«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүгінгінің балалары бақытты

Бүгінгінің балалары бақытты
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шараларды қолға алуымыз керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», –деп атап өткен болатын.

Біз Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыс көлемінде жасөспірімдерді шығармашылық және өнер, спорт бойынша шыңдауға арналған мекемелердің бүгінгі жетістіктерімен танысқан едік. Әуелі облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектептен тыс іс-шараларды және мектеп олимпиадаларын өткізу орталығына аттың басын бұрдық. Осында иығына домбыра, қобыз асынған балаларды көп кездестірдік.

«Өнерпаз болсаң, арқалан» деген Абай тағылымын бағдаршам еткен балалар осы. Мұнда биылғы оқу жылында 2006 оқушы 31 үйірме бойынша қабілеттерін жан жақты ашуға мүмкіндік алыпты. Оның ішінде домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген үйірмелеріне балаларын бергісі келетіндер өте көп. Домбыра, вокал үйірмелері ерекше балалармен және жалпы үйірме жұмысы деп қарастырылады екен. Тілді терең білгің келсе ағылшын, орыс тілі үйірмелерінің есігі ашық. Патриоттық тұрғыда «Жас сарбаз», «Жас ұлан» көшбасшылар мектебі жұмыс істейді.

«Жас сарбаз» үйірмесінде әскери өмірге жастай бейімдейді. Яғни, өмірін әскери салаға арнағысы келетін балалар үшін үлкен мүмкіндік. Актерлікті дамытқың келсе «Драма» үйірмесіне, биді шебер меңгергіңіз келсе «Хореография» студиясына жазыла аласыз. «Қызықты математика» мектебі, «Мерей» көркемсурет студиясының әр күні балалар үшін қызықты сәттерге толы екені белгілі.

Қазіргі заман талабына сай «Технопарк», «IT-сынып», «Мобилография» үйірмелері жұмыс істеп тұр.

«Біз үйірмеге қатысып жатқан балаларды түрлі байқауларға қатыстырып, шыңдап отырамыз. 2024-2025 оқу жылында 181 оқушы әртүрлі 10 халықаралық байқауда бақтарын сынады. 13 бала бас жүлде алып, 14 бала бірінші жүлде алды. 20 республикалық байқаудан 2 бас жүлде, 15 бірінші орын иелендік. Облыстық байқаулардан үнемі алдыңғы орындамыз. Бастысы, балалардың өздері қалаған бейімділіктері бойынша қабілеттерін ашамыз», – дейді аталған орталық директоры Балдай Ертуғанова.

«Осы орталықта 6 жылдан бері би үйірмесіне қатысамын. Үйірменің маған берері көп. Бірнеше республикалық байқаулардан жүлде алдым», – дейді Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Айым Құттыбек.

Тараз қалалық білім бөліміне қарасты «Бақытты болашақ» оқушылар сарайына да арнайы бардық. Бұл мекеменің тарихы 1977 жылы қалалық «Пионер сарайы» ретінде басталса, 2021 жылдан бері «Оқушылар сарайы» мемлекеттік мекемесі ретінде мыңдаған балаға қызмет етіп келеді. Бұл ғимарат осыдан 4 жыл бұрын балалар үшін жарқыратып жаңадан салынды. Кең де зәулім ғимаратты көрген кісінің көзі тояды. Мұнда жалпы 86 үйірмеге 7752 бала қамтылған. Алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Тек ғана ғылыми - техникалық бағыт бойынша 12 үйірме бар. Оның ішінде қазіргі балалардың танымына сай жаңашыл «Трассалық автомодельдеу», «Робототехника», «Кеме модельдеу», «Анимация және мультипликация» үйірмелері де шәкірт қабілетін шыңдауда. Көркем-эстетикалық, спорттық, сәндік қолданбалы өнер, әлеуметтік педагогикалық бағыттар да сапалы жүргізіліп келеді.

Бұл бағыттар бойынша да бірнеше үйірмелер ашылған. Ауқымдысы – музыкалық бағыт. Мұнда 27 үйірме бойынша 1370 бала қамтылған. Атап айтқанда, домбыра, флейта, фортепиано, сольфеджио, саксафон, вокал кластары сапалы жұмыс істейді. Тіпті 308 баланы қамтыған вокал тобы да бар. Үйірмеге қатысушы шәкірттердің қол жеткізген табыстары мен нәтижелері де жаман емес.

Биыл осында қабілеттерін шыңдап жүрген талантты балалар түрлі халықаралық байқаудан 124 бас жүлде, 90 бірінші жүлдені иеленген. Республикалық байқауларда 95 оқушы бас жүлде алса, 63 оқушы бірінші орынмен оралыпты. Облыстық байқаудан 22 оқушы бас жүлде алған. Мұндай игілікті Шу ауданының оқушы балалары да сезініп отыр. 2022 жылы облыс көлемінде алғаш рет болып Шу ауданында Оқушылар сарайы ашылды. Қазіргі балалардың сұранысына сай, толықтай заманауи үлгіде тұрғызылған ғимараттың іші кірсе шыққысыз.

Ерекше дизайнмен әрленген сарай іші балалардың арман баспалдағы іспетті. Ертеңіне ерінбей қарайтын талапты балалар мен жасөспірімдердің жігерін жанып, қиялын қияға ұшырып, қанаттандыратын орта осы зәулім сарай болғандығы даусыз. Себебі бұл «Оқушылар сарайы» облыстағы қосымша білім беретін ең ірі ұйымның бірі әрі бірегейі болып табылады.

Қазіргі таңда мұнда мекемеде бірнеше ауысыммен 942 оқушы түрлі бағыттағы үйірмеде білім алуда. Биылғы оқу жылындағы жетістіктер де аз емес. Тараз қаласында өткен «Айша бибі» атты облыстық би байқауында «Айжұлдыз» би тобы ІІІ орын иеленді. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Оқушылар сарайында қосымша білім беру мекемелері арасында өткен игі шарада Әлдихан Қалдыбаевтың «Шаншар атай» шығармасы желісімен көрініс қойылды.Оқушылар қатысып, белсенділік танытты.

2010-2017 жылдар аралығында туған жасөспірімдер және аудан мектептері арасында үстел теннисінен ашық біріншілік өтті. Жарысқа қатысушы 2010-2017 жылы туған ұлдар мен қыздар арасын қамтыды. Жамбыл Жабаевқа арналған «Жыр алыбы Жамбыл» атты облыстық ақындар айтысында 9-сынып оқушысы Александр Жомарт жүлделі бірінші орынды иеленді.

«Білім әлеміне саяхат» облыстық байқауында шулық оқушылар ІІІ дәрежелі дипломмен оралыпы. Атап айтқанда, Дәулет Иманжан, Ераслан Рүстем, Нұрайым Әлімбек үздіктер қатарынан көрінген. Меркі ауданында өткен ҚР спорт шебері, Азия ойынының қатысушысы Болат Өзбекұлын еске алуға арналған ашық біріншілікте «Бокс» үйірмесінің оқушысы Ерали Қойбай І орын, Бекзат Мамат, Жұмағұл Әділет, Қаржаубай Әділет ІІ орындарды иеленіпті. Жұмағұл Әділет жеңіске жігерлігі үшін кубокқа ие болған. Бұл ретте жас боксшыларды баптап бағын жандырған жаттықтырушы Серік Азреттің де еңбегі үлкен.

«Оқушылар сарайы ашылғалы жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Осындай зәулім ғимаратты балаларымызға тарту ету – мемлекеттің ерекше қамқорлығы. Алда да сол жанашырлықты сезініп, біздің шәкірттеріміз республикалық, халықаралық додаларда да топ жарады деген үміттеміз», – дейді аталған «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Нағима Райқұлова.

Міне, жоғарыда айтқанымыздай, қазір оқимын десе де, шығармашылық пен өнер, спортты дамытамын десе де балаларға мол мүмкіндік бар. Алыс ауылдарға дейін спорт кешендері ашылды. Ерінбей айналысамын деген балаларға мүмкіндік мол. Бұл жетістіктерді бағалай отырып, бүгінгінің балалары бақытты деп ой түйдік. Сол бақыт пен тыныштық ұзағынан болғай!

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар