
Айдың ең айтулы оқиғасы – Астана форумы
Алдымен өткен айда бірнеше күн өзге елдердің назарын өзіне аударып, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін танытқан, еліміз үшін саяси жағынан да, экономикалық жағынан да аса маңызды оқиғаларға тоқталып кетсек. Солардың ең бастысы 29-30 мамырда ел астанасында әлемдік көшбасшыларды, сарапшыларды, инвесторлар мен бизнес өкілдерін біріктірген аймақтағы ірі іскерлік оқиға – Astana International Forum (AIF2025) өтті. Жалпы Қазақстан халықаралық деңгейдегі шара ұйымдастырудан кенде емес, тәуелсіздік алғалы жүздеген жиынның түндігі түрілді.
Мұндай іс-шаралардың негізгі миссиясы – елге инвестиция тарту, инновациялық тәжірибелерді бөлісу. Астана халықаралық форумының мақсат-міндеті де осындай нақты даму жоспарына бағытталғанын байқау қиын емес. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Астана халықаралық форумы жаһандық проблемалардың шешу жолы талқыланатын дәстүрлі алаңға айналған, ал Қазақстан үшін әлемдік аренадағы абыройын арттырып, имиджін қалыптастыратын жиын ретінде танылып келеді. Яғни, еліміздің әлемдік көшпен қатар келе жатқанын, өзіндік идеясы мен үні бар мемлекет екенін көрсететін форум.
Биылғы шара сыртқы саясат пен халықаралық қауіпсіздік, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы сияқты үш негізгі бағытты қамтыды. Форумның құрметті қонақтары арасында Руанда басшысы Пол Кагаме, Солтүстік Македония президенті Гордана Сильяновска Давкова, БҰҰ-ның 8-ші бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропа кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюй, Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Эми Э.Поуп, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг пен БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі Каха Имнадзе бар.
Бұдан өзге жиынға келген 5 мыңға жуық қонақтардың қатарында көптеген халықаралық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар бой көрсетті. Форумның бірінші күні Президенттің қатысуымен негізгі сессия өтіп, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Екі күнге созылған кеңесте ірі іскерлік жиынның қонақтары түрлі өзекті тақырыптарды қамтыған панельдік сессияларға белсенді қатысты. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елдерінен, сондай-ақ, жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер сөз сөйледі. Олар екі күн бойы түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін қарастырды, геосаяси шиеленіс, өңірлік интеграция, қарым қатынас моделі турасында біршама озық ойларды ортаға салды.
Мәселен, БҰҰ ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун өңірлік ынтымақтастық пен тұрақты даму туралы, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Хойсген жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру мәселесі туралы айтты. Форум аясында 40-тан аса панельдік сессия, бейресми пікірталастар мен басқа да бағдарламадан тыс шаралар өтті. Жаһандық әріптестік, халықаралық қауіпсіздік, энергетика және экономикалық даму мәселелерін қамтыған Астана форумы инвестиция үшін бәсекелестік дәуірінде өткізіліп, Қазақстанның әлемге ашықтығын көрсетті. Осылайша еліміз ірі әлемдік корпорациялар мен қаржы институттарының назарын аудара отырып, Орталық Азиядағы өз позициясын нығайта түсуде.
Жалпы форум ашық диалог пен шетелдік капитал тартудың, стратегиялық келісімдер жасасу мен экономикалық дамуға арналған бастамаларды ілгерілету үшін маңызды платформа болды. Мысалы, 2023 жылғы өткен AIF-тен кейін Kazakh Invest арқылы келісілген инвестициялық жобалар саны 17 пайыз өскен. Таяу Шығыс, Оңтүстік Шығыс Азия, Африка құрлығымен экспорт-импорттық байланыс артты. Шикізат, IT кластерлері, энергетика, логистика саласында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Жыл сайын форумға қатысатын шетелдік компания саны артқан сайын күтетін нәтиже де жоғары болмақ. Өткен айдың соңғы аптасында Қазақстанға бірнеше елден жоғары лауазымды тұлғалар келгенін жоғарыда айттық. Солардың бірі Руанда президентімен Ақордада өткен келіссөз кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагаменің бұл екінші ресми сапарын тарихи мәні зор деп бағалады.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде Руанданың экономикасы қарқынды дамып келеді, елдің экономикалық өсімі 8 пайыздан асқан. Ал Қазақстан ІЖӨ көлемі, ІТ технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту бойынша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын өркендетудің басым бағыттары бола алады. Келіссөз қорытындысы бойынша маңызды құжат – бірлескен мәлімдеме қабылданды. Президент Астана халықаралық форумына келген ресми делегация жетекшілерімен, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен компаниялар басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапарлатып келген Германия Бундесратының президенті, Саар федералды жерінің премьер министрі Анке Релингермен кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска Давковамен де кездесіп, мемлекеттер басшылары Солтүстік Македонияның танымал Alkaloid фармацевтикалық компаниясының Алматыда өкілдік ашу туралы шешімін құптады. Қазақстанға Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы да келді. Астана халықаралық форумы алаңында Қасым Жомарт Тоқаев даму институтының төрағасы, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді. Пан Ги Мун Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын, жаһандағы экологиялық бастамаларды іске асыру үшін ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Ал Еуропа кеңесінің бас хатшысы Ален Берсемен Қазақстан мен Еуропа кеңесі арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланды. Ален Берсе Еуропа кеңесінің елімізбен өзара қарым қатынас жасауға әзірлігін жеткізді. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюймен, сондай-ақ БҰҰ-ның жоғары өкілдері – Бас хатшының орынбасары, цифрлық мәселелер және озық технологиялар жөніндегі арнаулы өкіл Амандип Сингх Гиллмен, Бас хатшының орынбасары, Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен, Бас хатшының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі және Ауғанстанға көмектесу жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Роза Отынбаевамен, Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульермен кездесті.
Қазақстан Президенті геосаяси тұрақсыздық белең алған кезеңде БҰҰ өзінің әмбебап әрі баламасыз сипатын сақтап, бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз ету ісіндегі бірегей ұйым ретінде қала беретініне сенім білдірді. Астана форумының алаңында Қазақстан Президенті Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның – БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігінің бас директоры Эми Поупті, Ауғанстан Өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизиді, Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице президенті Патрик Ворнкингті, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангті, CITIC Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаны, Ivanhoe Mines Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің атқарушы тең төрағасы Роберт Фридландты, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазруиді, Жасыл климат қорының атқарушы директоры Мафальда Дуартені және Франция сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартен мен Франция Ұлттық ассамблеясы шетелдік істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фуксты, сондай-ақ EDF, SUEZ және Sanofi компанияларының жетекшілерін қабылдап, әңгімелесті.
Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянмен өткен кездесуде Президент Армения Парламенті спикерінің сапары екіжақты ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызға ие екенін айтса, Ұлттық жиналыс төрағасы Қазақстанмен экономикалық байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін атап өтті. Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде маңыздылығы жағынан Астана форумынан кем түспейтін тағы бір іскерлік шара – «Орталық Азия – Италия» саммиті өткені белгілі. Алдымен Қасым Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді әуежайдан өзі қарсы алып, артынша екі елдің басшылары келіссөз жүргізді. Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту перспективасы талқыланып, энергетика, аса маңызды материалдар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік логистика, сонымен қатар жаңартылатын қуат көздері салаларында байланыс орнату мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Айта кетсек, Италия Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Қазақстан да Италияның көптеген сала бойынша маңызды әріптесі. Былтыр екіжақты тауар айналымының көлемі 24 пайызға өсіп, рекордтық 20 миллиард долларға жеткен. Италияның соңғы жылдары елімізге құйған инвестициясының көлемі 7,6 миллиард доллардан асты. Бізде италиялық капиталдың қатысуымен табысты жұмыс істеп жатқан 270-ке жуық компания бар, олар Қазақстанның мұнай-газ саласын, баламалы энергетиканы, машина жасауды, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді.
Қазақстан Президенті мен Италия Министрлер кеңесінің төрағасы стратегиялық серіктестікті нығайту жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады Сол күні Мемлекет басшысы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отыз жылдан астам уақыт ішінде Италия өзін Орталық Азия елдерінің орнықты дамуына септігін тигізген сенімді серіктестердің бірі ретінде көрсетті. Президент «Орталық Азия+» форматында мүмкіндіктерді жұмылдыру Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100 ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын.
Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асқан. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Саммитте Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру бастамасын көтерді. Президент мәдени гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс шаралар легін өткізуді ұсынды. Сондай ақ саммитте Италия премьер-министрі, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері сөз сөйлеп, «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша бірлескен декларация қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға келген мәртебелі меймандар – Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.
Мәртебелі меймандар, кездесулер, келіссөздер...
Жоғарыда айтып өткендей, Президенттің шақыруымен 6-7 мамырда Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. То Ламның елімізге жасаған бұл алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға беруге болады. Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі, біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз ортақ. Осыдан екі жыл бұрын Вьетнамға ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын дамытуға уағдаласып қайтқан болатын. Ақордада То Ламмен кеңейтілген құрамда жүргізілген келіссөзде Қасым Жомарт Тоқаев Вьетнамның 2040 жылға дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді көздейтін стратегиялық мақсатын қолдап, Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді. «Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Сіздің осы тарихи сапарыңыз және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі күшейтуге тың серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында өзара сауда саттық көлемін ұлғайту мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жеткен. Тараптар таяу жылдары бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы пікір алмасты. Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнаған, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асты. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды. Сарапшылардың пікірінше То Ламның Қазақстанға бұл мемлекеттік сапарының тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Мамыр айының екінші онкүндігінде Астанаға тағы бір мәртебелі мейман ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды. Айта кетсек, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір бірімен сәйкес келеді.
2023 жылы екі ел үкіметтері стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойған болатын. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылғанын құптады. Тақ мұрагерінің айтуынша, қол қойылған келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді. Келіссөз соңында мемлекеттер басшылары 10 құжатқа қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес форумының жабылу салтанатына қатысты. Аталған шара аясында екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізіп, 9 коммерциялық келісімге қол қойылды.
Мәскеу мен Мажарстан сапарлары
Өткен айда Қазақстан Президенті екі рет шетелге шығып келді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды, сондай-ақ Белгісіз жауынгердің бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Парадқа елімізден Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфилов атындағы десанттық шабуылдау әскері 37-ші бригадасының сарбаздары қатысып, сап түзеп өтті. Мәскеу сапарының аясында ұйымдастырылған Қазақстан мен Венесуэла президенттері кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэланы еліміздің маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтіп, Николас Мадуроны өзара ықпалдастықты талқылау үшін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Әңгімелесу барысында экономикалық қарым қатынасты дамытуға, соның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастыққа мән берілді.
Кездесу қорытындысында екі елдің іскерлік орталары арасында нақты ықпалдастық орнату жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Мемлекет басшысы Ресей астанасында Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлайнмен де кездесті. Сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жол ашатын мол әлеует бар екені айтылған кездесуде Қазақстан Президенті бизнес қауымдастық өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастырып, экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беруді ұсынды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік-логистика салаларында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Сербия президенті Александр Вучичпен келіссөз жүргізіп, былтыр қарашадағы кездесудің екі ел достығын нығайтудағы және сан қырлы ынтымақтастықты дамытудағы маңызына тоқталды. Александр Вучич Сербияның Қазақстанмен стратегиялық серіктестік аясын одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелерді Сербия президентінің биыл Астанаға жоспарланған сапары кезінде талқылауға келісті. 20 мамырда Мемлекет басшысы Мажарстанға ресми сапармен барып, елдің премьер-министрі Виктор Орбанмен болған келіссөзде екіжақты байланыстың басым бағыты ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты атады.
Былтыр өзара сауда-саттықтың көлемі 200 миллион долларға жетсе, осы жылдың алғашқы тоқсанында тауар айналымы 37 пайызға өсіп, Қазақстан экономикасына құйылған мажар инвестициясы 370 миллион доллардан асқан. Қазір екі ел машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында 16 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың құны 700 миллион долларға жуықтайды. Кездесуде былтыр жоғары деңгейде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың, соның ішінде энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалардың орындалу барысы талқыланды. Ертеңінде Президент Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысының айтуынша, «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдастырылған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келеді.
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет. Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды. Жалпы өткен айда елордамыз маңызды әрі жоғары деңгейдегі оқиғалар дүбіріне толып, Тәуелсіз Қазақстанның астанасы үлкен саяси алаңға айналғандай әсер қалдырды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті
- 17 маусым, 2025
Қазақстан - Қытай: екіжақты сауда көлемі 30 млрд долларға жетті
- 16 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді