«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөйлемге - сыр, өлеңге - өрнек қондырған

Сөйлемге - сыр, өлеңге - өрнек қондырған
Ашық дереккөз
Қазақ журналистикасы мен поэзиясының тыныс тіршілігіне терең бойлап, қалам мен жүрекке бірдей жүк артқан Қайырбек Асанов – сыршыл да салиқалы сөз иесі. Ол – ақпарат пен ақиқаттың арасын жалғаған, өлең мен өмірдің өзара үндесуінен сыр тартқан қаламгер. Сөйлемге сыр ұялатып, әр жолына ойдың өрнегін кестелеген тұлғаның артында жарты ғасырдан астам руханиятпен өрілген еңбек жолы жатыр. Қайырбек Асанов – өлеңнің ғана емес, өмірдің де шыншыл жыршысы. Журналистикадағы табандылығы мен поэзиядағы талғамы – оның шығармашылық жолының қос қанаты.

Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Қайырбек Асановтың мерейлі сәтін тек жеке қуаныш емес, ұлттық руханиятқа қызмет еткен қалам иесінің еңбегін бағалау мүмкіндігі ретінде қабылдауымыз қажет. Сонау сұрапыл соғыс аяқталған жылы Сыр бойында дүниеге келген сырбаз ұлдың мектепті тәмамдап, әскерден оралып, одан Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірер бітірмес барған жері – мерзімді баспасөз. Ұзақ жылдарға созылған, қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистік қызметті 1973 жылы «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкері болып бастап, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

1980 жылы Ш.Мұртазаның шақыруымен «Қазақ әдебиеті» газетіне жауапты хатшының орынбасары болып барып, кейін жауапты хатшы лауазымына өтеді. Сол жылдары Асанов әдеби ортаға белсенді араласып, мерзімді басылымдарда өлеңдері мен қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалары көптеп жарық көріп тұрды.

1994-1995 жылдары Қ.Асанов түрік бауырларымыз ашқан қазақстандық «Қазақстан–Заман» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. Бұл басылым арқылы ол қазақ-түрік ақпараттық қатынасын нығайтуға, тәуелсіздік жылдарындағы жаңашыл идеяларды насихаттауға үлес қосты. Одан кейін ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) жанындағы «Отан» республикалық саяси-қоғамдық журналының бас редакторы болды.

Сонымен қатар Қ.Асанов Алматы технологиялық университетінде «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары, «Престиж» және «Талапкер» атты көптиражды газеттердің редакторы ретінде де қызмет еткен. Осылардың бәрі – оның журналистік тәжірибесінің молдығы мен ауқымын көрсетеді.

Қайрекеңнің жастық шығармашылық шағы өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті мен журналистикасының кемелденген кезеңімен тұстас келді. Бұл кісінің бақыты болар, С.Бердіқұлов, Ш.Мұртаза, Қ.Мұхамеджанов, Б.Бодаубаев сияқты айтулы редакторлардың қол астында қызмет атқарып, өсіп дамыды әрі шыңдалып қалыптасты. Өзі жұмыс істеген жылдары туралы: «өткен ғасырдың 70 жылдары очерк, фельетон, суреттеме, көсемсөз т.б жанрлардың барлық баспасөзде дамыған кезеңі болды.

 Әсіресе әртүрлі жанрда материалдар «Лениншіл жас» газетінің бетінде күн сайын жарияланып жататын. Сол кездегі талантты жас журналистер Оралхан Бөкеев, Ырым Кененбаев, Жақау Дәуренбеков, Орысбай Әбілдаев, Несіп Жүнісбайұлы, Аян Нысаналы өздерінің тамаша туындыларымен оқырманға кеңінен танылды. Редакция қоржынына күніне жүздеген хаттар түсіп жататын. Сол кездегі газет таралымы 300 мың данаға жеткен» деп бір сұхбатында айтқаны бар. Қайырбек Асановтың ұзақ жылдар журналистика саласында, әсіресе жауапты хатшы ретінде көзге көрінбейтін ауыр еңбекпен айналыса жүріп, шығармашылықтан алшақтап кетпей, жастайынан жыр атты киелі өнерді серік етуі – алдымен табиғаттың берген тума талантының, одан кейін қазақ поэзиясының жарық жұлдызы – Күләштай аяулы ақынмен тағдыр тоғыстыруының жемісі екені сөзсіз.

Қайрекең – поэзияда өз үні, өз өрнегі бар ақын. Оның жырларынан жүректің тынысы туған жерге деген махаббат пен заманның лүпілі анық сезіледі. Ол өлеңге қадам басқаннан поэзияны құрғақ ұйқас пен жасырын ойдың жәрмеңкесі етуден әрдайым бойын аулақ ұстады. Қайырбек Асанов үшін өлең – өмірдің шындығын бүкпесіз айту, жүрек үнін жасырмай жеткізу құралы болды. Оның жырларынан ел тынысы, заман лебі, адам жанындағы алапат күй мен ақиқат сезім анық сезіледі. Сондықтан да оның поэзиясы жасандылықтан ада, шынайы өмірдің өзі сияқты шыншыл әрі жарқын. Табиғатпен тілдесіп, адаммен сырласқандай әсер сыйлайтын жырлары– қазақы болмыс пен мінездің айнасы.

 

Өлеңдерінен байқайтынымыз – автордың ұлттық рухқа, елдік санаға деген адалдығы. Ол Абайдан нәр алған, Мағжандай сезімтал, Сұлтанмахмұтша сергек, бірақ соның бәрі Қайырбекше қорытылады. Оның шығармаларынан мөлдір махаббаттың тынысы, туған жердің тылсымы, сондай-ақ ата-ана, аға-бауыр, замандас, қаламдастар болмысы айқын көрінеді. Өмірге деген байсалды көзқарас, туған жерге, елге деген ықылас пен адамгершілікке құрылған мазмұн байқалады.

Асанов поэзиясы күрделі бейнелеулерге немесе әсер қуалаған тіркестерге емес, терең ойға, нақты суретке, ұлттық дүниетанымға негізделеді. Қайырбек Асанов шығармаларында туған өлке, ана тілі, адалдық, азаматтық, махаббат сияқты тақырыптар жиі көрініс табады. Оның өлең жолдарынан табиғатқа сүйіспеншілік пен адам мінезінің қарапайым көріністері сезіледі. Ақын өлең жазғанда, көбіне сыртқы әсерден гөрі ішкі толғанысқа, жан әлеміне көңіл бөледі.

Мысалы, «Қасиетті мекенім» атты өлеңінде ақын былай дейді: Асқақтай бер, туған жерім, өр елім, Қалықтай бер, қанат қағып өлеңім. Туған жердің құдіретіне бас иіп Махаббатпен сүйіп оны келемін. Бұл өлең – туған жерге деген құрмет пен махаббаттың шынайы көрінісі, оның ақынның жүрегінде қаншалықты жоғары тұратынын айғақтайды. Туған жерге деген сүйіспеншілігі шынайы, терең және аяулы.

«Бас иіп» дегенде ол туған жерге табынбайды, оны жүрегімен, сезіммен сүйіп, оны өз жанының бір бөлшегі ретінде қабылдайды. Ақынның осы өлеңі туған жерге деген рухани құрметті, оның терең болмысын шынайы сипаттай отырып, табиғаттың, адамның және жердің ұлы байланысын көрсетеді. Қайырбек Асанов – махаббат лирикасына да айрықша ден қойған қаламгер. Оның жары Күләш Ахметоваға арналған өлеңдер топтамасы нәзіктікке, жан тазалығына, сенім мен сырластыққа толы. Бұл жырларында ақын әйелге тек махаббат нысаны ретінде емес, рухани тірек, өмірдің мәні ретінде қарайды.

Ол Күләш Ахметованы өмірінің ең сенімді серігі, шабыт қайнары, жан әлемінің шырағы ретінде бейнелейді. Ақынның махаббатқа деген көзқарасы күнделікті тұрмыстық сезімнен әлдеқайда биік – ол оны тіршіліктің мәні, адамның ішкі рухани байлығын ашатын күш деп таниды. Бұл лирикалық бейнелер арқылы Асанов жеке махаббатты жалпыадамзаттық махаббатпен сабақтастырады.

Мысалы, «Бақыттымын сенімен» атты өлеңінде:

...Сенсіз жүрсем босқа өмір өтетіндей, Төбем көкке сенімен жететіндей. Мақтау алсам өзіңнен арқам кеңіп, Бар айналам нұрланып кететіндей!

Кімнің мықты екенін таңдайды уақыт.

Баяны жоқ жалғанда жалғыз болмай,

Өзіңменен болғаным қандай бақыт! – деп сезім мен сенімнің үйлесімін нәзік суреттейді. Әр ақынның жүрек түкпірінде тек өзіне ғана тән сыр жатады.

Қайырбек Асановтың Күләшқа арнаған жыр жолдары – махаббаттың ең шынайы, ең мөлдір көрінісі. Бұл өлеңде ақын өз махаббатына деген сүйіспеншілікті тек сезім емес, өмірлік тірек, шабыт пен шуақ ретінде сипаттайды.

«Сенсіз жүрсем босқа өмір өтетіндей,

Төбем көкке сенімен жететіндей» деген жолдардың өзінен-ақ сүйген жардың жанында болудың өзі ақынға биіктік пен рух бергенін аңғаруға болады.
 

Қайырбек Асанов үшін Күләш – тек жар емес, оның рухани серігі, жырдағы шабыты, өмірдегі шырағы. Сондықтан да ол өз жырларында жарына деген құрмет пен махаббатты жасандылықсыз, шынайы жүрек үнімен өрнектейді. Баяны жоқ жалғанда жалғыздықты емес, бірге ғұмыр кешкен бақытты ең биік құндылық ретінде көрсетеді. Бұл өлең жолдарын – бір ғана адамның сезімі емес, бүтін бір ұрпақтың отбасылық құндылыққа деген көзқарасын аңғартатын көркем лирикалық шежіре деуге де болады.

Тағы бір өлеңінде:

Елу жылдай екеуміз,

Көрдік талай заманды.

Біз қаһарман екенбіз,

Қару еткен қаламды.

Ұрпағыңа бердің сен,

 Ұлтын сүйген текті өлең.

Кемелдікке келдің сен,

Асудан асып көптеген.

Жайна, жаса, жарқыра,

Күліп өтсін әр күнің.

Қажетсің әлі халқыңа,

 Аман бол, ғашық ақыным! – деп, жарымен бірге өткізген елу жылдық өмір жолын бір ғана естелік немесе өткен шақ деп емес, үлкен белес, азаматтық һәм шығармашылық күрес деп суреттейді. Бұл шумақтар – Қайырбек Асановтың өмірлік жарына деген жүрек тербелісінен туған шынайы лирикалық сырлары. Ақын екеуінің бірге өткерген жарты ғасырдан астам ғұмырын тек тұрмыстық тіршілікпен емес, рухани күреспен, шығармашылықпен өрілген тағдыр деп бағалайды. Жәй ғана ерлі-зайыптылар емес, бір-біріне тірек, рухани серік болған жандардың өмірлік сапары ақын сөзімен терең мағынаға ие болады.

Өлеңде махаббат, алғыс, сыйластық, құрмет және шығармашылыққа деген адалдық өзара үйлесім тапқан. Ақын жарының ел алдындағы еңбегін, ұрпаққа қалдырған өнегесін ерекше бағалап, оны халқы үшін әлі де керек тұлға деп таниды. Бұл – тек бір адамға арналған жыр ғана емес, адал махаббаттың, ұзақ жылдарға созылған сергелдеңсіз серіктестіктің, қос ақын арасындағы парасат пен рух бірлігінің символы.

Ақын жүрегінен шыққан осындай жырлар – махаббатты асқақтатып, отбасы мен өмірлік серіктестікке деген көзқарасты тереңдете түсетін көркем рухани мұра. Бұл өлең – бірін-бірі түсініп, бірге өмір сүріп қана қоймай, рухани үндестікте ғұмыр кешкен екі қаламгердің арасындағы терең сезім мен шығармашылық жарасымның көркем көрінісі. Мұндай жыр – махаббаттың, адалдықтың, рухани тұтастықтың шынайы поэтикалық айғағы. Қорыта айтқанда, Қайырбек Асановтың поэзиясы – терең ой мен таза сезімнің тұнығы.

Ақын жүрегімен сөйлеп, ақиқатпен жырлаған әрбір жолында халқына деген құрмет, ұлт руханиятына деген жанашырлық пен жауапкершілік айқын сезіледі. Ол – сөзді құрал емес, аманат деп білген қаламгер. Қ.Асанов поэзиясы – бір мезетте жұмсақ та, қуатты, сырлы да, сыршыл. Ол жырында қарапайым тіршілікті көркемдікпен өріп, әр шумағына жүректің лүпілін, заманның тынысын дарыта білді. Оның өлеңінен өмірдің өзі сөйлейді, сағыныш пен сүйіспеншілік, ар-намыс пен азаматтық, тағдыр мен тәубе қатар өріледі.

Қайрекең – сөз киесін қадірлеген, өлеңді өмірден биік қойған ақын ретінде өмірдің әр түрлі қырларын, адамзаттық, рухани мәселелерді тереңінен толғап, қоғамның қайнаған тынысын өз шығармашылығына арқау еткен ақын. Қ.Асановтың шығармашылығы бір ғана тақырыпқа шектелмейді. Ол табиғат пен адам арасындағы байланысты, тіршілік тынысын жырлаудан бастап, қоғамның қазіргі келбетін, өз халқына деген сүйіспеншілігін, жеке тұлғаның рухани кемелдігін іздеу арқылы адамның ішкі әлеміне терең үңіледі. Оның өлеңдері жан-жақтылығы мен әр түрлі тақырыпты қамтуымен бағалы.

Мысалы, табиғатқа, туған жерге арналған өлеңдерінде ақын тек сыртқы әлемді ғана емес, адамның ішкі сезім әлемін де суреттей отырып, тұтас бір болмыстың үйлесімділігін аңғартады. Сол сияқты, қоғам мен адамгершілік мәселелеріне арнап жазған туындыларында ол заман мен қоғамның қайшылықтары, адамзаттық құндылықтардың жоғалуы туралы толғанады. Сонымен қатар, Қайырбек Асановтың шығармашылығында махаббат, отбасы, достық, адалдық сияқты адамгершілік ұстанымдары да маңызды орын алады. Оның «Біз қаһарман екенбіз, Қару еткен қаламды» деген жолдары тек поэзияның күшін емес, өмірдегі күрестің маңыздылығын да білдіреді.

Қайырбек Асанов – қазақ поэзиясының өзіндік үні, шындықты шырақ еткен шыншыл қаламгері. Оның жырларынан ел мен жерге деген сүйіспеншілік, уақыт пен тағдыр сынынан сүрінбей өткен азаматтың тұғырлы болмысы, жүректен шыққан шынайы сөздің құдіреті айқын аңғарылады. Табиғат пен туған өлке, махаббат пен адамгершілік, заман мен қоғам туралы толғаныстары – бүгінде оқырман жанына жақын, рухани нәр берер әдеби мұраға айналды.

Биылғы жылы «Дәуір» баспасынан қаламгердің шығармашылығына арналған таңдамалы үш томдық жинағы жарық көрді. «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» деп аталған бұл кітаптар ақынның көркемдік әлемін, адамзатқа деген сүйіспеншілігін, өмірге және руханиятқа терең бойлаған философиялық толғамдарын тұтас қамтып, оқырман қауымға мол рухани олжа сыйлады. Аталған жинақтың салтанатты тұсаукесер рәсімі облыс әкімдігінің бастамасымен жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел зиялылары мен әдебиетсүйер қауымның басын қосты.

Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, ақын мұрасының ел руханиятындағы орнына тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді. Бұл әдеби оқиға – тек Қайырбек Асанов шығармашылығына ғана емес, жалпы қазақ поэзиясына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды Қаламын қару, сөзін серт еткен Қайырбек Асанов биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Бұл – жай ғана жас емес, ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбектің, ұзақ жылдық шығармашылық жолдың кемел биігі.

 Сексенге сергек жеткен ақынның әр жыры – елге үлгі, жас ұрпаққа бағдар. Оның өлеңдері – бүгінгі күннің айнасы ғана емес, болашаққа жол сілтер рухани компас. Осы асқарлы мерейлі сәтте Қайырбек ағамызға шығармашылық шабыт, мызғымас денсаулық, шалқар көңіл тілейміз! Ұлт сөзін ұлықтап келе жатқан шын сөздің шебері ретінде еліңіздің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз. Алда да кемел жырларыңызбен көркейіп, халқымыздың рухани кеңістігін байыта беріңіз демекпіз!

 

 Бақытжан МАҚАШЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар