
Абзал Мұсабеков – Тараздағы тірлігін тендермен үйлестірген жігіт. Бастапқыда дәнекерлеуші болып жұмыс істеген ол бүгінде мемлекеттік сатып алу ісіне қатысады. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді, тауар сатып, табыс табады. Арнайы порталдан тендер іздейді. Тендерді ұтқан соң жеткізушіден тауарды сатып алып, мемлекеттік мекемеге алып барады. Яғни, тендер орындалған соң барып өз пайдасын табады.
Мемлекеттік ұйымдар мен ірі компаниялар өзіне керекті тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін тендер өткізеді. Арнайы конкурсты өткізіп, өздеріне қандай тауар керек, қандай мөлшерде, қашан және тағы сол сияқты ақпарат беріледі. Тендерді мемлекеттік мекеме ұйымдастырса, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, тендерде жеңіске ең арзан баға ұсынған кәсіпкер жетеді. Мұның бәрін, бүге-шігесін бізге мықты «тендерщик» Абзал Нұрғисаұлы айтып берді. Ол бүгінге дейін 3000-дай шәкірт оқытыпты. Арасында ұстазынан озған шәкірттер де бар.
– Арнайы курсты 400 000 теңгеге оқытамыз. Оны кез келген адам үйрене алады. Оған мемлекеттік сатып алу порталын толыққанды меңгертеміз. Оның ішінде бағасы, ашық конкурс, аукцион, тендер, қалай қатысу және ұту жолдарын көрсетеміз. Рас, бұрын танысы, көкесі бар адам тендерді ұтатын. Қазір заман басқа. Бағдарлама толықтай электронды түрде өтеді. Жеңімпазды робот алгоритм анықтайды. «Самрұқ қазына» порталын үйретеміз. Осының барлығын толық үйреніп болған соң біреуге жұмыс жасаудың қажеті жоқ болады. Мысалға, еден жуушы болып кіру үшін 300 000-400 000 ақша төлеп, 60 000 теңге айлыққа істейді. Ал тендерді үйренсе өз-өзіне бастық болады. Адамдар көп сылтау айтады. Кейбірі тендермен айналысатын айналымға ақша жоқ дейді. Бүгінгі күні көптеген ірі компаниялар тендершик іздеп отыр. Айлығы кемі 250 000-1 000 000 арасы. Өз басым тендерге келгелі бір емес 3 автокөлік алдым, бір автокөлікті ініме, екіншісін әкеме сыйладым. Былтыр Астана қаласында филиал ашып, бизнесімді кеңейттім. Бір шетінен халыққа да пайдам тисін деген ниетпен оқу орталығын ашып отырмын. Тендерге келместен бұрын үлкен қарыздарым болды. Елдің бәрінің басында бар микро кредит менде де болды. Күні-түні коллекторлар мазалайтын. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, туған-туысқа қарайтын бет жоқ болды. Өйткені өздеріңіз білесіздер, несие төленбеген соң олар туыстарды мазалайтын. Ал бүгінде бір ғана тәуекелімнің арқасында әуелі Алла, сосын тендерді игеру жолымен осындай үлкен табысқа шығып отырмын, – дейді ол.
Неге нақты тендер саласы деп ойланып көрсек, бұл кәсіптің артықшылығы өте көп екен. Қандай кәсіпті ашатын болсаңыз да, 500 мың немесе 1 миллион теңгедей қаржы қажет. Ал тендерді сіз қалтаңыздағы 20-30 мың теңгемен де бастай аласыз. Бұл кәсіп үшін арнайы мекемені жалға алудың қажеті жоқ. Арнайы адамдарды жұмысқа алудың керегі жоқ. Қолыңызда ноутбук пен интернет болса болды. Бұл саланы алып кетуге болады.
Абзал дәнекерлеуші болып өзі үйренген екен. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші қолынан келмейтіні жоқ жігіт қазіргі Гранд базардағы бүкіл жақтау, есіктерін жасап шығыпты. Тендерге келгелі де «Берік қара» жазғы лагерін тендерден ұтып, әдемі беседкаларды өз қолымен жасапты. Іскер жігіт құрылыс жұмыстарынан, ер адамдарға тән барлық кілт жасау, құрастыру, есік ауыстыру, бәрін жасай аламын деп отыр. Тек бұл ауыр іспен айналысып жүргенде тендермен кім айналыспақ?
Аз ғана уақытын тендерге арнап халыққа үйретіп, өзі де қатысып, миллиондарды бағындырып жүр. Жеке командасы бар. Бір қызығы, тендер жыл мезгіліне қарамайды. Бұл кәсіпте салған қаражатыңыз толық қайтады. Өйткені қаржы мемлекеттен келеді. Осы тұрғыда Абзалдың өзі тәрбиелеген ең үздік шәкірті әрі жеке көмекшісі Жарқынай Балаевамен сөйлестік.
– Тендерден ақша табу өте оңай. Себебі бұл жерде арнайы қатып қалған қағида мен ереже жоқ. Кез келген адам тендерден қаржы таба алады. Бұл кәсіптен ақша табудың жолы қарапайым. Тендер дегеніміз – онлайн сауда. Мемлекетке не қажет, біз соны жеткізіп береміз. Мемлекеттің қазынасынан қаржыландыратын кез келген мемлекеттік мекеме өзіне қажет тауар, қызметтер мен жұмыстардың барлығын тендер, конкурс негізінде сатып алады. Ал біз мемлекеттік мекемелерге қажетті жұмыстарын орындау арқылы және тауарды тауып беру арқылы табыс табамыз. Тендерге қатысу үшін міндетті түрде заңды тұлға болуы қажет. Міндетті түрде жеке кәсіпкерлік болуы керек. ЭЦП ключ қажет. Тендерді кез келген қаржымен бастай аласыз. Мысалы, бір мектептен сізге интерактивті тақтаға тапсырыс түседі. Сізге 100 мың теңге ұсынды. Базардан бұл тауарды 50 мың теңге көлемінде табуға болады. Сөйтіп сіз, өзіңіздің қалған таза пайдаңызды таба аласыз. Бәрі өзіңізге байланысты. Жарнама, сайт, маркетинг қажеті жоқ. Мекеме жалдаудың керегі жоқ. Күніне мыңдаған тапсырыс шығады. Бәсеке аз. Бастысы, тендерде кризис жоқ. Мұның бәрін бізге ұстазымыз жақсылап түсіндіріп үйретіп қойған, – дейді ол.
Кезінде Кристофер Морли «Ешкім оқымаған кітапты оқы, ешкім ойламаған ойды ойла. Елдің пікіріне сену – ақыл-ойыңа зиян» деген. Білмеген нәрсемізді үйрену – бақыт сыйлайтын шығар. Әдеттерімізді өзгерту дұрыс нәтиже береді. Өміріміз берекелі әрі жетістікке толы болсын десек, өз жолымызды тапқанымыз жөн шығар.
Бүгінгі кейіпкеріміз Абзал да ешкім салмаған сүрлеуді салып, армандап көрмеген биіктеріне жеткен. Табыстың кілті – көңіл бөлу. Қай саланың да үздігі болып, кез келген істе табысқа шығу мақсатыңыз болса, сол салаға жеткілікті көңіл бөліп, шын ниетпен іске кірісу керек!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді