
FCB Media Day 2025-те жарияланған бірінші кредиттік бюросының мәліметі бойынша 2024 жылы 6,2 миллион қазақстандық жалпы сомасы 10,6 триллион теңгеге 36,9 миллион тұтынушылық кепілсіз қарызды ресімдеген. Ал Ұлттық Банк деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай Қазақстанда 10 миллионнан астам адам несие алған. Оның ішінде шамамен 1,7 миллионы проблемалық несиелер тобына енген, яғни төлем мерзімі 90 күннен асқан берешек иелері.
Қазір тіпті несие алу үшін де банктің алдында ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті шамалы. Телефон мен ғаламторың болса жеткілікті. Соның салдарынан еліміздегі экономикалық белсенді халықтың шамамен 15-17 пайызы тұрақты қаржылық қысымда өмір сүріп жатыр. Көбісі пәтер, көлік, бизнес үшін несие алып жатады. Әрине, оның жөні бөлек-ақ.
Болашаққа инвестиция деп ақтап алармыз. Бірақ бір несиені жабу үшін екінші рет несие алу, тамақ ішу, киім алу үшін «KaspiRed» қолдану және ел жұрттан ұят болмасын деп, жағдайы жетпесе де өте үлкен қаражатқа банктен қарыз алып, той жасау қаржылық сауатсыздықтың айқын көрінісі. 3-4 сағаттық тойға бола үлкен өмірге бірге аяқ басып, қалыптасып келе жатқан жас отбасы 3-4 жылдап несие төлеуге мәжбүр болады. Ал басында бір емес бірнеше қарызы бар жас жұптың көбінесе осы қаражат жетіспегеннің салдарынан ажырасып жатқанын көру қынжылтатыны рас. Ең сорақысы, Қазақстанда 2023 жылы 12 азамат несиесін төлей алмағанына байланысты өз-өзіне қол жұмсаған. Тағы 40 адам заңды бұзып, тонау мен қарақшылық бабы бойынша ұсталған.
ІІМ мәліметтері бойынша, олар қарыздарын өтеу үшін бұл қылмысқа баруға мәжбүр болған. «Ақшаның құлы болуға да, биі болуға да болады» демекші қалай осы бір дүниенің соңынан ереміз деп-ақ, үлкен бір қақпанға түсіп қалғаныңды байқамай да қаласың-ау, сірә Қаржылық сауатсыздықтың тағы бір белгісі – несие алушы адамның көп жағдайда келісімшартты оқымауы. Қол қойып, әбден бояуы сіңгеннен кейін барып пайыздық мөлшерлемелерді, айыппұлдар және жасырын төлемдер туралы ақпаратпен танысып бармағын тістеп жатады.
Адамдар барлық несие берушілердің шарттары шамамен бірдей екен деп ойлап құжаттарды оқымайды. Сонымен қатар қарыз алушылар «Сенімді банк» деп келісімшартқа салғырттықпен қараса, ал басым бөлігі құжаттағы терминдерді түсінбей жатады. Бірақ әрбір несие алар алдын міндетті түрде асықпай, түсінбеген жерлерін қызметкерлерден, тіпті болмаса ғаламтордан іздеп, сүзгіден өткізіп болғаннан кейін қол қою керек. Себебі бұл несиеге тек сіз ғана үлкен жауапкершілік аласыз. Сондықтан да қаржылық жағынан білімді болу өте маңызды.
«Несиеге ет жесең, сүйегі ішегіңді жыртар» демекші несие алар алдын сан мәрте ойланған абзал. Бүгінгі тыныш ала қойған қарызыңыздың арты үлкен берешекке айналып, тыныштығыңызды бұзуы мүмкін. Несие – егер дұрыс пайдаланылса, пайдалы құрал. Алайда ол қаржылық сауатсыздық жағдайында ұзақмерзімді тәуелділік пен әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін. Әрбір қадамды ойланып жасау – бүгінгі күннің басты қажеттілігі.
Қаржылық еркіндік – бостандықтың бір бөлігі. Ал бостандық – тек ақшамен емес, ақылмен басқарылған таңдаулармен өлшенеді. Сол үшін де түрлі жарнамаларға алданбай, болашағымызға, «кредиттік тарихымызға» кір келтірмес үшін барлық жағынан сауатты болғанымыз өзіміз үшін де, қоғам үшін де пайдалы.
Аружан СҰЛТАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді