«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөзі шипалы, қолы алтын дәрігер

Сөзі шипалы, қолы алтын дәрігер
Автор
Медицина – өте үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық және өте үлкен алғыс алудың, сауаптың ортасы десе де болады. Біреу мансабын ойлап қызмет қылар, біреу шын ниетпен Алланың разылығы үшін сауапты үміт етіп қызмет етер. Адамдардың жаны қиналып, ауруы асқынып келгенде, бар көмегіңді беріп, ауруын сейілтіп, жүзіне қуаныш сыйлаудың өзі де бір үлкен бақыт ғой шіркін!

№8 қалалық емхананың акушер гинекологы Бағила Байназарова тұрақты бір жерде табан аудармастан жұмыс істеп келе жатқан жан. Ол қыз келіншектерге арналған алдын ала қарау бөлмесінің акушер гинекологы. Бағила Сағымбекқызы 1965 жылы 8 шілдеде Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Қаламыздағы Жамбыл медициналық жоғары колледжін тәмамдап, бастапқыда қалалық перинаталды орталықта жұмыс істепті.

Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің психология мамандығына оқып шыққан. 5-6 жасынан бастап дәрігер болуды армандапты. Ауладағы балалардың бәрін отырғызып қойып, дәрі беріп, екпе салып ойнайды екен. Мұны көрген үлкендер қыздарының ақ халатты абзал жан боларына еш күдіктенбепті.

– Күніне алдыма 50 шақты әйел келеді. Көбіне профилактикалық тексеріске, ісік ауруларының алдын алу үшін анализ тапсыруға, без ісіктерін анықтауға келеді. Бұл кабинет алдын ала қарау кабинеті болғандықтан, қыз келіншектерді толыққанды қарап тексеріп шығамын. Тек гинекологиялық тұрғыда ғана тексермеймін. Негізі 35 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер скрининг өтуі тиіс. Бірінші олар әрбір емханада орналасқан алдын ала қарау бөлмесіне тексеріледі. Мен теріде ауру жоқ па, сүт бездері ісінбеген бе, басқа да фиброзды мастопатия жоқ па, аурулары бар ма осыны тексеремін. Обырға не басқа да ауруларға көрсеткіш болса арнайы мамандарға жіберемін. Анализ аламын. Қорытындысын айтамын. Кейде қоңырау шалып, пациенттің жағдайын сұраймын, тексеріліңіз деп ескертемін. Бұл менің дәрігерлік парызым, – дейді Бағила Байназарова.

Үш ұлдың анасы, үш немеренің әжесі атанған дәрігердің жұмыс өтілі отыз жылдан асыпты. Өте қарапайым жанның әр күні бір кабинетте анализдерді талдаумен, әйелдерді тексерумен, кеңес берумен өтеді.

– Әрбір әйел әр алты айда скринингтен өтіп тұруы керек. Біз сауалнама жасап болып, пациентті тексереміз, сол кезде әйелде мастопатия, миома болса көрініп тұрады. Тіпті жатыр мойнының ісігі болса да анализден шығады. Біз әрбір әйелге жанашырлықпен жауап береміз. Мен таңертең кабинетке кіргеннен кешке бір ақ шығамын. Әйел адамның организмі босанған соң үш жылда қалыпқа келеді. Акушер гинеколог мамандығы білім мен дағдылардың кең ауқымын ғана емес, сонымен қатар эмоционалдық төзімділікті және тез әрі жауапты шешімдер қабылдау қабілетін де қамтиды. Көбінде адамның денесі тітіркенуді есте сақтап қалады. Сондықтан әйелдер бізге көрінуге келгенде бойын тоқ ұрғандай сезімде болып, қорқақтайды. Оның үстіне түрлі құрал-жабдықтарды көріп тіпті зәресі ұшады. Біз емдейміз, тексереміз. Адамды жарақаттамаймыз. Ешуақытта акушер гинеколог маманнан қорықпаңыздар. Келген әйел адамнан онкоцитологияға сынама аламыз. Содан кейін кіші жамбас бөлігін ультра-дыбыстық тексеруден өткіземіз. Сонымен қоса маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына баруға тиіс. Міне, осы процедуралар мен мамандардан жылына бір рет тексерілуден өту маңызды. Гормондарға және басқа да анализдерге маманның тексерілуінен өткеннен кейін ғана тапсыра аласыз. Сала маманы қандай сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай жолдама береді, — деді дәрігер.

Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Шын жүректен шыққан жылы сөз, ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі – өте құдіретті сөз. Бағила Сағымбекқызы сөзі шипалы, қолы алтын дәрігер. Қыз келіншектердің денсаулығын басты орынға қойып, тексеріп, ауруын анықтап, ем береді. Емделіп кетуіне жағдай жасайды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар