«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барды жоққа шығармаған жөн

Барды жоққа шығармаған жөн
ашық дереккөз
Барды жоққа шығармаған жөн

«Ақ жол» газетінде ағымдағы жылдың 6 қаңтарында жарияланған Жақаш ауылының тұрғыны Е.Тоқымбаевтың мақаласына орай төмендегіні мәлімдейміз

Суханбаев ауылдық округіне үш (Жақаш, Қарасу, Көкөзек) елді мекен қарайды. Жақаш, Қарасу, Көкөзек су жүйелері 2013 жылы Ынтымақ топтастырылған су жүйесіне қосылып, пайдалануға берілген. Бүгінгі күні Жақаш ауылында – 175, Қарасу ауылында – 113, Көкөзек ауылында 126 абонент су есептегіш құралы арқылы тұрақты түрде су алуда. Мақалада көрсетілген екі ұңғы қазу үшін ешқандай қаржы бөлінбеген. Бірақ, Қарасу елді мекенінің тұрғындары 1984 жылы бұрғыланған ұңғыдан 2013 жылы су жүйесі қосылғанға дейін су алып, пайдаланып отырған. Осы ұңғыны «Байзақ су» МКК жөндеп, тазартып, аудандық тұтынушылар құқығын (бұрынғы СЭС) басқармасының қорытындысын алып, Ынтымақ топтастырылған су жүйесіне 2013 жылы қосқан. Аталған ауылдан ұңғы қазу жоспарда болған емес. Е. Тоқымбаев жазған мақаласында көтерілген мәселелер бойынша бұдан бұрын да әкімдікке бірнеше рет шағымданған-ды, сол кезде де су үлгінің микробиологиялық зерттеуі алынып, оның қорытындысы берілген болатын. Өткен жылдың қыркүйек айында да осындай жәйт қайталанып, су үлгінің микробиологиялық зерттеуі аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасында өткізіліп, қорытындысы берілген. Алайда, ауыз су пайдаланып отырған бұл кісіден басқа, 175 абоненттің бірде-біреуі шағымданған емес. Суханбаев ауылдық округіне қатысты атқарылған істерге тоқталсақ, 2013-14 жылдары «Королевка-Көкбастау-Жақаш-Көкөзек» үлкен автожолының 19,8 шақырымы орта жөндеуден өткен болатын. Өткен жылы Әйтімбетов көшесіне ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын көше жарығы орнатылған. Жақаш ауылында соңғы жылдары 50 орындық балабақша пайдалануға берілген, сонымен қатар, дәрігерлік амбулатория, орта мектеп, ауылдық клуб, кітапхана жұмыс атқаруда. Ал Қарасу ауылында 120 орындық заманауи үлгідегі орта мектеп салынды. 2013 жылы Қарасу ауылындағы Дастан көшесінің аяғынан мектепке дейінгі аралыққа шағал тас төселіп, пайдалануға берілген. Қосымша Көкөзек ауылының екі көшесіне ұзындығы 650 метр болатын жолға шағал тас төселген. Бұл ауылға жаңа жобамен 10 келушіге арнап фельдшерлік пункт салып, берілді. Былтыр осындағы Ақбозов атындағы орта мектептің жылу жүйесі толық жөндеуден өткізілген болатын. Осындай жұмыстар биыл да жалғасын таба береді. Ағымдағы жылы 2,1 миллион теңге бөлініп, Жақаш ауылындағы клубтың айналасын абаттандыру жоспарлануда. Ал мақалада көрсетілген А.Суханбаев көшесіне биыл жарық жүргізу жоспарланған. Аталған көшенің жартысына 2013 жылы асфальт төселген. Қалған жартысына асфальт төсеу келесі жылы атқарылмақ. Себебі, қаржының жетіспеуіне байланысты асфальт төсеу жұмыстары ауданның әлеуметтік нысандары орналасқан көшелеріне және халық көп шоғырланған жерлерге жасалынуда. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты аудандағы ескерткіштерді жөндеуден өткізуге 7 миллион теңге бөлініп, жұмыстар ұйымдастырылуда.

Әзімхан Қилыбаев, аудан әкімінің орынбасары.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар