«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас талант – ел ертеңі

Жас талант –  ел ертеңі
Ағаділ Рысмахан
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім мен ғылым бәйгесінде толайым табысқа қол жеткізіп жүрген жамбылдық дарынды оқушылармен кездесті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараның басты мақсаты – жас өрендердің білім, ғылым, өнер мен спортқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ талантты жастарға лайықты қолдау көрсету. Айта кетейік, жыл басынан бері әулиеаталық оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 464 медаль иеленіп үлгерді. Мұндағы 77 жүлде халықаралық білім жарыстарының медалі. Бұдан бөлек жерлестеріміз республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленсе, 16 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар жарысында «Ең үздік команда» атағын сәтті қорғап келеді.

Еркін форматта өткен кездесу барысында аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдары мен ұлағатты ұстаздар ұжымына зор сенім артып отырғанын баса айтып, жергілікті атқарушы билік тарапынан өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл өткен түрлі деңгейдегі байқауда 100 ден астам оқушының бақ сынауы, оның ішінде 76-сы жеңімпаз атануы – өңір үшін мақтаныш екенін атап өтті.

– Бүгін біз еліміздің намысын қорғап, халықаралық және республикалық деңгейде білім мен ғылым бәйгесінде жеңіске жеткен талантты, дарынды жастарымызбен бас қосып отырмыз. Бұл – үлкен жетістік, ортақ қуаныш. «Жас талант – ел ертеңі» десек, оларды қолдау – болашаққа салынған сенімді қадам. Бүгінгі кездесу – осы игі мақсаттың жарқын үлгісі. Сіздер – Жамбылдың шығармашыл әрі талантты жастары ретінде ақындық өнермен сусындап, көркем сөздің құдіретін бойларыңызға сіңіріп келесіздер. Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш, Шерхан оқулары сынды рухани терең байқауларда облыс намысын абыроймен қорғап, ұлтымыздың ұлы мұрасына адалдық танытып келесіздер. Бұл – рухани байлыққа, ұлттық құндылықтарға деген шынайы құрметтің көрінісі. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша Дарынды ер балаларға арналған және Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей интернаттары, Тараз қаласындағы №41, Баймырза Бесбаев атындағы және Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиялары «100 үздік мектептің» қатарына кіріп отыр. Ал сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен үздіксіз ізденістеріңіз өңірдің дәрежесін халықаралық деңгейде асқақтатып келеді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Түрлі сайыстарда жеткен жетістіктеріңіз – бұл үлкен өмірге сенімді қадам, жарқын болашақтың бастауы деп білемін. Осы жылы 14 мыңнан астам жас түлек мектепті аяқтап, үлкен өмірге қанат қағуда. Бүгінгі кездесуге қатысып отырған 47 түлекті шын жүректен құттықтай отырып, жарқын болашақ, сәттілік пен асқақ армандар тілеймін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей интернатының 10-сынып оқушысы, жас тарихшы Қанат Бақытжанұлы сөз алып, талантты замандастарына қай кезеңде де қолдау білдіретіндігі үшін облыс басшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Ал Меркі ауданындағы №14 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ержан Болатұлы білімді бозбалалар алдағы уақытта өңір намысын лайықты қорғайды деп сендірді. Тоқтала кету керек, меркілік дәл осы оқушы республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында ұлы ақынның 200 өлеңі мен 3 поэмасын жатқа оқып, үздік деп танылған еді.

Бұдан бөлек киелі Түркістанда түндігі түрілген «Дала данышпандары» байқауында алтыннан алқа тағынған жігіт. Кездесу соңында дарынды оқушылармен емен-жарқын әңгімелескен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев олардың болашағына сәттілік тілеп, 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар бұл күні өңірлік білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар мұғалімдер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісіне және облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар