
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында ел тәуелсіздігінің жетістігі сараланып, болашақта бағыт берер тың бастамаларды ұсынған маңызды алаңға айналғанын жеткізді. Сондай ақ ол Президент айқындап берген тапсырмаларға жіті тоқталып, межелі міндеттерді іске асыруда барлық әлеуетті тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.
– Ассамблея – береке-бірлік, тұрақтылық сынды басты мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. Бұл тұрғыда облыстық Ассамблеяның алдында ауқымды міндеттер тұр. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында: «Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстардың бәрі бекер болмақ. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді», – деп атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде мекен ететін барлық этносты бір арнаға ұйыстыруда. Ассамблея жүргізіп отырған мемлекеттік этно-саясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан. Мемлекет басшысы Ассамблеяның ХХХІV сессиясында бірлік пен татулыққа негізделген жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірқатар міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, түрлі этнос өкілдері тұратын аудандарда оның ішінде, Қордай ауданында «Достық» үйін ашу, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, алдағы екі жылда өңірлерге тарату. Жалпы, саясат пен экономикадан бастап білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы туындаған міндеттерді орындауда тек Ассамблеяның ғана емес, басқармалар мен аудан әкімдері, жоғары оқу орындары, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттарының әлеуеті толық жұмылдырылуы тиіс. Ассамблея – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Мұнан соң сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Қуаныш Мамашев сессия қатысушыларына қоғамдық даму мен бірлікті нығайтуда күш-жігерді біріктіру – ортақ мақсаттарға жетудің кепілі екенін жеткізіп, келер жылы «Салауатты сана» жобасы аясында республикалық деңгейде семинар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Радонеж» орыс қауымдастығының өкілі Евгений Кравчук «Бірлігі мықты жастар – болашаққа жол бастар» тақырыбында жамбылдық Ассамблея жастарының толайым табыстары туралы мәлімдеді.
Бұдан бөлек облыстық мәслихат жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» депутаттық тобының жетекшісі Жанат Бастаубаева өңірлік Ассамблеямен бірлесе атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ұсыныс-пікірін білдірді. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы облыстық іргелі ұйымның жұмысы – қоғамдағы ынтымаққа және еліміздегі саяси бастамалар мен бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына қызмет ететінін айтып, сессия шешімдерімен таныстырды. Маңызы мол шарада өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» төсбелгісі, сондай-ақ аймақ басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Сессия соңы өңірлік Ассамблея өнерпаздарының шығармашылық концертіне ұласты.
Онда «Достық» жастар театры Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драма қойылымын сахналаса, «Бозторғай» би ансамблі «Қазақ» биін көпшілік назарына ұсынды. Ал Қордай аудандық «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің «Соседушки» халықтық вокалдық ансамблі және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өнерпаздарынан құралған әншілер тобы ән-жырдан шашу шашты.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Президент Бақытжан Сағынтаевты қабылдады – Ақорда
- 10 маусым, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді