«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт тұлғасымен ұрпақты қауыштырған қойылым

Ұлт тұлғасымен ұрпақты қауыштырған қойылым
Автор
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен Шерхан Мұртаза туралы «ШЕР-ХАН» қойылымы көрермен ықыласына бөленді. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен жазушы, қоғам қайраткерінің өмір жолына арналған көркем – туынды көпшілікке керемет әсер сыйлады.

Қойылымда қаламгердің балалық шағы мен бозбала кезі, әсіресе интернаттағы өмірі мен 1937 жылғы саяси қуғын сүргіннің зардаптары терең баяндалды. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы халық көрген ауыртпалықтар, бауырларына, туған-туыстарына, Айша анасына деген сағынышы, ел тағдыры жолындағы күресі мен депутаттық кезеңдегі қоғам өміріне қосқан үлесі әсерлі жеткізілді.

Көрермен назарына ұсынылған бұл туынды шынайы сезім мен өмірлік шындыққа негізделгені арқылы жүректерге жол тауып, ел ықыласына бөленді. Қойылым барысында Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысы мен ел алдындағы еңбегі ерекше көркемдікпен бейнеленіп, залда отырған жұртшылыққа терең ой, ерекше әсер қалдырды. Кеш барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков қойылымның мазмұны мен маңыздылығына тоқталып, өз ойымен бөлісті.

– Бүгінгі күні жастардың арасындағы рухани байланысты, ұрпақтар сабақтастығын осындай мұралар арқылы қалыптастырып, тәрбиелеп келеміз. Бірақ бұл қойылым Шерхантану әлеміне тағы бір қадам жақындатты. Өздеріңіз көргендей, кез келген тұлға тарихи кезеңдерде өмір сүреді. Біздің де тұлға болып қалыптасуымызға сол кезеңдердегі тарихи, саяси және әлеуметтік жағдайлар ықпал етеді. Міне, Шерағамыз қандай қиын сәттерді бастан өткергенін бүгін өз көзімізбен көрдік. Көркем шығармада айтылғандай, театр адамның жанын жаңғыртып, рухани байытады, санасына серпіліс береді. Бүгінгі туынды жастарымыз үшін үлкен рухани күш болды деп ойлаймын. Осыншама эмоция мен әсер сыйлағандарыңыз үшін ұжым атынан зор алғысымды білдіремін. Театрдың бүгінгі қойылыммен ғана шектелмейтінін де атап өткім келеді. Театр – мәңгілік байланыс, рухани тірек. Осындай байланыстарымыз нығая берсін. Оның үстіне қазіргі таңда қаламызда Жастар театры ашылып жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі үміт. Себебі біздің қаракөз, қарадомалақ, дарынды, талантты, қабілетті жастарымыз өте көп. Бірақ олардың шығармашылық әлеуетін толық көрсету үшін, ішкі жалынды сыртқа шығару үшін, өнерлерін халыққа паш ету үшін дәл осындай сахналар, осындай театрлар керек. Мұндай ортада таланттың жұлдызы, руханияттың шамы жанады. Сондықтан осындай өнер ордалары, сондай дарынды жастарымыз көбейе берсін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шабыттарыңыз шарықтай берсін, – деді оқу орнының басшысы.

Қойылымды облыс, қала, басқарма және түрлі сала жетекшілері, зиялы қауым мен ақпарат құралдары, облыстық ардагерлер кеңесі өкілдері, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студент жастары да келіп тамашалады. Қойылым соңында сахна төріндегі артистерге облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Көрермен қауым да өздерінің ыстық ықыластарын артистерге құшақ-құшақ гүлдер сыйлаумен білдірді.

 

Аяулым РАХЫМБЕК

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар