«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбектен тапқан бақытын

Еңбектен тапқан бақытын
Автор
Жұмысшы мамандықтары жылына орай студент жастардың өз мамандығының үздігі болуы үшін жастарға еңбекқорлықтың, табандылықтың және кәсіби шеберліктің маңызын түсіндіру қажет-ақ. Осы орайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Шараға медицина саласының көрнекті өкілі, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері, «Отан» орденінің иегері, «Кардиохирургия және трансплантология» ғылыми-клиникалық орталығының жетекшісі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» марапатының, «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалінің иегері, Қазақстан кардиохирургтер қауымдастығының төрағасы Сейтхан Жошыбаев арнайы қонақ ретінде қатысты. Шара барысында медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург Сейтхан Жошыбаев өзінің өмір жолы, мамандыққа деген сүйіспеншілігі, еңбек арқылы жеткен жетістіктері жайында әңгімелеп, студенттермен еркін форматта пікір алмасты. Сонымен қатар, жастар өз сауалдарын қойып, жауап алды, еңбекқорлық пен табандылық туралы тың ақпараттар айтылды.

– Қазақ баласы далада өскен. Ақыртөбе станциясында өстім. Аңыз бойынша моңғолдармен соғысқанда ақырғы айқас осы төбеде өтіпті. Осы жерде жоңғарлардың бетін қайтарыпты. Сол үшін де атын Ақыртөбе деп қойыпты. Біз де қозы мен қой бақтық. Аяқ киім бірде бар, бірде жоқ. Мал бағып жүріп талай табанымызға тікен кіретін. Ол кезде жараны сүртетін спирт жоқ. Бәрі қат еді ғой. Аяғымдағы тікенді алып, талай ойбайлататын. Өсе келе қай мамандыққа барамын деп бас қатырдым. Ең бірінші тау-тасты зерттейтін геолог боламын деп ойладым. Ақыры көпшілікке пайдам тисін деп дәрігерлік саланы таңдауды шештім. Бір күні үйдегі білте шам жанып, ішіндегі керосин төгіліп, аяғым да, денем де күйді. Ауылда он екі жанұя ғана тұрады. Дәрі-дәрмек жоқ. Үстіме тек қаймақ жаға беріпті. Үсті күлдіреп, денем қызуланып, қатты ауырыппын. Ақыры болмаған соң дәрігерлер келіп, жарамды тазалап, айықтырды. Сол күні ғана тыныш ұйықтадым. Жара жаныма батса керек. Содан бері дәрігер боламын деп шештім. Содан 9-сынып оқып жүргенімде Юрии Германның «Я отвечаю за все», «Дорогой мой человек» деген дәрігерлер туралы жазған кітабы қолыма түсті. Жата-жастанып оқыдым. Осының бәрі менің ақ халатты абзал жан болуыма септігін тигізді, – деп бастап, адам өмірін арашалап қалудағы орасан зор еңбек пен табандылық туралы айтып өтті.

Қазақ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бәріне қанағат қыл да, еңбек ет» деген болатын. Елімізде адал еңбегімен, маңдай терімен өз несібесін теріп, нәпақасын табатын еңбектің адамдары аз емес. Сондай азаматтардың қатарын адал еңбегімен толықтырып, ел алғысына бөленіп жүрген медицина саласының майталманымен жүздесу барысында жалынды жастар да көкейлеріндегі көп сауалдарына тұщымды жауап алды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар