
Мемлекет басшысының отбасы құндылығына мән беруі бекер емес. Бүтін шаңырақ – мемлекеттің алтын тірегі. Елімізде әр әулеттің беріктігіне жол ашатын бірқатар шаруалар жүзеге асырылып келеді. Бәсекеге қабілетті ұлт, білімді ұрпақ, бақытты отбасы жағдайларын қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесінде талай игі істерді жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп отыр. Себебі, отбасы құндылықтары – басты қазына. Бұл – халқымыздың тарихымен бірге сабақтасып келе жатқан отбасылық дәстүрлер, этикасы мен мәдениеті.
Отбасы құндылықтары негізінде салт-дәстүрді ұлықтау – әр шаңырақтың өзіндік міндеті. Әр отбасының ерекше құндылықтары Отанның дамуына қосылған үлес. Міне, осындай берекенің бесігінде тербелген отбасының бірі – Бәйтеновтер отбасы. Бәйтеновтер әулеті қойы қоралас жатқан Талас, Байзақ аудандарына тегіс таныс. Себебі, қоғамдағы түрлі саланы меңгеріп, тамырын терең жайып, ынтымақ пен еңбектің алтын шұғыласын алысқа шашқан қастерлі шаңырақ.
Талас топырағына есімі кең тараған Бәйтен ақсақалдан Жартыбай, Есенбек, Жапарбек деген үш ұл тарайды. Жартыбайдан – Әзімбай, Есенбектен – Қырғызбай өрбиді. Қырғызбайдан 9 ұл-қыз тараса, Жапарбектен 12 ұл-қыз өсіп өнген. Осы Бәйтен бабаның немере-шөберелері қазіргі таңда тамырын кең жайған. Бірі – Таразға танымал кәсіпкер болса, бірі – депутат, бірі – білікті заңгер.
Аталған бәйтеректей әулет бір-бірімен өзара ынтымақты болуы да – назар аударарлық құндылық. Қазіргі таңда бірге туған кейбір перзенттердің бастары бір қазанға сыймай, бет көріспей жүрген қатал уақытта 3-4 атадан жалғасатын кісілердің жұдырықтай жұмылып, ынтымақты болуы – үлкен ізгілік. Біз Бәйтеннің бір ұрпағы Әзімбай Бәйтеновтің өсіп-өнген шаңырағына кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Бұл шаңырақтың да берекелі тірлігі көпшілікке үлгі. Отағасы Әзімбай ақсақал қазіргі таңда 90 жасқа аяқ басты. Ол кезінде Құлан мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумын бітірген. Мамандығы бойынша беріректе жоғары білім иесі де атанды.
Еңбек жолын облыстық жабайы шөптерден дәрі-дәрмек дайындайтын химиялық зертханада меңгеруші болып бастаған екен. Мұнан соң Талас ауданында отыз жылға жуық ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол кезде әр фермада 22-23 отар мал бар. Осынша аға шопанды, оның көмекшілерін, механизаторлар мен жұмысшыларды, ферма мамандарын үйлестіріп, басшылық жасау оңай шаруа емес. Әзімбай Бәйтенов міне, осы қызметтің үдесінен шығып, мал басын өз төлінен өсіру жолында аянбай еңбек етті.
Аудандағы озат ферма меңгерушілерінің бірі болды. Еңбегіне қарай облыс, аудан басшылығының Құрмет грамоталарына талай рет ие болды. Ауыл халқы Әзімбай Жартыбайұлын ардақтап, еңбегін жоғары бағалады. Ол кезде әр ауылда ферма басқаратындар аз емес еді. Бірақ, ферманы ауданның алдыңғы қатарына шығарып, озат басшы болу басқа мәселе. Жары Раула екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Отанасы Раула Қоңқабаева Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында туып-өскен.
1956 жылы тұрмысқа шығып, үй шаруасында бала тәрбиелеу ісімен айналысты. Өте ақкөңіл, жайдары, көпшіл кісі еді. Осыдан төрт жыл бұрын бақилық болса да, есімі ұрпақтарының есінен еш кетпейді. Бұл жерде айта кететін бір мәселе – Әзімбай ата мен Раула әженің бір-біріне деген махаббаты мен құрметі. Қазақтың «Жаман әйел жарына жалғыз атын сойғызар. Жақсы әйел жолдасын, жоқтан құрап тойғызар» деген нақылы бекер емес. «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген нақылдың да мазмұны тереңде болса керек. Жалпы, әр жас отбасының беріктігінің негізі әйелде тұр десек қателеспейміз.
Кешегі Домалақ, Зеріп, Қарашаш аналарымыздан қалған үлгілі жол бар. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегеннің мазмұнын өз деңгейінде түсінетін уақыт жетті. Қазіргі таңда қоғамда аналарымыздың қол жеткізген талай жетістіктерін көріп жүрміз. Аналарымыздың мықтылығын мойындап, бағалап келеміз. Отбасы құндылығын барша жағдайдан жоғары қоятын қадірлі аналардан жас келіндер үлгі алса артық емес.
Бәйтенов үлкен ферманы 30 жыл табан аудармай басқарып абыройға бөленсе, бұған Раула Қоңқабаеваның да қосқан үлесі зор. Себебі, қашанда ердің атын шығаратын, беделін өсіретін – әйел. Отанасы үйі таза, дастарханы қазанды болса, отағасының мәртебесі өскені.
Бұл ретте облыс, аудан деңгейіндегі басшылар талай мәрте Раула әженің қолынан дәм татқан. Раула әжеміз де үнемі отағасына тілеулес болып, қолдау көрсетіп отырды. Талай рет кештетіп, түн қатып шаршап келген кезінде жылы қабақпен қарсы алғаны да мыңсан шаруаны басқарып жүрген Әзімбай Бәйтеновке рухани күш бергені анық. Ақсақал қазір де асыл жарының жақсы істерін ұмытпай, балалары мен немерелеріне үлгі етіп айтып отырады. Отбасының құндылығының бірі осы сыйластық болса керек.
Әзімбай қарияның перзенттерінің ішінде денсаулық және білім саласын таңдағандары көп. Оған ауылдық жерде осы мамандықтарға жұмыстың жылдам табылатыны да себеп болса керек. Қазіргі таңда бұл әулеттен тараған перзенттер Тараз қаласының төңірегіндегі ауылдарға жақындағанымен, бұл жақтан да өз мамандықтарына сай жұмыс табылып жатыр. Себебі, барлығы өз жұмысына жауапты.
Жұмысқа деген жауапкершілікті сезіну – ата-ананың асыл тәрбиесінен болса керек. Атап айтар болсақ, Сәндігүлі Байзақ аудандық орталық ауруханасында фельдшер болып ұзақ жыл еңбек етсе, Әтіркүлі аталған аудандағы орталық стадионда мейірбике болып, талайдың сырқатына алғашқы көмек көрсеткен білікті маман.
Бұл екі қыздың үстіне киген халаттары қандай ақ болса, жұмыстарына деген жауапкершіліктері де сондай әппақ болған. Әлі де ел құрметіне бөленіп отырғандары сондықтан. Райгүлі – аудан мектептерінің бірінде зертханашы болса, Зурияты Н.Ақшабаев орта мектебінде физика пәнінен сабақ береді. Санят Көктал орта мектебінде мұғалім болса, Гауһар Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде ұлағатты ұстаз. Гүлбахира да білім саласынан алыс кете алмапты. Бұл күнде «Өрлеу» мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының облыстық филиалында әдіскер. Мұратқалиы прокуратура саласында еңбек етсе, Талабы – жеке кәсіпкер. Байқап отырсаңыз, заң саласында еңбек ету – оңай емес.
Заман талабына лайық жеке кәсіпкер болу да жеңіл жұмыс деп айта алмаймыз. Сондай, жауапкершілігі жоғары заңгер де, қоғамның қазіргі бет-бейнесі кәсіпкер де осы әулеттен шығып отырғанын біз заңдылық деп қабылдаймыз. Бұл да аталған әулеттің ұрпақтары тәуекелшіл, биік мақсатшыл, жаңашыл екенін көрсетеді. Қазақта «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда барса, артқы дөңгелегі де сонда барады» деген сөз бар. Әзімбай ақсақалдың перзенттері еңбектің биік жауапкершілігінен көрінсе, немерелері де абыройға бөленуде. Бір немересі Мағжан екі жыл Тараз қаласындағы «125» орталығының директоры болды.
Қазіргі таңда Семей қаласында «125» орталығының директоры. Жас күнінен өлең жазуға бейім болып, оқушылар арасында республикалық мүшәйраларда жүлдегер атанған Мағжан еңбекте де жақсы қырынан көрініп отыр. Әзімбай атаның бір ғана немересі Мағжан атасының есімін Қазақстанға танытып жүр. Оның адал істерінде, еңбекқорлығында, ізгілігінде атасынан дарыған асыл қасиеттер жатыр. Ақсақалдың басқа немерелері де өз жұмысының нағыз озаттары. Әзімбай Бәйтенов барлық ұл-қыз, немере, шөбересін бірдей көріп, барлығының амандығын тілейді.
Барлығын мақтаныш санайды. Жалпы, Әзімбай әулетінен бұл күнде 32 немере, 49 шөбере өрбіп отыр. Бұл әулеттің күйеубала, келіндері де ізетті, инабатты. Кісінің алдын кесіп өтпейді. Бірнеше ауданға танымал, белгілі әулетті құрметтеп, жақсылығын асырып жүреді. Олар да түрлі қызметтерде, кейбірі – жеке кәсіпкер. Осындай баршаға құрметті әулет – жас шаңырақтарға үлгі. Қазіргі таңда да Әзімбай ақсақалдың батасын алуға ниетті жастар жеткілікті.
Өмірдің талай белестерінен өткен, ащысын да, тұщысын да көрген қария бата бергенде де терең толғанып, тағылымға толы сөздерге мән береді. «Жақсы қария – жанып тұрған шам болар» дегенді осы Әзімбай ақсақалға арнап айтқан секілді. Алтын құрсақты, батыр ана Раула әжемізді де сыйлайтындар көп болатын. Талай жекжаттар, құдағилары, ағайын туыстары, ауылдас келіндері де тәрбиесін алуға, жақсы сөзін естуге асығып тұратын. Раула апамыздың әр қадамы – қасиет, әр сөзі – өсиет болатын. Осындай ата-анадан туған перзенттердің жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласын таңдағандары заңдылық іспетті.
Ақ халатты абзал жандардың да жақсы тәрбиеден қалыптасатыны белгілі. Сондықтан, аталған үлкен әулеттен тағылым алғысы келетіндер көп. Ондай құрметке бұл әулет барлық жағынан лайық. Бәйтеновтер әулетіне, оның ішінде Әзімбай ақсақалдың ормандай өсіп өнген әулетіне қызығатындар аз емес.
«Өмір – үлкен жол. Ол жолда адамдар әртүрлі жағдайға кезігеді. Мен қазір 90 жасқа жақындаған ақсақалмын. Тағдырыма ризамын. Жас күнімізде білім алдық. Сол уақыттың талабына сай қызмет атқардық. Ұзақ жыл ауылда ғұмыр кешсек те, ферма басшысы қызметінде халыққа адал қызмет еткен секілдімін. Қазір ұрпақтарым түрлі салада жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұбайым Рауламен 60 жылға жуық отандасып, тату-тәтті өмір сүрдік. Отбасы құндылығы деген – ең асыл құндылық. Әр адам отбасы жауапкершілігін сезінгендері абзал», – деген Әзімбай ақсақал жастардың өміріне бақыт тіледі.
Отбасы құндылығы – аса маңызды. Оған қашанда жауапкершілік таныту қажет. Бұл орайда Әзімбай ата әулеті секілді жапырағын кең жайған шаңырақтан тағылым алса, ізгі қасиеттері арта түсер еді.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді