«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Депутат болу - халықтың үні болу деген сөз

Депутат болу -  халықтың үні болу деген сөз
Автор
Киелі Әулиеата өңірінде тарихи сәт орын алғаны белгілі. Тараз қаласы әкімдігінің қаулысы және Тараз қалалық мәслихатының шешімі негізінде қала аумағы 2 ауданға бөлінді және шекаралары белгіленуіне байланысты «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды. Бұдан өзге қаламыздың Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, халық қалаулылары Абай даңғылы арқылы өтпелі көпірдің және жаяу жүргіншілер өткелі құрылыстарын және инженерлік желілерін жүргізу үшін Абай даңғылы бойындағы жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктердің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы түскен шарт жобаларын қарады. Нәтижесінде, депутаттарымыз қолдау көрсетіп, көпір құрылысының басталуына орай салтанатты түрде капсула салынды. Көне шаһарымыздағы тұрғындардың және көліктің көбеюіне байланысты, жоба кептелісті азайтып, тұрғындарға жайлылық сыйлайды деген ойдамын.

2024 жылдың ішінде қалалық мәслихаттың перспективалық жоспарына сәйкес 14 сессия, оның ішінде кезектен тыс 10, кезекті 4 сессия өткізілді. Сессиялардың күн тәртібінде негізінен көне шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды мәселелері қаралды. Депутаттар сессияларда барлығы 85 негізгі мәселелерді қарап, оның ішінде 8 шешім әділет органдарында тіркеуден өтті.

Мәслихаттар қызметінің ашықтығына байланысты мәслихат сессиялары өз кезегінде ютуб платформасына жарияланды. Сессияларға шығарылған мәселелер бойынша депутаттармен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныстар берілді. Қалалық мәслихатта төрт тұрақты комиссия жұмыс атқарады.

Мәслихат аппаратына жеке тұлғалардан 63, заңды тұлғалардан 25 өтініш қабылданып, олардың барлығына нақты жауаптар жолданды. Қалалық мәслихат аппаратына әртүрлі мәселелерді қамтыған 553 хат келіп түсті. Келіп түскен хаттардың 78-і назарға алынып, 475-не тиісті жауаптар берілді. Кез келген мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушыларға берген сайлауалды уәдесін орындау, сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, өз округіндегі тұрғындардың үмітін ақтау.

Барлық депутаттар өз қызметінде, ай сайын өткізетін қоғамдық қабылдауларда тұрғындардың көтерген немесе өзге де шешімі табылмай жатқан маңызды мәселелер бойынша қала әкімімен бірлескен «2023 2025 жылдарға арналған жалпы саны 107 депутаттық сауал» дайындалды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 50 сауал орындалса, 29 сауалдың орындалуы осы жылға жоспарланған, 11 сауал орындалу үстінде, ал орындалуы орталық мемлекеттік органдардың құзырына жататын 4 сауал бар. Осы 4 сауал бойынша депутаттар «ҚазСуШар» мекемесінің басшылығымен бірлесіп зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Бұдан өзге депутаттарымыз тарапынан әкімге, әкімнің орынбасарларына, мемлекеттік орган басшыларына 121 депутаттық сауалдар жіберілді. Бастысы, шаһар басшысының қолдауымен, сауалдар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, әрқайсысының орындалуы қатаң бақылауда тұр. Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы – оның ашықтығында. Осы ретте қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесулері және азаматтарды жеке қабылдаулары жоспарға сәйкес жүргізілді. Халық қалаулыларының жұмысы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді.

Мәслихат төрағасы ретінде көптеген әлеуметтік нысандар мен ұйымдарды аралап, шаһар тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткіздім. Жоспарға сәйкес №17 сайлау округінің тұрғындарын 12 рет жеке сұрақтарымен қабылп, өтініштері мен ұсыныстарын қарадым. 2024 жылы қоғамдық қабылдауға жалпы саны 100-ден астам азамат жүгінді.

Облыс және қала әкімінің шаһарымыздағы аумақтық округ тұрғындарымен өткен 10-ға жуық көшпелі кездесуінде аумақтық округтің депутаттарымен бірге қатыстым. Қала тұрғындары жолдарды жөндеу, тұрғын үйлердегі жаңғырту мен жылу мәселесі, спорт және балалар ойын алаңшалары, ағаштарды кесу, көше жарығы, аялдама, бағдаршам орнату, автобус бағыттары мен лоток жүйелерін қалпына келтіру туралы т.б. мәселелерді көтерді.

Мәслихат жұмысы әрдайым жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыста. Әрбір жиын барысында тұрғындардың сауалдары жауапсыз қалған емес. Халық қалаулысы болған соң тұрғындар мен қала үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға барынша көңіл бөлеміз. Шешімін тапқан мәселелер ішінде қаламыздағы Жамал Аппасова көшесіне жасанды кедергілер орнатылды. Округ тұрғындарының сұранысымен, Рахимов, 3-бұрылыс Бөлтірік шешен көшелеріндегі құлайын деп тұрған ағаштар кесілді.

Рахимов көшесіндегі №42, 44, 46 үйлерге қоқыс жәшіктері орнатылды. 2025 жылы Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы көпірді жөндеу, №7 мектептің жапсарлас ғимаратының құрылысын соғу, №32 мектептің ауласына балалар спорт алаңшасын соғу, Махамбет батыр және Ұлбике ақын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы т.б. мәселелер жоспарда тұр.

Бұдан бөлек облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп, Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясындағы футбол, волейбол, баскетбол алаңдарының заманауи үлгіде жаңартылуына қатысты білім басқармасына сауал жолдадық. Amanat партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 2024 жылы 8 азаматты қабылдадым. Төрт азаматтың мәселесі шешімін тауып, төртеуіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық қабылдау – халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алынған үздік жоба. Мұнда партия ашық форматта қабылдайды және бірінші кезекте тұрғындардың өтініші мен құқықтары басты назарға алынады.

2024 жылдың 3 қазан күні Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Форумға Amanat партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатыстық. Президент өз сөзінде мәслихаттар мен әкімдіктердің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Депутаттар – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айта алатын және халықтың ойын атқарушы билікке жеткізетін адамдар. Депутат болу – халықтың үні болу деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Депутаттық форум өзекті проблемаларды шешу тетігін Үкімет мүшелерімен бірге қарастыруға, оларға халық қалаулылары тарапынан ұсыныс пікірлерін жеткізіп, сауалдар қоюға, пікір алмасуға толық жағдай жасады. Форумда алдымызға жаңа міндеттер қойылды. Сол міндеттерді баршамыз енді бірлесе орындауымыз қажет. Форум арнайы панельдік сессиялармен жалғасып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қалалық білім бөлімінің жергілікті әкімдікке өтуін және жас кадр мәселесі, №57 бұйрық туралы халықтың көкейіндегі сауалдарды жеткіздім.

Оқу-ағарту министрі №57 бұйрыққа қатысты:

«Бос немесе уақытша лауазымға орналасуға конкурс өткізу кезінде жас педагогтерге тең мүмкіндіктер беру мақсатында «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының жобасына өтілі жоқ кандидаттың бағалау парағы әзірленіп және «жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша GPA 3,33 балдан төмен емес бітірген адамдар сертификаттаудан өткені туралы құжат болған кезде конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады» нормасы енгізіліп, Қағидалар жобасы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде келісуде», – деп жауап берді.

Біз өз жұмысымызда Сенат және Мәжіліс депутаттарымен де әріптестік байланыс орнатқанбыз. Мәселен, Парламент Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков және Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен бірнеше рет көне шаһарымызға келді. Сенатор және қала әкімімен бірге шаһарымыздағы әлеуметтік нысандарды, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша салынған алғашқы нысандар, жаңа мектептер, жылу объектілерін аралап, жауапты мекеме өкілдерімен кездестік.

Депутат – халық қалаулысы болған соң тұрғындар мәселесін Үкіметке жеткізетін бірден бір тұлға. Осы орайда біз Сенат және Мәжіліс депутаттары арқылы күрмеуі қиын, күрделі мәселелерді Парламент мінберінен де көтеріп келеміз.

Атап өтсем, Ауыл шаруашылығы министрінің мемлекеттік меншіктегі бос жатқан кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелерін сату бойынша аукционның №297 бұйрығының 18- тармағына қатысты толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде хат жолдадым. Сондай-ақ қаламызға қосылған елді мекендердегі жер учаскесі мен тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың кезектерін біріктіру барысында мәселе туындауда.

Осы орайда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға жер кезегінде БМЖМК (Жылжымайтын Мүліктің Бірыңғай Мемлекеттік Кадастры) автоматтандырылған жүйесіне қатысты жер заңнамасына және тұрғын үй қатынастары туралы заң талаптарына тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі қала әкімдігімен бірлескен ұсыныстарымызды Сенат және Мәжіліс депутаттарына, министрліктердің жауапты комитеттеріне жолдадық.

Биыл 3-4 сәуір күндері барша мәслихат төрағаларымен бірге Парламент Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысына қатыстым. Әдеттегідей, панелдік сессияларда жоғары палата мен мәслихаттардың өзара ынтымақтастығын дамыту, министрліктердің, сарапшылар мен Сенат депутаттарының жергілікті мәселелерді уақытында анықтау, оны бірлесіп шешу жолдары талқыланды.

Сессияда қаламыздағы өзекті мәселе мектептердегі психолог-педагогтер мен учаскелік инспекторлардың штат бірліктерінің оқушы cанына шаққанда өте аз екендігін және жалақыларының төмендігін айтып, мәселені көтердім. Алдағы уақытта жоғарыдағыдай тиісті министрліктен ресми жауап берілуі керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын және республикалық референдумды түсіндіру мақсатында жалпы саны қала тұрғындарымен 20 кездесу өткіздім. Кездесуде білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық және т.б. әртүрлі сала өкілдері қамтылды.

Тұрғындарды референдумға шақырудан бөлек, мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлініп жатқан қайтарымсыз грант, жастар бағдарламасы, жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасы, мектептегі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы, ауруханаларда кіші қызметкерлердің жалақысын көтеру және т.б. әлеуметтік мәселелер түсіндірілді.

Қалалық мәслихат депутаттары да жоспарға сәйкес, өз сайлаушыларымен Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша кездесулер өткізді. Сонымен қатар жеке өзімнің және Тараз қалалық мәслихатының фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінде парақшалары ашылған. Аталған әлеуметтік желілерде жалпы саны 194 пост жарияланды. Бұдан өзге депутаттарымыз да әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады.

Facebook әлеуметтік желісінде сайлаушылармен кері байланысты жандандыру мақсатында жұмыс істейді. Онда депутаттар комиссиялардың отырыстарына қатысу қорытындылары бойынша ақпаратпен бөлісіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылайды, жарияланымдарға түсініктеме береді және өңірдің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері бойынша жазбалармен бөліседі. 2024 жылы ел мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толды.

Мерейтойлық датаға орай, жыл басынан бері жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың 30 жылдығына орай түрлі мәдени-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар оның ішінде, облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен, еліміздің Шахмат Федерациясының қолдауымен «SENAT OPEN» Парламент Сенатының ашық кубогы және облыстық спартакиадалар өткізілді. Көне шаһарымызда да мәслихаттың 30 жылдығы жоғары деңгейде атап өттік.

Салтанатты іс шарамызда халық қалаулыларына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, республикалық Amanat партиясының, министрліктердің, сондай-ақ облыс әкімінің және облыс мәслихаты төрағасының, қала әкімі мен қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстадым. Еліміздің дамуына елеулі үлесін қосып келе жатқан депутаттар мен қонақтарға мерекелік төсбелгі және естелік сыйлықтар берілді. Ортақ іске бірлесе жұмылып, жанашырлықпен атқарған істеріміз бізді осындай бедел биігіне, абыройға жеткізді. Ұжыммен келген еңбектің тәтті жемісін көруді – үлкен бақыт деп білемін.

2025 жылдың наурыз айының 30 жұлдызында депутаттық қызметімізге екі жыл толды. Осы аралықта сайлаушыларымызға берген уәделеріміздің барлығын да орындап тастау мүмкін емес. Дегенмен, халық қалаулылары ел үшін біраз істің басын қайырып, маңызды шешімдердің қабылдануына атсалысты. Осы ретте қалалық мәслихат депутаттарының корпусында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар екенін айтқым келеді. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ететін атқарушы органдар мен халық сайлайтын және халықтың еркін білдіретін мәслихат депутаттарының алдындағы мақсат ортақ. Ол – халыққа қызмет ету.

Қорытындылай келе, халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін тағы да еске саламын. Өткен жылды табысты аяқтауға көмекші болған, жұмысқа аса жауапкершілікпен қараған, қоғам мен билік арасындағы алтын көпір миссиясын атқарып жүрген барлық әріптестеріме шынайы ризашылығымды білдіріп, алғысымды жеткіземін. Қалалық мәслихаттың алдағы жұмыстары да белсенді болып, жұмыс қарқынын бұдан да жоғары еселей түседі деген сенімдемін.

 

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,

Тараз қалалық мәслихатының төрағасы

Ұқсас жаңалықтар