«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөз сүлейін сағынышпен еске алды

Сөз сүлейін сағынышпен еске алды
Ашық дереккөз
Ел тарихында қазаққа ортақ сөз айтып, әдеби мұраларымен халықты жақсылыққа шақырған белгілі кісілер аз болмаған. Сондай талантты тұлғаның бірі – Сыр бойында ғұмыр кешкен ақын, жыршы, жырау Ерімбет Көлдейбекұлы. Ақынның қаламынан «Жақсылар бұл қиссадан ғибрат ал», «Әй, балам,саған насихат», «Жалғанның түбін ойлап, күтініңдер» атты насихат өлеңдері туған. Сонымен қатар «Атымтай жомарт», «Хазіреті Ғали мен Дариға қыз», «Әбу Шашма», «Сәдуақас Сақи», «Ақтам сақаба» атты дастандары қазақ әдебиетінің олжасы десек, артық айтпаспыз. Ақын Сыр бойында туғанымен, шығармалары елге ортақ қазына.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын, жырау, жыршы Ерімбет Көлдейбекұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Айтыстың алыбы – жырдың жарығы» атты еске алу кеші өтті. Жиында сөйлеген филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші Меңдібай Әбілұлы ойлы өлеңнің жұртқа ортақ екенін айта келіп, Е.Көлдейбекұлының шығармаларына тоқталды.

«Ерімбеттің есімі Сыр бойына, одан асып Өзбекстан жеріне көп тараған. Жан-жақты талант иесі болған. Айтысқа да түсіп, топтан озған кездері аз емес. Дастандарының философиялық мәні терең, көпшілікті жақсы жолмен жүруге, имандылықты ұстануға, қиянатқа бармауға шақырады. Артына рухани мол мұра қалдырды. Заманында мектеп ашып, жастарға білім берген. Бірнеше болыс елді сумен қамтитын бас мұрап қызметін атқарып та әділдігін көрсеткен. Қай жағынан алсақ та Ерімбеттен жақсы үлгіні көреміз», – деді ол.

Ақын, Мәдениет саласының үздігі Есет Досалы ақынның айтыстары бүгінгі күнде де маңызын жоймайтын алтын қазына екеніне тоқталып, арнау өлеңін оқып берді. Мұнан соң облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» орталығының жыр-терме үйірмесінің жетекшісі Сәрсен Әбілқайыр Ерімбет Көлдейбекұлының термелерін орындаса, айтыскерлер Нұрлыбек Құрманов пен Дидар Апбасов сөз сайысына түсті.

Кеш барысында Ерімбет ақынның шөбересі Күләнда Еділқызы мен жиеншары, Тараз қаласындағы №37 орта мектептің директоры Күләш Мұхтарқызы сөйлеп, әйгілі аталарының тағылымға толы өмір жолына тоқталды. Жиын соңында филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші Меңдібай Әбілұлы, аталған кітапхана директоры Эльмира Абдинова Қараша Қараманның «Сыр сүлейі Ерімбет» атты кітабының тұсауын кесті.

 

Снежана АЛЖЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика мамандығының студенті

Ұқсас жаңалықтар