«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл боксының жұлдызы биіктей береді

Жамбыл боксының жұлдызы биіктей береді
Ашық дереккөз
2025 жыл жамбылдық спортшылар үшін табысты басталды. Әулиеаталық өрендер түрлі әлемдік және халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдап, Жамбыл спортының атын биікке көтерді. Ермахан мен Бақтиярдың бүгінгі ізбасарлары өңірдегі бокс мектебінің бай дәстүрін сәтті жалғастыра білді. Айталық, 19-30 сәуір аралығында Иордания астанасы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғаған 6 жамбылдық спортшы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл сында 64 килограмм салмақта Мейіржан Шәді қола жүлдеге ие болса, 80 килограмда Мұхамедәлі Рүстембек Азия чемпионы атанды. Ал бұрымды боксшылар арасында Тұрсынбек Дильяра чемпион атанып, Әбдікерім Айдана мен Қоңырат Эльнура қола жүлдені місе тұтты.

Сондай-ақ Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен жастар мен U22 санатындағы Азия чемпионатында да өңір намысын қорғаған үш спортшы – Виктория Байдукова, Жарасқызы Жібек және Досымжан Таңатар алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын асқақтатты. Бұдан бөлек 21-26 сәуір күндері Қызылордада өткен VI жастар спорт ойындарында жамбылдық боксшылардың бағы жанып, бабы келісті.

Ерлер құрамасы 1 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен төртінші орынға тұрақтаса, қыздар құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен ел бойынша екінші орынды иеленді. Ал Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық турнирде Жүніс Мейіржан алтын медаль жеңіп алып, елімізге қуаныш сыйлады.

Облыс әкімінің орынбасары, өңірлік бокс федерациясының төрағасы Серік Сәлемов халықаралық және республикалық додаларда топ жарған спортшылармен және олардың бапкерлерімен кездесіп, марапаттады. Жиында шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ олардың жеке бапкерлері құрметке бөленді.

Басқосуда федерация президенті Серік Жақсылықұлы үздік боксшылар мен бапкерлерге қаржылай сертификаттар табыстап, алдағы уақытта да спортшыларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Біз бүгін еліміздің, облысымыздың атын әлемдік және ұлттық ареналарда танытып жүрген жастарымызбен жүздесіп отырмыз. Спорт – бұл тәрбие, ерік-жігер, ел мен жерге қызмет етудің биік формасы. Соңғы бірнеше айда Жамбыл облысы үшін бокстан жарқын жеңістер кезеңі болды. Ержан Рамазан, Қадырхан Айғаным, Темірхан Жолмахан, Оразалы Көбей, Әшірбай Бибарыс, Сауытбек Айдамир – бұл тек жүлде алған спортшылар ғана емес, болашақта ұлттық құраманың көшін бастайтын үміткерлер, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде өңірлік бокс федерациясының вице-президенті Әділхан Қайратұлы саңлақтардың жеңісі – табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесі екенін атап өтті. Жалпы, кездесу барысында Азия чемпионаттары мен жастар ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың жеке бапкерлері арнайы марапаттарға ие болды. Жиын соңында облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ғани Жайлауов Жамбыл боксының жұлдызы әлі де биіктей түседі деп сенім білдірсе, Азия чемпионы Виктория Байдукова мен Досымжан Таңатар қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне шынайы ризашылығын жеткізді. Олар алдағы жарыстарда да ел сенімін ақтауға бар күштерін салатындарын баса айтты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар