«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құмды өлкедегі қызу тіршілік

Құмды өлкедегі қызу тіршілік
Ашық дереккөз
Биыл жері бай, елі дархан Мойынқұм ауданының құрылғанына – 60 жыл. Осы айтулы датаның аясында және жалпы ауданның бүгінгі әлеуметтік экономикалық және мәдени ахуалын, тұрғындардың еңбегі мен тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар игі шаралар қолға алынып, өз нәтижесін беріп келеді.

Игілігі мол Иппотерапия орталығы

Жуырда ауданда ерекше жоба – иппотерапия орталығы ашылды. Иппотерапия – мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған емдік атқа міну әдісі. Бұл әдіс еліміздің түрлі өңірлерінде сәтті қолданылып келеді.

Салтанатты шарада балаларға қуаныш сыйлаған «НұрБала» мекемесінің қызметкерлері шашу шашып, жиналғандар иппотерапия сессиясын тамашалады. Балалардың бір тобы атқа мініп, арнайы дайындалған жолмен жүріп өтсе, енді біреулері ән салып, би билеуден өнер көрсетті. Аудан әкімі Ермек Кәрентаев балалар мен ұстаздарды марапаттап, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгерім Дәулетбаева балаларға ерекше сыйлықтар тарту етті. Оның ішінде Буцефал есімді пони, жүгіру жолағы және дамытушы ойыншықтар бар. Бұл орталық аудандағы ерекше балалардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосады деген сенім мол.

Қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы

Бірлік ауылында жүзеге асқан жақсы жаңалық – қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы ел игілігіне берілді. Бұл тек саябақ емес, ауылдың ажарын ашып, тұрғындардың рухын көтеретін көрікті мекенге айналды. Саябақтың әр бұрышы заманауи өрнекке толы.

Балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, ересектерге жаттығу құрылғылары орнатылған. Жасыл желекке оранып, көз қуантқан газондар мен отырғызылған 500-ге жуық ағаштар бұрыннан қалыптасқан көгалдандыру дәстүрінің жалғасы іспетті. Саябақтың сәулеттік тұтастығына шебер үйлескен «Мойынқұм» сөзімен көмкерілген сәндік элементтер мен «Бірлік» жазулы жарық шамдары ауылдың бірлігін, ауданның рухын бейнелеп тұрғандай әсер қалдырады. Саябақ төрінен орын алған ашық сахна туралы айрықша атап өтуге болады. Ол алдағы уақытта мәдени іс-шаралар мен концерттердің ордасына айналмақ. Ал оның спорт кешеніне қарама-қарсы орналасуы, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік. Бүгінде «Жеңіс» саябағы ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Бірліктік балалар да, ересектер де бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізіп жүргені қуантады.

Тоғыз көше жөнделеді

Биыл аудандағы жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында төрт елді мекендегі 9 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, таяуда Қылышбай ауылында үш көшеге жөндеу жұмыстары басталады.

Ақсүйек ауылында да үш көше орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Назарбеков ауылында екі көшенің жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Биназар елді мекеніндегі Жайлаубек көшесі де жаңартылмақ. Жол сапасын арттыруға бағытталған бұл жобаларды «Ал Кон Сер лтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын болады. Жол – ел тіршілігінің күретамыры. Сондықтан халықтың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасау аудан басшыларының басты назарында тұр.

Тұрғындар мәселесі – жіті назарда

Қияқты ауылындағы екі қабатты тұрғын үйдің тұрғындары шатырдан су өтетіні туралы көптен бері айтып келген болатын. Биыл бұл мәселе аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен шешімін тауып, бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінде жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Жақында Қияқтыға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов құрылыс барысын бақылап, каркас ағаштарының беріктігін тексерді. Енді жақын күндері шатыр толықтай жабылып, тұрғындардың көп жылғы мәселесі шешімін таппақ. Жұмыс сапарында аудан әкімінің орынбасары Ақбақай ауылына да ат басын бұрып, осындағы су тарту жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер компания өкілдерімен кездесу кезінде жобаның жүзеге асу қарқыны мен сапасы талқыланып, нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде ақбақайлықтар үшін аса маңызды ауыз су мәселесі – аудан әкімдігінің жіті назарында. Бұл игі жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, тұрмыс жағдайын жеңілдетпек.

«Алтын тай» – тамаша турнир

Ауданның 60 жылдығы мен халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Алтын тай» тай жарысы ұлттық рухты көтеріп, жасөспірімдердің шабандоздық өнерін дәріптеген ерекше шара болды.

Аудан орталығына жақын маңдағы ауылдар мен Мойынқұм ауылынан келген шабандоздар додаға түсіп, тайлардың шабысын көрермендер қызыға тамашалады. Жарыс нәтижесінде жүлдегерлер анықталып, үздік шабандоздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл бәйге балаларды ұлттық спортқа баулу және ауданның мерей тойын мағыналы өткізу бағытындағы игі бастамалардың бірі болды.

Бар жақсы – балаларға!

Балаларды қорғау мерекесі аясында аудан әкімі Ермек Кәрентаев көпбалалы Жақаевтар отбасына арнайы барып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Аудан басшысы осы шаңырақтың бір ұлына велосипед табыстап, өзге балаларға ойыншықтар тарту етті. Отбасындағы бес баланың шат күлкісі мен қуанышы, осы күннің ең жарқын көрінісі болды. Ал ауданның Жастар ресурстық орталығы көпбалалы жанұяға тұрмысқа қажетті заттар тарту етті. Балаларды қорғау күні аудан әкімі ауруханада ем алып жатқан бүлдір шіндерге арнайы баруды да ұмыт қалдырмады. Ермек Амангелдіұлы бүлдір-шіндерге сыйлықтар тарту етіп, осылайша мейірім мен қамқорлыққа толы бұл сәт балаларға ерекше қуаныш сыйлады. Игі шарадан аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де тыс қалмай, балалардың қуанышын есейлей түсті. Мәселен, бұл күні депутат кәсіпкер Бекболат Өткелбаев өз дүкенінен 3 балмұздақ таратып, балаларға батутта ойнау мен бассейнде шомылуды күні бойы тегін ұсынса, тағы бір депутат кәсіпкер Қанат Көшербаев балаларға 1600 балмұздақ сыйлады. Мойынқұм ауылдық округінің әкімдігі де балаларға тегін балмұздақтар мен салқын сусындар таратты. Сонымен қатар бұл күні асық ату, арқан тартыс, дойбы, сурет салу сияқты ұлттық ойындар мен қызықты шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.

Жаңа мешітте алғашқы азан шақырылды

Ақсүйекте көптен күткен жағымды жаңалық орын алып, қасиетті жұма күні жаңадан салынған ауыл мешіті жамағатқа есігін айқара ашты.

Рухани шара аясындағы салтанатты рәсімде облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов, ауданның бас имамы Рысбай Еспенбетов, Ақсүйек ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Жағанов және ауылдық қауымдастық кеңесінің төрағасы Мырзакелді Ахмедиев жаңа мешіттің маңызын, ауыл халқы үшін рухани тірек ретіндегі рөлін атап өтті. Ауыл тұрғындарының сұранысы мен қолдауына сай бой көтеріп, сәулетімен ерекшеленетін жаңа мешітте алғашқы азан шақырылып, жамағатпен жұма намазы оқылып, дұға жасалды. Бұл мешіт ауылдағы имандылықтың, бірліктің, татулықтың тағы бір белгісіне айналмақ. Рухани орда алдағы уақытта тек құлшылық орны ғана емес, жастарға тәрбие беретін, игі бастамаларға ұйытқы болатын орын болады деп күтілуде.

Жүрегі жомарт жандар көп

Жомарттық – адам бойындағы ең ізгі, асыл қасиеттердің бірі. Расында да шынайы жомарттық – тек материалдық көмек емес, елге, туған жерге, болашақ ұрпаққа деген жанашырлық пен қамқорлықтың көрінісі. Осы орайда Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының жомарт түлектері жайлы айрықша айтуға болады.

Солардың бірі – академик, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Абылай Сансызбай ұрпаққа білім мен тәрбие беретін алтын ұя мектебіне деген перзенттік парызын терең түсініп, анасы Нұрбала Қожахметқызы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықтап берді. Бұл кабинет ұлттың тілі мен әдебиетін қастерлейтін өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына зор мүмкіндік береді. Оқу жылының басында игі бастаманы жалғастырған Еркебұлан Абылайұлы «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жалпы көлемі 1 миллион теңгеге арналған стипендия қорын құрған болатын. Бұл стипендия «Үздік мұғалім» және «Үздік оқушы» номинациялары бойынша тағайын-далып, оқу жылы қорытындысында үздіктер анықталды. «Үз д і к мұғалім – 2025» байқауының жеңімпаздары болып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Әлия Саурықова (250 мың теңге) мен Майра Омашева (100 мың) және музыка пәнінің мұғалімі Еркебұлан Дүзелбай (150 мың) танылса, «Үздік оқушы – 2025» байқауының иегерлері 11-сынып оқушысы Сәкен Сағадин 250 мың теңгеге, 7-сынып оқушысы Иманғали Амандық 150 мың және 5-сынып оқушысы Хантөре Қалмахан 100 мың теңгеге ие болды.

«Халық заңгері» – нақты көмек

Өткен аптада ауданда «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Бұл маңызды шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету болды.

Акцияға аудан әкімінің орынбасарлары, заңгерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар, сот орындаушылары, жергілікті атқарушы органдар мен бөлім басшылары қатысты. Бұл күні тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша тегін кеңес алып, сұрақтарына нақты жауап берілді. Нәтижесінде көмекке жүгінген 40 тұрғынның 20-сына құқықтық кеңес беріліп, 5 азаматтың өтініші бойынша жұмысқа орналасу мәселесі шешілді. Тағы 15 адамның өтініші сол күні өз шешімін тапты. «Халық заңгері» – азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты көмек. Аталған акция Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет министрлігі, Zakon.kz, «Параграф» ақпараттық жүйесі және республикалық адвокаттар алқасының қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.

«Бір жыл – мың шабыт»

Осындай тақырыпта аудандық мәдениет үйінде Әсемхан Шегебаев басқаратын өнер және қосымша білім беру мектебінің ұйымдастыруымен есеп беру кеші өтті. Шара мақсаты – бір жыл ішінде түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен олардың жетекшілерінің жетістіктерін насихаттау.

Кеш аясында көрермендер алдымен оқушылардың қолөнер бұйымдары, суреттері мен оқу жылы барысында атқарған шығармашылық жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. Концерттік бағдарлама «Ақниет» театр үйірмесінің шәкірттері сахналаған, Әлібек Файзуллаұлының «Тити мен Маумау» ертегісінен алынған қойылыммен ашылды. Жас актерлердің шеберлігі мен сахналық мәдениеті көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Бұл мерекелік кеш барысында түрлі байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Тараз қаласында өткен «Дарабоз» республикалық өнер байқауының І орын иегері Інжу Мақсұт «Қазақстан балалары» әнін орындаса, хореография жанры бойынша жоғары нәтиже көрсеткен «Балауса», «Көзайым», «Аяла» би топтары «Құрбылар», «Шабыт», «Көктем» билерін көрермен назарына ұсынды. Бұл топтар «Bi style» республикалық байқауында І орын, халықаралық «Zhuldyz Art Kazakhstan» байқауында бас жүлде иеленіп, Дубай, Стамбул және Ташкент қалаларында өтетін халықаралық байқауларға тегін қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар көркемсөз оқу бағытында табысқа жеткен Ақсезім Панарбек Мұқағали Мақатаевтың «Сәби ана» өлеңін тебірене оқыды. Ол республикалық «Мағжан, Мұқағали, Ілияс» оқуларынан І орын, облыстық байқаудың ІІІ орын иегері. Кеш барысында Еркежан Төрехан «Бала тілегі», Нұрай Арқабай «Отаным – Қазақстан» әндерін орындаса, Бағлан Дүзелбай өз шығармашылығынан Мұқағалиға арналған арнауын оқып, көрермен ықыласына бөленді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар