Ешбір өлең, кітап та жеткізе алмас, Ана менен баланың махаббатын
- author «Ақ жол»
- 10 маусым, 2025
- 204

АНА
Ана,
Білмеймін, қалай өлеңге сыйғызарымды,
Саған деген перзенттік махаббатымды.
Саған мәңгілік борыштармын, білем,
Сен мәңгі үзбейсің шапағатыңды.
Ана,
Сенің асқақ даңқың да, биік бағаң,
Есіміңді о баста-ақ сүйіп қалғам.
Сен мендік қараңғылық шамындайсың,
Жарық сәулең шамшырақ, жылу маған.
Білем, ана, сеземін барлығын да,
Салынасың сен үнсіз қайғы-мұңға.
Алаңдап қарайсың әр қадамыма,
Көз тастап беймәлім болашағыма.
Не десе де, ешкіммен жоқ шаруам,
Өзіңе қараймын да қайраттанам.
Мінсіздік менің білем, мойнымда жоқ,
Тарту етіп мен саған өлең жазам.
Анашым, ардағымсың, ана жаным,
Сөзбен қалай мен айтып тауысамын?
Ешбір өлең, кітап та жеткізе алмас,
Ана менен баланың махаббатын!
СЕЗІМ ІЗДЕУ
Неліктен мен ессіз ғана ғашықпын,
Есім кетіп бір жанға?
Неге мен өзімді ұмытуға асықпын,
Ұмтыламын сол жолға.
Неге іздейді бір сезімді жүрегім,
Жалғызсырап жүр ме ол?
Жазылмады бұл махаббат дәптерім,
Сен алғашқысы бол.
Сезімге бойлап, ұқпай-ақ парқын,
Өмірім гүлденер.
Сырлассам сол жанмен ұзақ, бәлкім,
Жарам да емделер.
Өзіңсіз көз ілуім-өліп туу,
Әйтеуір – күйзеліс.
Жаныма жақын жанды жолықтыру
Тым қиын демеңіз.
Жүрегім ол – сенің көктемің,
Жол салған іздерің.
Жауапсыз махаббаттарға толы өткенім...
Себебін білмедім...
Ұнатсам бір жанды, ол мені ұнатса,
Ұнату – ұғысу арқылы махаббат орнаса,
Екі жүрек өз теңін тапса егер,
Сырласса сарқылмай,
Міне, осы – мен армандаған Махаббат дәл сондай.
Түс көріп жүрмесем игі еді, Осылай...
ЖҮРЕГІҢДІ САҚТА
Жүрегіңді таза ұста, ботам,
Кірлеуі оңай жаныңның.
Күмән мен күдіктен сақтан,
Кірлеуінен қорық арыңның.
Абай бол, ботам!
Жүз адам мың түрлі ақыл айтса,
Жүрегіңе үңілші ең әуелі.
Құдайдың пендеге бере салған,
Жүрек ол үлкен бір нығметі.
Ойлан, ботам!
Арман мен мақсатың алдаса да,
Өзіңе сенімің жоғалмасын.
Ақша мен атақ мансапқа емес,
Жүректің қалауына бет бұрарсың.
Түсінші, ботам!
Бір кем дүниеде кедергі көп,
Мүмкіндік те көп сондай.
Бірақ саған қайырлы нәрсе,
Келмейді сен дайын болмай.
Асықпа, ботам!
Сабырдың теңдесі алтын,
Сондықтан төзу қиын.
Шыдамың шыңдалғанда,
Артады күш-қайратың.
Берілме, ботам!
МҰҢ
Күрсініп, қынжылады қан жүрегім,
Құм болып уатылды бар жігерім.
Күрсінбеймін құлдилап күнім батса,
Мен шығатын бір биік бар білемін.
Мұңлы жыр жазбасыма қоймас жүрек,
Қайғы-мұңнан барады жаным жүдеп.
Себебі мен Құдайдан қашықтадым,
Уақыт керек деуменен, уақыт тілеп.
Жаным менің жылауда, үнсіз ғана,
Сен менің жанарыма тік қарама.
Шошытар сені ондағы тұнық сырлар,
Әлемімді көрер жат жандар ғана.
Сен мені түсіне алмасыңды,
Ұға алмасыңды білем.
Себебі менің ойым бөлек,
Арман басқа, ғұмыр сүрем.
Жаратушы Құдайға жалбарынып,
Мен іштей үнсіздікте, жалғыздықта
, Кешірім тілей бердім, сұрай берем.
Мен кешетін өмір бар, сүрер ғұмыр,
Қандай сый ұсынса да маған тағдыр.
Өлеңіме кеп шағамын сыр-мұңымды,
Сол үшін де рақмет саған, Тәңір!
СЕБЕПСІЗ
Жүрегім ауырады сыздап қатты,
Үнсіздігің жаныма қатты батты.
Сабыр сұрап жүремін мен Құдайдан,
Үнсіз ғана барлаумен сіздің жақты.
Білмеймін мен қалайша амалдармын,
Кінәсі бұл нық емес қадамдардың.
Күнәсіз емеспіз ғой екеуміз де,
Таусылмайды неліктен санамда мұң.
Құдайға да жалындым, арман аппақ,
Қалайша бұл жүрегім тыныш таппақ.
Сені іздеуім бұл мендік қателік пе?
Сенсіз менің таңдарым мәнсіз атпақ.
Сынағы ма, Тәңірдің сыйы ма екен,
Бәлкім бұл мен үшін қайырлы екен.
Аллам бәрін білуші әр уақытта,
Жақсылықтан әрдайым үміттенем.
ЖАЛҒЫЗ МАХАББАТ
Жабырқады көңілім және бүгін,
Мәнсіз өткен өзіңсіз әрбір күнім.
Өз жанымды неліктен ауыртамын,
Елеместен жүректің сол бір үнін.
Ғашықтықтың дертіне ұшыраған,
Өзің ғана өмірде құнды ғалам.
Сұлулар көп қой білем айналамда,
Оларды көргенде көз бұлдыраған.
Қылығың-ай, тым тәтті, нұр жүзіңді,
Сүйемін ғой жарығым мен өзіңді.
Кез болдым әлеміне тұнық сырдың,
Көргенде мен тұңғиық көздеріңді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді