
Бұл жолғы акция облыс орталығындағы «Нұрислам» және «Дәмді себет» сауда үйлерінде өткізілді. Акция аясында №6, №7 қалалық емхананың дәрігерлері 500 ге тарта азаматқа медициналық көмегін ұсынып, жалпы тәжірибелі дәрігерлер тұрғындардың қан қысымын, қант және холестерин деңгейін өлшеп, тегін кеңес берді. Сонымен қатар, алдағы уақытта ем-шара қабылдауларына бағыт-бағдар ұсынды. Сондай-ақ, акцияға қатысушылар бой мен салмақ өлшеу мүмкіндігіне ие болды. ؘ
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы «Денсаулық бұрышы» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Акцияның мақсаты – халықтың денсаулығын ұдайы бақылауда ұстау. Шынында көп адам күйбең тіршіліктен босай алмай, арнайы емханаға барып, медициналық тексеруден өте бермейді. Ал, бұл акция халыққа қаладағы сауда орындарында дәрігерден тегін медициналық кеңес алуға мүмкіндік береді. Міне, жыл басынан бері Қор филиалы «Денсаулық бұрышы» акциясын үш рет ұйымдастырды, оған 900-жуық адам қатысты, – дейді аталған қордың облыстағы филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Дәурен Бурханов.
Шара барысында Қор филиалының мамандары МӘМС жүйесінің маңыздылығы туралы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
– Қазіргі уақытта қым-қуыт тірлікпен жүріп, біраз адам өз денсаулығына көңіл бөле бермейді. Тіпті, сырқаттанса да аурудың неден туындағанын анықтамай жатып, өз бетінше үйде дәрі-дәрмек қабылдап, кейде ел аузындағы халық емін қолданып жүре береді. Алайда, аурудың себебін анықтамай, ем алуға болмайды. Біреуге шипа болған ем екінші адамға дәл олай жақсы әсер ете қоймауы мүмкін. Себебі, әркімнің ағзасының жағдайы әртүрлі. Сондықтан, денсаулық сыр берсе, алдымен дәрігердің тексеруінен өтіп, себеп-салдарын анықтап барып, ем алу керек. Өз бетінше емделу кейде ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, барлық адам еш жері ауырмаса да қан қысымын, салмағын біліп жүруі тиіс. Міне, осындай денсаулықты бақылау шараларына жұмысбасты тұрғындар уақыт таба бермейді. Ал бүгінгідей денсаулық акциясы сауда орталықтарынан қажеттілерін сатып алуға келгендердің дәрігерге қаралып кетуіне де мүмкіндік беріп отыр. Қабылдауымызда болған кісілер осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға және тегін әрі кезексіз қабылдаған дәрігерлерге алғыстарын айтып кетіп жатыр, – дейді №6 қалалық емхананың дәрігері Маржан Буралхиева.
Бұның алдында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы мұндай акцияны MART сауда үйінде өткізген еді. Онда №5 қалалық емхана мен облыстық офтальмологиялық орталығының дәрігерлері 400-ге жуық адамға медициналық кеңес берген болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Бала шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуанамын
- Бүгін, 00:34
Іште қалған өкпе-реніш адамды ауру қылады
- Бүгін, 00:28
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- Бүгін, 12:16
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді