
Бастауыш мектепті бітірісімен 1932 жылы комсомол ұйымының тапсырмасымен түйеге қонып, ел-жұрт арасында сауатсыздықты жоюға барынша атсалысты. Бір жылдың өзінде ересек 37 адамның сауатын ашып, жазып сызуды, оқуды, санауды үйретті. Сауатты, білімді жасты аудандық атқару комитетіне қызметке шақырып, іс-қағаздарын жүргізу ісіне тағайындады. 1936 жылы аудандық партия комитетіне қызметке ауысып, парткабинет меңгерушісі қызметін жүргізді. Ауыл жігіттерін жаппай әскерге әкетіп жатқанда өздеріне шақырту кешеуілдей беруінің себебін білмек болып сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кішкентайдан бірге өскен досы Ахмет Алтынбекұлы екеуі бірнеше рет әскери комиссариатқа өтініш жасап, армия қатарына алуды сұранады.
Бірақ әскери комиссар: «Сендер аудан үшін керек кадрсыңдар, аудандық партия комитетінің сендерді армиядан қалдыру жайлы тапсырмасы бар. Біз олардың нұсқауын орындамауға қақымыз жоқ» деп жауап береді. Келесі жылы тағы әскери комиссариатқа барып: «Жасымыз 21-ге келді, уақытымыз өтіп барады, әскерге бізді қазір алмағанда, қашан аласыздар» деп шағымданады. Сөйтіп олардың тілегі орындалып, досы Ахмет екеуі 1938 жылдың күзінде әскерге алынып, Белоруссияның астанасы Минск қаласындағы №6075-ші әскери атты (кавелерия) полкінде жерлестері Ахмет Алтынбекұлы, Жетісай Қаңлыбаев, Таутай Қайыпбаев, Боқатай Бегімбаев, Дастан Нұрмолдаевтармен бірге әскери борышын орындады.
Турашыл, алғыр, жігерлі Ахмет Алтынбекұлы атты әскерде саяси және жауынгерлік дайындықтың үздігі болды. Эскадронның комсомол жетекшісі бола жүріп, ерен батылдығы, ұйымдастыру шеберлігі, жолдастарына деген қамқорлығы мен іскерлігі арқасында беделді болды. Олар Белоруссияны поляк басқыншыларынан азат етуге, одан ақ фин соғысына қатысып, 1940 жылы туған жерге аман-есен оралды. Бірақ көп уақыт өтпей кенеттен Ұлы Отан соғысы басталып, ел тыныштығы бұзылды.
«Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деп бүкіл халық жұмылып, уақытпен еш санаспай неміс фашистерімен аянбай күресті. Ерғара мен Ахмет өз өтініштерімен Талас аудандық комиссариатының шақыруымен 1941 жылы желтоқсанда әскерге алынды. Ерғара бір топ сарбаздармен саяси-жетекші курсына жіберіліп, үш айлық дайындықтан өткеннен кейін Сталинград майданына жіберілді. Ал Ахмет Алтынбекұлы Мәскеу түбіндегі әскери полкке түсті. 1942 жылы ақпан айында Ерғараға жазған хатында Ахмет Алтынбекұлы досына былай деп сыр шертеді:
– Біздің полк осыдан үш аптадай бұрын Москва түбінде ұрысқа кірісті. Немістердің әскерін батысқа қарай өкшелей қуып барамыз. Кескілескен шайқас күндіз-түні бірдей толас таппай жүріп жатыр. Мен жаумен қолма-қол айқасатын атқыштар бригадасында ПТР шылар бөлімшесінде танк жойғыш мергендер қатарындамын. Менің есебімде осы күннің атып жойған бір танк, бір кіші калибрлі зеңбірек және пулемет орнатылған бронды транспартер бар, жойылған неміс солдаттары да аз емес. Міне, фашист басқыншылары біздің халқымызға істеген озбырлығы үшін сазайын тарта бастады. Қолға түскен жау солдаттарының 30 градустан асып, үскірік шалып, қақап тұрған Мәскеу аязынан суға түскен тауықтай бүрсеңдеген кір-қожалақ түрін көргенде айызың қанады. «Суық түскенше Мәскеуді басып алып, қысты Ресейдің жылы үйлерінде өткіземіз» деген есек дәмемен келген мына фашистер кімге ұқсайды. Тоңып, жаурағаннан соң олар үстеріне не болса соны жапсыра берген. «Барбарос» жоспарлары құрдымға кеткен олардың қазіргі мүсәпір түрлерін көріп неге мазақтап күлмеске, «бейбіт жатқан елге келген сендерді кім шақырды, не іздеп келдіңдер, енді мына күндерің не болды?» деп кіжініп, қалайша табалап, бетіне түкірмейсің...
Біздің әскерлердің шабуылдау екпіні күшті. Осылайша алға баса беретін болсақ, қас дұшпанды қасиетті жерімізден біржола аластап, жеңіске жететінімізге сенеміз». Өкінішке қарай, бұл оның досына жазған соңғы хаты болыпты. Ахмет сол кескілескен соғыстың бірінде жау танкісімен бетпе-бет келгенде оны талқандап, өзі де содан шейіт болыпты. Бұл қаралы хабарды естіген елдегі әкесі Алтынбек баласы өлді дегенге сенбей: «Ерғарадан хабарын біліңдерші, екеуі жұбын жазбаушы еді ғой» деумен өтіпті. Иә, Ахмет Алтынбекұлы сияқты қанша боздақ сұрапыл соғыста Отаны, елі үшін қыршын жанын қиды, қанша ата-ана ұлынан айырылып, қасіретке душар болды?! Қанша бала жетім, қанша әйел жесір қалып, зар еңіремеді?! Ерғара Тәжімбетов қолына қару алып Сталинград майданына қатысып, жан беріп, жан алысқан қантөгіс қақтығыстарда ерен ерлік көрсетті.
Сталинград шайқасы екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі болғаны мәлім. Ол жайлы Ерғара жерлесіміз өз естелігінде: «1942 жылдың 19 қараша күні таңғы сағат төртте дайындық болып, қарсы шабуыл басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау; «Шеңбер» – Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандау. Осы зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. 1943 жылдың 2 ақпан айында қала түгел немістерден азат етіліп, фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды» деп жазыпты майдангер. 1943 жылы ол коммунистік партия қатарына қабылданды.
Майдан даласында екі рет жарақат, бір рет контузия алып әскери госпитальдарда емделіп, соғыстың аяғына дейін неміс басқыншыларымен аянбай күресті. Осы бір сұрапыл соғыс жайлы ардагер өз күнделігінде: «Бізге жүктелген міндет, егерде неміс танкілері көрінер болса, я болмаса жаяу әскерлері алға шығып кетсе, міне соған қарсы тойтарыс беру болды» деп жазады. Отанымыздың қасиетті жерін жаудан тазартқаннан кейін туысқан поляк халқын фашизм бұғауынан азат етуге үлес қосты. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін майдангер үш рет «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «За отвагу», «За боевые заслуги» және де басқа медальдармен наградталды. Сөйтіп, елге 1946 жылы аман-есен оралып, туған жерімен қауышты.
Туған жердің топырағына табаны тигенде, соғыс тәртібіне әбден бейімделіп сіресіп қалған сарбаздың тұла бойы бір ғажап күйге бөленген болатын. Жазық дала, жусан иісі жанын жайландырып, соғыс салған жарақатқа ем болғандай еді. Сағынышы мен мауқын басып, соғыстан күйзелген елдің тұрмыс-тіршілігін көріп-білген ол уақыт оздырмай колхоздың қызу еңбегіне араласып кетті. Қабілеті жоғары, іскерлігі мол азамат көптің назарына ілігіп, аудан орталығы Ақкөлдегі мемлекеттік банкке қызметке шақырылды.
Ерғара бұл қызметті ұршықша иіріп алып кетті. Одан кейін Жданов атындағы және Ильич атындағы совхоздары партия комитетінің секретары, аудандық жер бөлімінің, одан мәдениет бөлімінің басшысы, аудандық «Екпінді колхозшы» газетінің бас редакторы қызметтерін зейнет жасына жеткенге дейін абыроймен атқарды. Еңбектегі жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» ордені мен біраз медальдармен наградталып, бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Ақкөл ауылын көркейтуге, көгеріштенуге және мәдениет ошақтарын дамытуға қосқан үлесі үшін «Аққөл ауылының құрметті азаматы» атағы берілді.
Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып үйде бос отырмай аудан көлеміндегі қоғамдық іс-шараларға белсенді араласып, жастар тәрбиесін жандандыруға аудан ардагерлерінің жетекшісі бола жүріп барынша өз үлесін қосты. Жастармен кездесулерінде майдан жорықтары туралы әңгіме қозғағанда жан алып-жан беріскен қанды соғыста тар жол, тайғақ кешуде бірге жүріп, оққа ұшқан қаруластарын көзіне жас ала отырып, қимастықпен еске алушы еді. Талай рет ажал аузынан қалғанын тебірене айтатын. Кейінгі ұрпақ ондай сұрапыл соғысты, қиындықтарды көрмеуін тілейтін.
Ұзақ жылдар мектептерде ұстаздық еткен Жұбайы Күлпатша Әбдіғаппарқызы екеуі 7 ұл-қыз өсіріп, оларға мәнді тәрбие беріп, саналы біліммен сусындатып, адами жақсы қасиеттерді бойларына сіңіре білді. Бұл өнегелі, жарасымды да тәрбиелі жанұя балаларының татулығы, бауырмалдығы, жанашырлығы, бір-біріне деген қамқорлығы көпке үлгі болды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан бұл отбасынан қонақ үзілген емес, тіпті алыс ауылдардан келген базбіреулері қона жататын. «Қазаны оттан түспеген» деп қазақ осындай көпшіл үйді атаған болар, сірә. Ерғара Тәжімбетұлы қария өмірінің соңғы жылдары «Жойқын жорық жылдары» атты естелік кітап жазып, оны 1988 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан шығарды. Бұл кітапта ардагер өзінің майдан жолын рет ретімен баяндайды. Ердің бойындағы елге деген сүйіспеншілік, Отанға деген адалдық осынау естеліктерден аңғарылып тұр.
Әскерге алынғаннан кейін оларды Алматыдағы армияға саяси қызметкерлер даярлайтын оқуға жібереді. Әлгі курста жас жауынгерлер саяси білім алумен қатар әскери өнер үйренуге де машықтанады. Көбінесе белсенді шабуыл жасауға, қорғануға жаттығып, винтовка, пулемет, автомат және граната бөлшектерімен, құрылғыларымен таныстырып, оларды қалай пайдалану керектігін үйретіп, теориялық және практикалық сабақтарды әскерден жарақат алып оралған офицерлер, жергілікті әскери округтің және жоғары оқу орындарының қызметкерлері жүргізіпті. Содан саяси жетекшінің орынбасары атағын алған бір топ жас сарбаздар 1942 жылдың ақпан айында Жамбыл қаласында ұйымдастырылған 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясына жіберіледі.
Бұл жерде де бірнеше ай әскери өнерге үйрену, жаттығу сабақтарын өтіп, шілде айында дивизия жауынгерлері әскери техникасымен, аттарымен вагондарға тиеліп, соғыс даласына бет алады. Екі аптадай жол жүріп, Горький қаласына жақын маңдағы Гороховец орманында әскери лагерь құрады.
Бұл жерде дивизия танкіге қарсы ататын артиллерия болып қайта құрылды. Зеңбірек қаруын қалай пайдалану керектігін үйретіп, оның қыр-сырын үйретіп, машықтандырады. 1942 жылдың қазан айында дивизияны Сталинградты қорғап жатқан Оңтүстік-Батыс майданының құрамына келіп қосылады. Ерекеңнің майдандағы жорық жолына көз салып, зерделесек көп нәрсені ұғасың, тіпті жан түршігерлік оқиғалар суреттелінеді. Оның барлығын жеке-жеке тәмпіштеп жатуға газет беті көтермейді. Сондықтан майдангердің кеудесінде жарқыраған үш «Қызыл жұлдыз» орденінің тарихына тоқталайық. Алғашқы «жұлдызды» ол Дон жеріндегі Красная Гусаровка үшін шайқаста көрсеткен ерлігі үшін беріліпті.
Бұл қанды шайқас бірнеше күнге созылып, төртінші күні кеңес әскерлерінің қуаты күшті шабуылыменен басталады. Алдымен зеңбіректер мен танкілер, оларға қоса «көктен» ұшақтардың біріккен орасан соққысының арқасында жаудың мықты бекіністері күл-талқан болады. Осы ұрыста дұшпанға оқ жаудырып жатқан сәттерінің бірінде окоп маңына келіп түскен снарядтың жарықшағынан жарақат алады. Әскери госпитальда бірер күн емделіп, жаумен шайқасқа қайта түседі. Осы әскери ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені берілді.
Солтүстік Донец өзенінің оң жағалауын неміс фашистерінен азат етуге қол жеткізсе, екінші мәрте Белоруссияның Могилев қаласын жаудан босатқанда көрсеткен ерлігі үшін алса, үшінші «жұлдызды» 1945 жылы жаудың әскери-теңіз базасы Гдыяны фашистердің қолынан тартып алған операциясы үшін берілді. Ұлы Жеңісті Штральзунд қаласында қарсы алды. Әрине, айтуға оңай, бірақ ол Жеңіс оңаймен келмегені белгілі. Көз алдыңызға бір сәт елестетіп көріңізші: қанша қалалар қирап, зауыттар мен кәсіпорындар отқа оранып, қанша адам оққа ұшып, жер жастанды?!. Атың өшкір соғыс адамзатқа қанша қасірет әкелді? «Сұм соғыстан елім жиды енді есін, Мына шақты еңсермесек, елге сын.
Бәрі бітті, қарғыс атқыр қан майдан, Бұдан былай сені ұрпағым көрмесін», – деп жазыпты соғыс ардагері Е.Тәжімбетов өз естелігінде. Иә, аты өшкір соғыс болмасын, бүкіл әлемде бейбітшілік орнасын! Тағы бір айта кететін жайт, Тәжімбет қарияның үш ұлы 1941 жылы кенеттен басталған Отан соғысына алынып, ел мен жерді жаудан қорғауға, оның жеңіспен аяқталуына өз үлестерін қосқан айтулы азаматтар. Ерғара ағаның естелік кітабында: «Туған інім Әмзебек 1943 жылы шілдеде Курск иінінде өткен жан беріп, жан алысқан сұрапыл шайқаста опат болды» деп жазады. Одан әрі Әмзебек інісінің білімге деген қабілетінің өте жоғары болғанын, 1936 жылы он бес жасында оқу озаты болып, белсенді жас натуралист ретінде КСРО ның ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, Мәскеудегі көрменің күміс медалін алып олжалы оралғаны жайлы тебірене еске алады. Ал туған ағасы Әнуарбек те сұрапыл соғыста болып, елге аман-есен жеңіспен оралып, 30 жылға жуық «Ойық» кеңшарын абыроймен басқарды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ел экономикасын арттыруға өз үлесін қосты. Майталман майдангер, еңбек ардагері, майданда да, бейбіт өмірде де өз орнын таба білген аптал азамат Ерғара Тәжімбетұлы 1989 жылы шілдеде 72 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды. Артында жақсының аты қалды, ел арасында жақсы естелік-сөз қалды. Бүгіндері оның саналы өмірін ұрпағы жалғастырып жатыр. Етігімен су кешіп, сыз окопта суық жерді жастанып, оқ-дәрінің иісі алақандарына сіңген қайран абыз да асыл ағалар-ай!
«Жарық дүниенің адамға бір-ақ рет берілетіні айдан анық. Осы дүниеде артында кім қандай із қалдырды? Елінің игілігіне қандай еңбек етті? Адам өмірінің маңыздылығы осында. Әкеміз Ерғара Тәжімбетұлы әділ мінезімен, салмақты, салиқалы болмысымен еліне адал қызмет еткен жан. Әкеміздің өмірі мәнді де мағыналы болды. Шаңырағына мейірім шуағын төгіп, балаларына барынша қамқор еді. Жеті перзентін балапандай баулып, өмірдің ағымына, заманның талабына қарай қанаттандырып өсірді.
Анамыз Күлпатшамен бақытты, сыйластықпен тату тәтті ғұмыр кешті. Адам баласына дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппіз. Қандай іс болсын, ақылмен, сабырмен шешуге тырысатын. Әкеміздің бойындағы адами қасиеттерін, соғыстағы ерлігін, бейбіт өмірдегі елге сіңірген еңбегін көзін көрген жандар әлі күнге дейін айтып отырады. Биыл әкеміздің туғанына 108 жыл толып отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығына сүйенсек, артында қалған перзенттері әке абыройына шық жуытпай, оның елге еткен қызметін әрі қарай жалғастырып келеді. Әкеміз бен анамыздың «Айналайын», «Қарағым», «Шырағым», «Алтыным», «Еркем» деген асыл сөздерін, маңдайымыздан сипаған алақандарының жылулығын қанша жасқа келгенімізге қарамай, әлі күнге дейін сағынамыз», – деп әке мен шешесіне деген сағынышын жеткізді кенже ұлы Қанат Ерғараұлы. Ерғара Тәжімбетов сынды ел құрметіне бөленген жанның артына қалдырған өнегесі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай: Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын, – деген өлең жолдары әрбір перзент жүрегін жарып шыққан әкеге деген ыстық сезімді әйгілеп тұрғандай…
Қарап отырсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданның қасіретін татпаған қазақ отбасы жоқ екен. Бірі бауыр еті баласынан қапыда көз жазып қалса, енді бірінің отағасы оқ пен оттың ортасында опат болды. Кеудедегі жанын олжа санап, аяқ-қолдан айырылғандары қаншама. Бірақ біз сол кісілерден өнеге алып, өзімізге үлгі тұтамыз. Неге? Бұл сауал өзі бір-ақ сөз болғанымен жауабын таңды таңға жалғап айтуға болады. Себебі оның астарында елдік ерлік, өрлік рух жатыр. Кеудедегі шыбын жанды біз сүріп жатқан бейбіт заманның жолында құрбан ету – батырлықтың ең ұлы шыңы. Ал қасиетті Әулиеата топырағы, тағылымы мол Талас өңірі мұндай қайсар жандарға кенде болмапты. Айлар адымдап, жылдар жылжып өтуде. Мына уақыт бізді өз айдауына көндіріп жатыр. Қасіретке толы соғыс жылдарын, мына қазіргі бебітшілік заманға жеткізген ата-әкелер ерлігін адамзат ұмыта қоймас, сірә. Олардың ерлігіне әрдайым тағзым етіп, бас иейік!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді