. Оларға кеңесімді беріп, қуанып қаламын. Доллармен жинасаңыз, акцияларыңыз, құнды қағаздарыңыз болса үш есе ұтасыз, – дейді Виктор Шелшук атты маман.
Ол мұнда қарапайым қызметкер, қаржы маманы. Көбіміздің жалақымыздың тең жартысын азық-түлікке жұмсайтынымыз өтірік емес. Енді халық күнделікті ішіп, жеп отырған өнімдерінің шарықтап кетпеуін тілеп отыр. Көршім Бақыт Сәрсенбиеваның жасы 67-де. «Дәмді себет» дүкендер желісінен барып тек акция кездерінде ғана керек-жарағын әкеп алады.
– Мен үлкен дүкендер желісінде макарон, тұрмыстық химия, шұжық өнімдеріне жеңілдік болған кезде қос-қостан әкеліп аламын. Ал нан, сүт, жұмыртқа сынды өнімдерді күнде пайдаланамыз. Бағасы өсіп кетпесе екен деп отырмын. Алатын зейнетақым жүз мыңға да жетпейді. Телеарнадан бәрін көріп, зейнеткер болсақ та елдегі жағдайларды біліп отырамын. Күні кеше Ұлттық банк төрағасы бағаның күрт өзгеруіне, әсіресе азық-түлік бағасының өсуіне алаңдамаңыздар деді ғой. Себебі көп тауар өзімізден өндіріледі деп жауап берді. Соған сеніп отырмыз енді, – дейді көрші Бақыт Айханқызы.
Ел ішінде шетел валютасына сұраныс артқан. Ұлттық Банк теңге бағамының тұрақтылығы мен валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы теңге бағамын тұрақтандыру үшін интервенция жүргізуге 1 миллиард доллар жұмсалатынын айтты. Доллар өскенімен, әзірге нарық бағасы тұрақты. «Үйдегі сауданы базардағы баға бұзады» дегендей, азық-түлік пен тарифтердің, жанармайдың бағасы бір орнында тұр. Егер шикізат пен өнім өзімізден болса, делдалдар ашкөз болмаса баға да тұрақты болар еді.
Альмира КЕРІМБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Құтқарушылардың әр күні қауырт
- Бүгін, 04:59
Бүгінгі заманның журналистері қандай болуы керек
- Бүгін, 04:45
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді