
Бұрын «Жайлауымды жау алды, қыстауымды қар алды», – деп мұңайған қазақтың енді жайлауында жаны, қыстауында қаны шықты. Қара жолдың бойында шашылған сүйектер көмусіз қалды. Бұл – тарихымыздағы жай ғана ақтаңдақ емес, қайта-қайта еске алатын, әр еске алған сайын бүгінді барлап, ертеңді ескертер, ел жадындағы қайталанбас қара кезең. Ұлт жадында мәңгі сақталатын ауыр қасірет – миллиондаған жазықсыз жандардың құрбан болғанын еске салады.
1932-1933 жылдардағы халық санағының мәліметтеріне көз жүгіртсек, қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес жатқан өңірлерге ауа көшкен қазақтар туралы мынадай архивтік деректер бар: Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда – 20 мың қазақ тіркелген. Бұл – қазақ халқының бұрын-соңды болмаған жаппай үдере көшуі. Жай ғана көші-қон емес, тірі қалу үшін талғажау іздеген, өлім мен өмір арасында таңдау жасаған халықтың шарасыз қадамы еді.
Ауып барғандардың жағдайынан бөлек Қазақстанның өз ішінде қалған халықтың ахуалы да мәз болған жоқ. Әулиеата, Шымкент, Семей және Қызылорда секілді қалалардың теміржол станцияларында аштан өлген қазақтардың мәйітін күн сайын қала сыртына шығарылып отырған.
Сол кездері аштықтан қаза тапқандар саны күн санап өсіп жатты. Мәселен, Сарысу ауданындағы 7 мың шаруа қожалығынан тек 500-ге жуық адам ғана қоныстанып қалған, қалғандары Әулиеата мен басқа аудандарға көшіп, бір бөлігі Қазақстанның өзге өңірлеріне босып кеткен.
1932 жылдың 5-6 қаңтарында Шу өңірінде аштықтан ата-анасы мен туған-туыстары қайтыс болған 34 баланың 20-сының мәйіті Әулиеатадағы шәйханалардың ішінен табылғаны жөнінде архивтік мәліметтерде анық жазылған.
Тағы бір деректе сол кезеңде басқа облыстардан Әулиеатаға паналауға келген 100 адамның 84-і аштықтан көз жұмғаны айтылған. Аштықпен қатар елді індет қатар жайлаған. Адамдар ішерге ас таппай, жол бойындағы аштан қатқан, сай-салада шашылып жатқан мәйіттердің етін азық еткен. Соның салдарынан қара шешек дерті таралып, өлім-жітім одан әрі көбейе түсті. Деректерге қарағанда, қазіргі Торғай өңірінде де аштық пен індет қатар жайлап, халық мүлде титықтаған.
Осыған дәлел – архив құжаттарындағы мынадай жолдар: «Аш жалаңаштар төгілген қоқыстарды ақтарып, ішерге жарайтынның бәрін талғажау етіп жатыр. Жабайы өсімдіктердің тамырын, ұсақ жәндіктерді жеп күнелтуде. Ауыл маңындағы ит пен мысық, дала тышқаны сынды жәндіктер түгел жойылған. Қазақтар тұратын қосындар айналасында ақжемік болғанша қайнатылған сүйектер үйіліп жатыр».
Өлген адамдардың етін жеген сұмдық оқиғалар да құжаттарда кездеседі. 1932 жылы Денсаулық сақтау халық комиссариатының дерегі бойынша 2 400 адам шешек ауруынан қайтыс болған. Аштық пен індет қосарланып, қазақ халқының сағын сындырып кетті. Мұндай жағдай тек Торғай өңірінде ғана емес, Қазақстанның өзге де облыстарында орын алып, күн сайын өлім жітім артты.
Зерттеушілердің есебі бойынша, 1931 1933 жылдардағы ашаршылықта Қазақстан халқының 40 пайызына жуығы – шамамен 2,2 миллионға жуық адам қаза тапты. Бұл – ұлтқа жасалған геноцидтік сипаттағы қастандық еді. Осы бір қысылтаяң уақытта елге еңбегі сіңген, өз заманында жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғалардың бірі – Аманов Нұрқожа Бижасарұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн.
1910-1979 жылдар аралығында өмір сүрген бұл тұлға ашаршылық кезеңінде қазіргі Байзақ ауданының (бұрынғы Киров колхозы) басшылығына сайланып, әбден жүдеген, ішерге ас, киерге киім таппай күнелтіп отырған халыққа қолдау көрсетті. Қолынан келгенше елдің қамы үшін ерінбей еңбек етіп, ауданындағы алыс-жақын ауылдардағы аштықтан титықтаған жұртты өлімнен арашалап қалуға тырысты. Аманов аштықтан әбден титықтаған халыққа азық түлік, киім тауып беріп, шалғай ауылдарды аралап, жәрдем ұйымдастырған. Бұл – сол кездегі ерлікке пара-пар еңбек еді. Ол ел болашағы үшін өз басының емес, халықтың жайын ойлаған нағыз жанашыр. Орта шаруа отбасында дүниеге келген Нұрқожа Бижасарұлының әкесі Бижасар ұлдарын – Байқожа, Шымырбай, Шыршықбай және Нұрқожаны – ерте жастан білімге баулып, мұсылманша сауат ашуға жіберген. Ол замандарда молда алдынан хат танып, білім алу – екінің бірінің қолынан келмейтін харекет еді.
Нұрқожа Бижасарұлы басшылыққа тағайындалғаннан кейін Жамбыл жеріне басқа өңірлерден тентіреп келген, жол бойында жан тапсырған қазақ азаматтарының мәйіттерін жинап, облыс орталығында ашаршылық құрбандарына арналған арнайы Атшабар бөлімшесіне тапсыртып отырған. Нұрқожа Бижасарұлы – тек басқарушы емес, елдің жанын түсінген шын жанашыр еді. Ол аштық жайлаған кезде астықты ең алдымен, жетімдер мен жесірлерге үлестіріп, басына күн туғандардың мұңын тыңдай білген кісілік қасиетімен ел есінде қалған қайраткер. Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, біз тек ашаршылық құрбандарына тағзым етумен шектеліп қалмай, олардың аманат етіп қалдырған жері мен елін қорғап, татулық пен әділетке негізделген қоғам құруымыз қажет.
Ашаршылық – бөлінудің емес, бірігудің сабағы. Бүгінгі бейбіт өмір – сол зұлматтан өткен бабалардың арман-үміті. Сондықтан әр қазақ баласы тарихты біліп, өткеннің тағылымын естен шығармауы керек. Ойымыздың қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан мына сөзінен үзінді келтірсек: «Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек.
Еліміздің болашағы – жастардың қолында». Сондықтан біз – жастар, Жаңа Қазақстан үшін сапалы білім алып, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күнінде естелік шаралар өткізіп, жергілікті тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы деректерді насихаттау – әрбір қазақ баласының парызына айналуы тиіс. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Нұрсұлтан НҰРХОЖАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Қазақ филологиясы мамандығының 3-ші курс студенті
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді