Колледж түлектерінің 37 пайызы ғана жұмысқа орналасқан
- author «Ақ жол»
- 12 маусым, 2025
- 399

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін еліміздің еңбек нарығында 2 миллионға жуық маман қажеттігі туындайды. Ал олардың тең жартысы, яғни бір миллионы кәсіптік техникалық білімі бар қарапайым жұмысшылар болуы шарт. Техникалық және халыққа қызмет көрсету бағытында мамандар даярлайтын колледждер саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде еліміз бойынша кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады. Бүгінде облыстағы 22 кәсіптік техникалық колледжде 20119 студент білім алуда. Оның 13371-і немесе 66,9 пайызы мемлекеттік грант есебінен, 6848-і немесе 33,1 пайызы ақылы негізде мамандық игеруде. Облысымыз химия саласының флагманы екендігін ескерсек, бұл бағытқа да маман сұранысы жоғары болатындығы түсінікті.
Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру жүйесіне серпін беретін «Жаңа кәсіптер атласында» өңірге қажетті негізгі 5 сала агроөнеркәсіп, тау-кен, баламалы энергетика, туризм, көлік және логистика бойынша мамандар дайындауға басымдық берілуде. Дегенмен бүгінгі күні қаламыздағы кәсіптік және техникалық оқу орындарында даярланған мамандарға сұраныс қандай, мемлекеттік грантпен оқуға қабылданған студенттердің талапқа сай білім алуы қандай деңгейде, колледждерге оқу гранттарын жариялауда қоғамға керекті қандай мамандықтарға басымдық берілуде, маман жұмысшылар мен қызметкерлерді даярлау жұмысы қалай жүзеге асуда?
Қаламызда кәсіптік білім беретін оқу орындарының білімі көңіл көншіте ме? Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қаншалықты тиімді? Еңбек нарығы сұранысын өтей алып отыр ма, мамандық алып шыққан түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші жөніндегі оқу орындары беріп отырған деректер қаншалықты шындыққа жанасады? Зерделеу жұмыстарының басы-қасында жүрген Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімов былай дейді.
– Қоғамдық сараптама нәтижесі колледждердің көпшілігі нарықтағы сұранысты ескермей, оңды-солды мамандар даярлап, диплом таратып жатқан сыңайлы деген тұжырымға келіп отыр. Өйткені кәсіптік техникалық білім беру орындарында даярланған мамандардың көбісі бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Мұндай мамандарды заманауи тәсілмен жұмыс жасайтын зауыт фабрикалар қайта даярлаудан өткізуге мәжбүр, сол себепті оларды жұмысқа алуға соншалықты қызығушылық танытпайды. Оқу орны мен тапсырыс беруші кәсіпорындар арасындағы жасалған келісімшарттар, сұраныстар сол айтылған, жолданған күйінде қалып қояды. Демек бюджет қаражатына кәсіби мамандық алып шыққан түлектердің басым бөлігі аталған мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа қабылданбайды. Мысалы, орта білім бағытында қаламызда химия өнеркәсібінің мамандарын Жамбыл политехникалық колледжі және Тараз гуманитарлық техникалық колледжі дайындайды. Аталмыш колледждерде өткен оқу жылында «химиялық технология және өндіріс» және «зертханалық технология» мамандықтары бойынша жалпы саны 97 түлек бітірген. Осы түлектердің 36 сы немесе 37,1 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Ал аталмыш оқу орнының дипломын алып шыққан қалған 61 түлектің қазіргі уақытта немен айналысып жүргендігі оқу орнының назарынан мүлдем тыс қалған. Бүгінгі күннің талабы қажетті-қажетсіздігіне қарамай, мамандықтарды бірінен соң бірін топырлатып әзірлей беруді құптамайды. Сондықтан бюджет қаражаты есебінен мамандар әзірлеу кезінде тапсырыс берушілердің нақты қандай мамандық пен қанша түлекті қажет ететіндіктерін басты назарда ұстау керек, – дейді Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Әбетайұлы.
Жыл сайын оқу жылының соңына таман қаладағы кәсіптік-техникалық колледж мамандары мектептерді аралап, 9-сынып оқушыларын өз оқу орындарына келуге үгіттейді. Өкінішке орай, қазақ баласы кәсіптік-техникалық колледждерге түсуге онша қызығушылық танытпайды. Жұрттың көпшілігі балаларының кәсіптік колледжде оқып, токарь, слесарь, дәнекерлеуші болудан гөрі ақыры ақша төлеп оқитын болған соң, үстіне аз-маз қаржы қосып, бірден жоғары оқу орнында оқытып, әйтеуір бір жоғары оқу орнының дипломын алғанын қалайды. Олары, әрине, дұрыс та шығар. Бірақ осы бір үрдістің салдарынан еліміз қарапайым жұмысшыларға зәру болып отыр. Есесіне, дипломды жұмыссыздар саны жыл сайын көбейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында осы жайтты ескере отырып, «Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек», – деген талап қойып отыр.
Техниканың маңайында жұмыс істейтіндер негізінен өзге ұлттың өкілдері. Өзге ұлттың қыз балалары шаштараз және аспаз, ал ер балалары электрик, токарь, слесарь, дәнекерлеуші мамандықтарын таңдап жатады. Өзіміздің жастарымыз маманданбаған соң шекара асып келген, қолына кетпеннен басқа құрал ұстап көрмеген көрші елдің бұрынғы диқандары немесе ауылда екі қолға бір жұмыс таппай жүрген, арзан қолды жалдамалы жұмысшылар құрылыстарымызды жүргізуде. Елімізде жаңадан салынған көппәтерлі үйлерден жыл өтпей жатып түрлі кінәраттар табылу себебінің бір ұшы осында жатқан болар. Қоғамдық кеңес тарапынан жүргізілген мониторингтік зерделеу нәтижесі көптеген колледждердің материалдық техникалық базасы кадрларды даярлау сапасын және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тартымдылығын қамтамасыз ете алмай отырғандығын көрсетіп отыр екен.Бұл жайында қалалық қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Сәкен Қондыбаев айтты.
– Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзету мекемесі жанындағы №15 мемлекеттік колледжді алайық. Колледжде білім беру бағдарламалары 80 пайыз ескірген, көне технологиялар пайдаланылуда. Білімгерлер оқу барысында осы күні өндірісте пайдаланылып жүрген жабдықтармен емес, кеңес заманының 60-70 жылдары пайдалануға алынған көнерген технологиялармен танысады. Оны үйренгеннен не пайда? Колледж түлегі ертеңгі күні өндіріс орнындағы заманауи жабдықтармен қалай жұмыс істейді? Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында сапалы білім беріп, білікті маман даярлау үшін жаңа үлгідегі дәнекерлеу аппараттары, реостаттары, кескіштер, фрезерлік станоктар, токарлық станоктар, ағаш өңдеу құралдары, электро құрал-жабдықтары қажет. Кәсіптік-техникалық колледжердің басым бөлігінде, әсіресе жекеменшік оқу орындарының материалдық базасы нашар, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Теория ғана бар, практика жоқ. Беретін білімді құр қағаз жүзінде оқытқаннан түк пайда болмасы белгілі ғой. Оқу базасының өндірістік талаптарға сай болмауы болашақ мамандардың жұмыс орнына бейімделуіне кері әсерін тигізетіндігі айтпаса да түсінікті. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне келсек 2024-2025 оқу жылында 19 кәсіптік-техникалық білім беру колледжінде 20119 білімгер оқып жатса, олардың небәрі 5197-і немесе небәрі 25,8 пайызы, ал мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатқан 13273 студенттің 4127-сі немесе 31,1 пайызы ғана дуальды оқытумен қамтылған. Өткен оқу жылында 2-ші, 3-ші және бітіруші курстардың білім алушыларының небәрі 31 пайызы оқу өндірістік практикадан, диплом алды іс-тәжірибеден өткен. Дуальды оқыту әдісін кеңінен қолданысқа енгізсе еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, сонымен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттыруға септігін тигізер еді деп білеміз. Колледж басшылары материалдық техникалық, оқу-зертханалық және ғылыми базасының деңгейінің төмендігін қаржылық дербестіктің болмауымен түсіндіреді, – дейді ол.
Иә, шын мәнінде колледждерге қаржылық дербестік беру туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін еліміздің Оқу ағарту министрлігі биылғы жылдың қыркүйегінен бастап, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білімгерлерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаятындығын, қазіргі бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңге болса, енді ол орташа есеппен 912 мың теңгеге дейін көбейетіндігін, алдағы уақытта Қазақстандағы колледждерде білім беру жүйесі жаппай ақысыз негізде болуы мүмкін екендігі туралы айтқан болатын. Сондай-ақ оларды қаржыландыру көздерін әртараптандыру, оның ішінде колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысынан бөлек, жұмыс берушілер тарапынан кадрлар даярлауға мақсатты тапсырыстар орналастыру, өз тауарын шығару, қызмет көрсету есебінен табыс табу мүмкіндігін беру жолдары қарастырылып жатқандығы жөнінде министрліктің интернет ресурстарында жағымды жаңалықтар жарияланған болатын.
Жуырда бұқаралық ақпараттық құралдары колледждерді қаржыландырудың жаңа тәртібі енгізілгендігі туралы хабар тарата бастады. Жамбыл облыстық білім басқармасының дерегінше 2024 жылы қаладағы 21 колледжге жалпы сомасы 3 миллиард 836 миллион 486 мың теңгені құрайтын 13371 мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Мемлекеттік грант құны бір балаға шаққанда 33175 теңге мен 40 800 теңге аралығындағы бюджеттік қаржыны құраған. Осы орайда айта кетерлік жайт – колледждерді түгелдей мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуге көшіру олардың арасындағы бәсекелестікті де жойып жіберетін секілді. Олар өзара бәсекелесіп, материалдық техникалық базасын жақсартудың орнына мемлекеттік тапсырысқа арқа сүйеп отырып алуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Осы орайда зерделеу жұмыстарының басы-қасында жүрген кеңес мүшесі, Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалының төраға орынбасары Уәлихан Болатбек өз ойын білдірді.
– Тараз қаласында педагогика саласы мамандарын дайындаумен 8 колледж – нақтырақ айтсақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, Тараз Ғасыр колледжі, Тараз «Парасат» жоғары колледжі, «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі, «Астана» көпсалалы колледжі, Қазіргі заман гуманитарлық техникалық колледжі, Тараз инновациялық көпсалалы колледжі айналысады. Өткен оқу жылында аталмыш оқу орындарын 873 білімгер бітірсе, оның 775-і немесе 70,5 пайызы алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Бүгінгі нарық заманында білім берудің де бәсеке алаңына айналуы орынды шығар. Дегенмен мемлекеттік грант иегерлерінің тарыдай шашырап кетуі колледждерді қаржы жағынан, ал білімгерлердің білім сапасы жағынан ұтылысына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан оларға мемлекет тарапынан бөлінетін білім гранттарының маңызы өте зор екендігі түсінікті, әрине. Дегенмен осы саланың мамандарын дайындауға бөлінетін гранттарды әлеуетіне, қалыптасқан мықты базасына қарай берген жөн болар еді. Облыстық білім басқармасының берген деректеріне сүйенсек, қаладағы колледждерді 2024 жылы бітірген 5455 түлектің 2327-сі немесе 42,7 пайызы жұмысқа орналастырылған. Ал түлектер туралы колледждер ұсынған статистиканы талдасақ, 80-90 пайызға жуығы жұмысқа орналасқан болып шығады. Себебі бұл жерде деректі жинау, қалыптастырудағы алгоритм мүлдем қате. Мәселен, колледжді бітірген 10 білімгердің екеуі жұмысқа орналасты, алтауы жоғары оқу орнына түсті, әскерге кетті, маусымдық жұмысқа шықты делік. Ал статистикада колледж басшылығы 10 түлектің 8-і жұмыспен қамтылды деп көрсеткен. Сондықтан бұл дерек жинау үрдісі формальдылықтан арылып, нақтылыққа құрылса шынайы көрсеткіш болар еді, – дейді Уәлихан Болатбек.
Тараз қалалық қоғамдық кеңесі тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесіне қарағанда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде түрлі себептермен 216 білімгер оқудан шығарылған. Оның 21-і сабаққа қатыспауына, 118-і академиялық демалыс алуына байланысты оқудан шеттетілген. Ал колледждегі 2060 білімгердің 89 пайызы ай сайын шәкіртақы алып отырған. Жоғарыда келтірілген жағдайды, білімгерлердің оқу үлгерімін және сабаққа қатысу деңгейін қадағалайтын бағдарламалардың орындалуына жеткілікті бақылаудың жоқтығы деп түсінбеске амал жоқ.
Облыстық білім басқармасының кәсіптік және техникалық білім бөлімі берген мәліметтерге көз салсақ, бүгінде колледждерде 1336 оқытушы-педагог жұмыс істейді, оның 151-і немесе 11,3 пайызы ғана өндірістік оқу шебері. Колледждердегі педагогтердің 105-і немесе 7,9 пайызы зейнет жасындағылар, 30 пайыздан астамы – 55 жастан асқандар. Бейіндік білім жоқ педагогтер саны да жетіп артылады. Жағдай осылай жалғаса берсе, олардың орнын алмастыратын лайықты ізбасарлар әзірлеудің ауылы алыстай беретін сыңайлы. Жұмысшы мамандықтары жылы – бұл тек білім беру саласында ғана емес, еліміздің экономикасын дамытуға да үлес қосатын маңызды кезең болмақ. Бүгінгі күні техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның айы оңынан туып тұр. Түптің түбінде ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасының көздеп отырғаны да осы.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді