«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар театры Ташкентте бақ сынайды

Балалар театры Ташкентте бақ сынайды
Автор
Халықаралық балаларды қорғау күнінде барлық ата-ана кішкентай балақайларға ерекше көңіл- күй сыйлайды. Балалар күнін өткізу алғаш рет 1949 жылдың қараша айында Парижде халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданыпты. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні болып 1950 жылы белгіленген.

Шын мәнінде балалардың әр күні мереке мен жақсы көңіл-күйге толы болғаны дұрыс. Біздер – ата-анамыздың мақтанышымыз. Осы балалардың төл мерекесі қарсаңында Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының тәрбиеленушілері жайлы ізгі ниетімді білдірмекпін. Қазіргі уақыт ағымына орай, белсенді де талантты жас өрендеріміз өте көп. Қазақ елінің өнері мен мәдениетін танытқан тарландарымыздың жолын қуған жас таланттарымыз баршылық. Өнерлерін елге танытып жүрген орталықтың бірі – «Назар» театры.

«Назар» театрының жас таланттары өздерінің өнерлерін Қазақстан және басқа да шет мемлекеттерде көрсетіп жүр. Осы жас өрендердің талантын ашып, бағдар беру жолында педагог-ұстаз Рауан Бердалының қосқан үлесі орасан. Жақында «Назар» театры «YOUNG TALENTS FEST COMPETITION» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер өнер фестиваліне қатысып жоғары нәтижеде өнер көрсетіп бас жүлдені еншіледі.

Сәкен Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» шығармасының желісінде қойылған спектаклін ойнап көрермен көзайымы болды. Сонымен қатар «Театрдың ғажайып әлемі» атты қалалық фестиваль байқауына қатысып жүлделі бас орынды иеленді. Бұл ұжым Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының мақтаныштары десем артық айтпаймын. Спектакльде жоғары деңгейде ойнаған жас талант Жанерке Жексенбай «Үздік актриса» атағын алды.

«Жаралы гүлдер» спектаклінде ойнаған жас талапкерлер Мұратбек Асыланбек, Сайлау Нұрлыбек, Сұлтан Нұрдәулет, Жексенбай Адия, Қайрат Еркебұлан, Әмзебек Қарақат және Тәуекел Диардың өнерлеріне әділқазылар да, көремендер де жоғары баға берді. Олар әрбір кейіпкердің болмысы мен мінезін, ішкі жан дүниесін шынайы көрсете отырып, өмірдің қатал тұстарын кішкентай жүректерімен жеткізе білді.

«Назар» театрының алар белестері көп болатынына сенімдімін. Жетекшілері Рауан Бердалы осындай жас таланттарды шыңдап, бұлақтың көзін ашып жатқанына сенемін. Бұл талантты балалар Шәкен Айманов, Бикен Римова және Әмина Өмірзақовалардың жолын қуа берсін. Рауан Бердалы бастаған «Назар» театр ұжымы маусым, шілде айларында Ташкентте өтетін халықаралық өнер фестивалінде бақ сынайды. Бас жүлдемен оралуына тілектеспіз.

 

Нұрай ЕСМАМБЕТОВА,

Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар