
Десек те, кітап оқуды дәріптеуде көбінде ересектер мен жастар жағына басымдылық беріліп жатқанымен, «баланы бастан» демекші, ата-бабамыз балаға ертегілер мен жыр-дастанды кішкентайынан құлағына құйып өсірген. Яғни, ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиені тал бесіктен бастаған.
Бүгінде немересіне ертегі оқитын ата-әже некен-саяқ. Ал ата-аналар көбіне таңның атысы мен күннің батысы табыс соңында жүрген заманда, балалар телефонға телміріп, кітап оқу деген түсінік тұралап жатқаны жасырын емес. Ал баланың кітап оқуын қадағалау үшін ата-ананың өзі де үлгі болып, кітаппен дос болуы тиіс.
Бүгінде балаға бір мезгіл кітап оқып беру, не оқыту деген әдемі әдеттің азаюы кесірінен баланың тілінің кеш шығуы, тілінің шұбарланып шығуы мен сөйлеу мәнерінің бұзылғандығы қатты байқалуда. Әрине, әр ата-ана «ұрпағым өзімнен асып туса, қатарының алды болса» деп армандайды. Сондай аналардың бірі – Лаура Маханбет. Баласының қабілет-қарымына бейжай қарамайтын, керісінше дүниетанымын жан-жақты етіп өсіргісі келетін ол, алғаш «Отбасы хрестоматиясы» жобасы аясында шығарылған «Әлдиден эпосқа дейін» кітабын оқып, қатты әсерленіп, балаларына ертегілер мен жыр-қисса оқып беру арқылы олардың дәстүрлі дүниетанымын қалыптастыра бастайды.
Бұрыннан қаламыздағы М.Әуезов атындағы кітапхана жанынан ашылған «Өркениетті адам» кітап оқу қоғамдық бірлестігі клубының белді мүшесі Лаура Нұрланқызын ортасы кітапсүйер адам ретінде жақсы таниды.
«Басында кітапқа басыңмен кіріп кеттің деп ренжитін жолдасым, күнделікті балаларыма аңыз-ертегілерді оқытуымның нәтижесінде олардың сабақ үлгерімінің дұрысталып, оқу-білімге деген құштарлығының артқандығын байқаған соң, қолдауын білдіре бастады. Биыл қызымның ұстазы оның шығарма мен мазмұндама жазудан көш ілгері әрі сөз саптауы мен сөйлеу мәнері ерекшеленіп тұрғанын жиі айтып, мақтады. Бұл әрине, оқыған кітаптарының тікелей әсері болса керек», – дейді ол.
Осылайша өз балаларынан жақсы нәтиже көре бастаған Лаура Маханбетке кітап оқу орталығын кәсіп ретінде ашу идеясы келеді. Оған «Өркениетті адам» кітап оқу қоғамдық бірлестігіндегі кітапсүйер ортасы қолдау көрсетеді. Осыдан 4 жыл бұрын Қарағанды қаласында кітап оқу орталығын ашқан Шынар Дәуренбекқызының «Қисса үйірмесі» авторлық кітабын негізге ала отырып, Тараз қаласынан алғаш рет 8-14 жас арасындағы жасөспірімдерге арналған «Балалықтан даналыққа» атауымен қисса кітап оқу үйірмесін ашады.
«Осы айдың басында ашылған орталықтың басты мақсаты – ертегі, аңыз, қисса, жыр-дастан мен мақал-мәтелді, санамақты үйретіп, әдепті әрі шешен сөйлейтін бала тәрбиелеу. Және ең бастысы – телефоннан алыстату», – деген Лаура Нұрланқызы ұлттық нақышта әрлеп, жер үстел қойып, этно-стильде жасалған кабинетінде бүгінде 8 баланың келіп, кітап оқып жүргенін айтты.
Жалпы, ең алғаш Рабғузидің қиссаларынан тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғап, 1974 жылы оның құндылығын дәлелдеп, қазақ ғылымының айналымына енгізген ғалым Алма Қыраубаева болатын. Ол 1997 жылы осы еңбектің негізінде докторлық диссертация қорғап, ҚазҰУ нің профессоры атанады. 1993 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ораз Жандосов ауылында жекеменшік қазақ гуманитарлық лицейін ашады. Оқушыға қисса оқытып, үйрету дәстүрін қайта жаңғыртады. Себебі соңғы рет қисса үйрететін мектептер қазақ даласында 1926 жылы большевиктердің қолымен талқандалған еді.
Кезінде Алма Қыраубаеваның бұл идеясына Сара Алпысқызы қызығушылық танытып, қолдау көрсетіпті. Бұдан бөлек мектепке қисса үйретуді кәсіби дамыту үшін «Әдеп» бағдарламасын әзірлеп, қиссаның пайдасын, оқушыға тигізетін әсерін, баланың ынтасы мен ықыласын оятатын әдістерді осы еңбегінде дәлелдеуге тырысқан екен. Сондықтан еліміздің бірнеше қаласында ашылған қисса оқыту үйірмелері негізінде ғалым Алма Қыраубаеваның әдістемесіне жүгіне отырып ашылуда.
– «Отбасы хрестоматиясы» жобасы аясында шыққан «Әлдиден эпосқа» дейін кітабы бесік жыры, тақпақтар, санамақтар мен ертегілерден, жаңылтпаш пен бата жаттау, қиссалар мен батырлар жырынан тұрады. Баланың санасына 14 жасқа дейін, осының бәрін сіңіре алсақ, ол бала ардан аттамай, ата-бабамыз салған ізбен жүреді, – дейді Лаура Нұрланқызы.
Сондай-ақ «Ертегі оқымаған бала – рухани мүгедек» деген Б.Момышұлы мен Қаныш Сәтбаевты әжесі жоғарыда аты аталған рухани дүниелермен өсіргенін тілге тиек етті.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Тендер арқылы табыс табудың жолы қайсы?
- 5 маусым, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді