
Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектеп ұжымы да биылғы оқу жылында мерейтойға ерекше мән беріп, бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Әсіресе оқу жылының аяқталар тұсында мектептің «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Лингво» бірлестіктері тарапынан мазмұнды әдеби кештер мен танымдық іс-шаралар өткізіліп, оқушылардың ой-өрісі рухани байлықпен толыға түсті. Атап айтқанда, аталған орта мектепте «Ұлы дала ұлысы – Абай» атты әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде өткен еді.
– Кештің мақсаты – Абай шығармалары арқылы жастардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, философиялық ойын байыту. Қазақтың бас ақынын құрметтеу және оның ұлтқа қалдырған рухани мұрасын бүгінгі буын санасына сіңіру. Себебі Абайды тану – өз халқыңды тану. Абайды оқу – толық адам болып өмір сүруге қадам жасау. Бұл кеш – жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне, ұлттық санасының қалыптасуына үлкен үлес қосты деп ойлаймын. Кемеңгер ақын мұрасын ұлықтайтын мұндай іс-шаралардың маңызы жоғары, – дейді ұстаз Дәулеткүл Сайлауқызы.
Әдеби кештің шымылдығы Абай өлеңдерін мәнерлеп оқумен ашылды. Оқушылар ақынның кең тынысты лирикалық туындыларын жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Абай әндері шырқалып, сахналық көріністер мен би қойылымдары көркем кештің мазмұнын байыта түсті. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді шоқтығы биік әндер көрермен жүрегіне жол тапты.
Іс-шара аясында Абай шығармаларына қатысты сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, оқушылар ақын өмірі мен туындылары жөніндегі білімдерін ортаға салды. Кештің ең бір ерекшелігі – Абай өлеңдерінің өзге тілде де оқылуы болды. Бұл – ақын мұрасының шекарасыз екенін дәлелдеген ұтымды сәттердің бірі еді.
– Осы әдеби кештен үлкен әсер алдым. Осындай рухани кештер бізге терең ой салады. Мен бұл кеште Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңін мәнерлеп оқыдым. Бұл өлең маған адам бойындағы шынайы қасиеттердің, ізгіліктің маңызын терең ұғындырды. Абай атамыздың әрбір сөзі бізге тәрбие, өмірге бағыт-бағдар береді. Кеш барысында сыныптастарым да Абайдың терең ойлы, жүректі тебірентер өлеңдерін оқыды. Әсіресе «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген секілді туындылар көптің көңілінен шықты. Әдеби көріністер мен әндер де Абай әлемін сезінуге ықпал етті, – дейді оқушы Балауса Базарбай.
Аталған кештің жоғары деңгейде өтуіне мектептің белсенді ұстаздары зор еңбек сіңірді. Әсіресе, «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Лингво» бірлестіктерінің мүшелері Д. Сейдахова, А. Алдоңғарова, Т Джармухамедова, М. Кушербаева, Б. Қалыбаева, Г.Момынкулова сынды ұстаздар ұлы ойшыл мұрасын дәріптеу жолында аянып қалмады. Олар оқушылармен дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп, әрбір эпизодтың мазмұнды әрі көркем болуына баса назар аударды. Ұлы Абай атамыздың:
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?», —деген сөзі бар.
Иә, расында да ұлы тұлғаларымыздың ұрпаққа қалдырған өсиеті, әсіресе Абай атамыздың құны биік мұралары ұлт ұрпағымен бірге мәңгі жасай беретіні анық.
Ақнұр СҰЛТАНБЕК,
оқушы
Ұқсас жаңалықтар
Жуырда «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады
- 9 маусым, 2025
Кәсібилік пен жаңашылдық жаршысы
- 3 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді