
Іс-шара Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының «Шаттық» хорының орындауындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Патриоттық іс-шараға жиналған көпшіліктің алдында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйледі.
– Әнұран, Ту, Елтаңбамыз – ұлт рухының асқақ көрінісі. Рәміздер – Тәуелсіз еліміздің баға жетпес құндылықтары. Рәміздер – ел болашағына деген берік сенім мен патриоттықтың символы. Көк байрақ еркіндігіміздің белгісі болса, Әнұранымыз – биік рух кепілі. Шаңырақ бейнесі белгіленген Елтаңбамыз еліміздегі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірліктің кепілі. Рәміздерді қастерлеу әрбір азаматтың айнымас міндеті мен борышы. Рәміздерді құрметтеу – адалдық пен патриоттықтың жарқын жолы. Патриот жастарымыздың көптігі қуантады. Жастар патриот болса, елдің дамуының жақсы екендігін көрсетеді. Рәміздер – құндылықтардың төресі. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі жоғары, тұғыры биік бола берсін. Әр отбасыға жақсылық, амандық, құт-береке тілеймін, – деді ол.
Мұнан соң облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы бірқатар азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттаса, бірқатар үздік азаматтар Алғыс хаттарға ие болды. Келесі сәтте Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасын тамашалады. Дулат Жасұзақов пен Мейірім Хамзина «Атамекен» әнін шырқаса, Әлішер Болтаев пен Қайсар Көкішев «Елім деп соққан жүрегім» әнін жүректерге жеткізді. Жазира Сметова мен Динара Диханбаева «Асыл досым» әнін көпшілікке тарту етсе, Жұлдыз Өксікбаева, Арайлым Құрымбетова, Гүлдан Шәріпханова «Елім, Қазақстан» әнімен ерекшеленді. Бұл күні өңір тұрғындары ерекше қуанышқа бөленді. Әсіресе жалынды жастар белсенділік танытты.
«Мен бұл іс шараға қатысып тұрғаныма өте қуаныштымын. Елтаңба бейнеленген үлкен билбордты бірнеше курстасыммен көтеріп алып жүріп, рәміздер күніне тамшыдай үлесімді қостым деп ойлаймын. Тәуелсіз еліммен мақтанамын», – дейді Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Дулат Мұхамеджанов.
Рәміздер күні – барша еліміздің тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Сондықтан патриоттық іс-шара барша көпшілікке жақсы әсер сыйлағаны анық.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Бүгінгі БАҚ қайда бара жатыр?
- Бүгін, 03:03
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді