«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жапондық ғалымдар балық шаруашылығының жол картасын әзірлейді

Жапондық ғалымдар  балық шаруашылығының жол картасын әзірлейді
Ашық дереккөз
Қазақстандағы балық шаруашылығы – әлі толық ашылмаған әлеуетке ие сала. Соңғы уақытта аквакультура бағытында қолға алынған жобалар шетелдік сарапшылардың да назарын аударуда. Жапониядан келген делегация Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің балық шаруашылығына қатысты бастамаларын жоғары бағалап, оны аймақтық даму құралы ретінде атап өтті.

Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетіне жапондық Фуратт Госи Дайчу Корпорейшн, КПМГ АЗСА және Хидака албырт өсіру қауымдастығының өкілдерінен құралған салмақты делегация ресми сапармен келді. Бұл сапар – нақты ғылыми кооперация мен ауыл шаруашылығындағы технологиялық серпіліс бағытында жасалған маңызды қадам. Айта кетсек, әлемде балық – тағам ғана емес, экономиканың күре тамырына айналып келеді. Жапония, Норвегия, Чили, Вьетнам сияқты елдер теңіз өнімдерін экспорттаудан миллиардтаған доллар табыс тауып отыр. Ал Қазақстанда аквакультура саласы әлі де қалыптасу үстінде.

Жамбыл облысы секілді климаты құрғақ, бірақ су ресурстары ыждағатты түрде пайдаланылатын өңірлер үшін бұл сала – болашақтың мүмкіндігі. Бұл тұрғыда Жапонияның тәжірибесі аса құнды. Технологиялық жетістікке, дәлдікке және экологиялық стандарттарға ерекше мән беретін ел ретінде Жапония Қазақстанмен бірлескен жобаларға нақты қадамдар жасап жатыр. Сапар барысында делегация университет әкімшілігімен және профессорлық-оқытушылық құраммен кездесіп, зертханалар мен оқу базаларымен танысты.

Қонақтарға «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылып, жергілікті фермерлермен тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Орталық жетекшісі, PhD доктор Венера Арыстанғалиева мен зертхана меңгерушілері арнайы презентация жасап, іске асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеулер жайында кеңінен ақпарат берді.

Жапондық мамандар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Мәселен, Қазақстанда етке басымдық берілетініне қарамастан, балыққа деген сұраныстың артуы, форельдің жаңа түрлерін өсіру мүмкіндігі жөнінде қызығушылықтар айтылды. Кездесуден кейін делегация аквакультура орталығын және жақында іске қосылған балық өсіру зауытын аралап көрді. Қонақтар ғылыми-өндірістік базаның заманауи жабдықталуына, суды тазарту және қайта пайдалану жүйелеріне, балықтардың биологиялық жағдайын бақылау тәсілдеріне жоғары баға берді.

Бұл нысандар өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға серпін беріп қана қоймай, Қазақстан мен Жапония арасындағы технологиялық әріптестікті тереңдетудің нақты көрінісіне айналды. Кездесуден кейін Жапония делегациясы Тараздағы ғылыми орталықтарды аралап қана қоймай, жергілікті фермерлермен де сұхбаттасты.

Жапон мамандары бұл сапардан кейін ұсынылатын стратегиялық есеп пен жол картасын дайындайды. Қазақстан үшін бұл – жаңа технологиялар мен халықаралық ғылыми зерттеулерге қатысу мүмкіндігі. Университет пен жапон серіктестері бірлесіп жүзеге асыратын жобалар алдағы жылдары жұмыс орындарын, экспорттық мүмкіндіктерді және ең бастысы – экологиялық қауіпсіздік пен тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін. Таразда басталған жоба ел көлеміндегі аграрлық саясатқа да ықпал етеді деген сенімдеміз.

 

Aq jol-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар