«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Неге алдана береміз?

Неге алдана береміз?
Ашық дереккөз
Жақында қаржы пирамидаларының жаңа тізімі шықты. Қанша жерден полиция басқармасы «алаяққа алданбаңыздар!», – деп видеороликтер көрсетіп, жадынамалар таратқанымен,қаржылық алаяқтардың құрған схемасын анықтағанымен, бәрібір қарапайым халық қаржылық алаяқтықтың құрбаны болуда. Қарап тұрсаң, көзі ашық, оқыған адамдар. Бірақ ертегіге сенгендей алаяққа сеніп, миллиондардан айырылып отырғандар жетерлік.

Ешкімді сөкпейміз, табаламаймыз. Себебі өзім де алаяққа алданғанның бірімін. Мені қоя тұрыңызшы, бүгін 6 миллион теңгеге алданып қалған Қалдыбек Қартабаев жайлы баяндайын. Калдыбек Болатұлы қарапайым отбасынан шыққан, Көпбалалы отбасының асыраушысы. Күзетші болып жұмыс істейді. Таза еңбегімен тірнектеп жинаған ақшасын белгісіз тұлғаларға алдырып қойған. Нақтырақ айтсақ, алаяқтарға 6 миллион 319 мың теңгеге алданған. Бұл қалай болды дегенімізде ол кісі былай жауап берді.

– 2023 жылдың 27 маусымында сағат 18:00 шамасында ұялы телефоныма белгісіз тұлға хабарласып, өзін Kaspi bank қауіпсіздік бөлімінің қызметкері деп таныстырып, мен туралы толық ақпаратты жеке сәйкестендіру нөмірімді, толық аты-жөнімді, депозитімдегі тұрған жалпы қаражатты айта отырып,маған шотыңызды белгісіз тұлғалар бұзып алуға тырысып жатыр деп хабарлады. Алдын алу үшін депозитімде тұрған 3 миллион 319 мың теңге қаражатты   отырған телефон нөмірі бойынша Qiwi терминалы арқылы Банк центр кредит және Форте банк шоттарына салуымды талап етті. 2023 жылдың 28 маусымында сағат 10:00 шамасында маған қайта хабарласып, алаяқтарды ұстай алмай жатқанын және де атымнан 3 миллион теңге қаражат көлемінде несие рәсімделгенін хабарлады. Аталған қаражатты алаяқтар аударып алмас үшін шығаруым қажет екенін және өздері берген нөмір бойынша Qiwi терминалы арқылы «Банк центр кредит» және «Форте банк» шоттарына салуымды талап етті, – дейді ол.

Сонымен, бұл азамат 2023 жылдың 10 шілдесінде Тараз қаласының полиция басқармасына арыз жазған. Жәбірленуші деп тану туралы қаулының негізінде тергеу жүргізілген уақытта ай сайынғы төлемақыны уақытша тоқтату мақсатында Kaspi bank-ке де арыз жазыпты. Алайда арызына қанағаттандырарлық жауап ала алмаған. Айтуынша, Тараз қалалық полиция басқармасына арыз тастағалы бері 1 ай уақыт өтсе де, ешқандай жауап жоқ. Амалы таусылған Қалдыбек Болатұлы журналистерден көмек сұрап редакциямызға келді. Іші алай-дүлей болған ол айдың-күннің аманында бала-шағасының аузынан жырып сақтаған ақшасынан айырылып отырғандығын айтып күйінді. Сол мезеттен бері ұйқыдан да, күлкіден де айырылыпты. Отбасымда да күнде ұрыс, аңқаулығымның, сенгіштігімнің кесірінен алаяққа алдандым деп отыр. Полиция басқармасы да өз қолыңмен апарып салғансыз деп, алаяқтың әлемнің қай түкпірінде отырғанын таба алмай жатқандарын айтыпты.

Шындығында, бұл дамыған заманда түрлі техниканың арқасында дауысты да өзгертіп, кез келген адамның жеке ақпараттарын біліп, қоңырау шалып, өзгенің шотындағы ақшаны шешіп алуға болатын деңгейге жеткен. Мұндай қитұрқы әрекетті бостандығынан айырылғандар да, телефон хакерлері де, ғаламтордың тілін керемет түсінетіндер де жасай алады екен. Тіпті бүгінде анаңның, әкеңнің, бауырыңның дауысын салып қоңырау шалатын алаяқтар да бар екен. Әлем өзгерген сайын алаяқтықтың түрлі зымиян түрлері де дамып жатыр ма дерсің. Жәбірленушінің ашуланатыны мынау: қолымдағы түбіртегім бар, қоңырау шалған адамның нөмірі бар, сағаттап сөйлескеніміз, бейнебақылау да тұр. Неге құрықтай алмасқа деп полицияға өкпелі.

Бұл кісіні де түсінуге болады. Қылмыстық Кодекстің 190-бабына сәйкес:

«Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көр сеткiшке дейiнгi мөлшерде айып пұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаса және аса iрi мөлшерде жасаса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қылмыстық Кодексте алаяқтық үшін жаза көзделген. Алайда ондай қылмыстарды тергеу процесі елімізде өте ұзақ жү ретінін ескергеніміз жөн. Сол үшін құқықтық сана-сезімді қалыптастыру және заңдарды оқу арқылы халық тың құқықтық білімін көтергені дұрыс. Қаскүнемдер кез келген ақпаратты өзінің арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады, олар БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Алаяқтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметі туралы да хабардар. Енді олар азаматтарға өздерін қаржы реттеуші ретінде телефон арқылы таныстырып, хабарласа бастады. Схема қорқыту, жеке және төлем деректерін хабарлауға не қаражатты олардың шотына аударуға мәжбүрлеу арқылы жүргізіліп отыр. Осы орайда біз қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарластық. Аталған агенттіктің Тараздағы басқармасының басшысы Дәурен Төлепбергеновпен жолығып, сөйлестік Алаяқтардың ең көп қолданатын әдісі – алдап несие рәсімдеу. Осы бағыттағы шағымдар көп түседі бізге. Көбіне олар банк қызметкерімін деп хабарласады. Сөйтіп, сізден сіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, цифрларды сұрайды. Естеріңізде болсын! Банк қызметкері азаматтардан ешқашан сізге қатысты банкке мәлім ақпаратты, яғни ЖСН, карточка нөмірін, есепшотыңызды сұратпайды. Өйткені ол ақпараттар сіз қызмет алатын банкке мәлім ақпараттар. Банк төлем картасын берген кезде, банктік есепшот ашқан жағдайда екіжақты шарт жасалып, ол шартта қолданушы өзінің келісімін береді. Сондай-ақ банк ол мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме алады. Көп жағдайда адамдар өздерін өздері ұстап береді. Мәселен, кейде бір танысыңыз не туысыңыз «карточка нөміріңді айтшы, ақша салып жіберейін» деуі мүмкін. Біз аламыз да карточканы түгел фотоға түсіріп, «WhatsApp» арқылы жібере саламыз. Ал бұл мессенджер әлемдік жүйеде бар ғой. Мұнда да небір алаяқтар, хакерлер толып отыр. Олар сіздің карточкаңыздың фотосын қолына түсіріп, сол банктің жүйесіне кіру арқылы сіздің барлық мәліметіңізді ақтарып шығуы, тіпті ақшаңызды «сыпырып» кетуі ғажап емес, – дейді Д.Төлепберген.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында агенттік жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар бойынша ақпаратты тұрақты негізде жаңартып отырады. Қазіргі уақытта тізімге 154 субъект кіреді, олардың қызметі қаржылық лицензияланбаған және реттелмеген. Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс қимыл негізінде қалыптастырылды. Агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасау азаматтар үшін салынған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелдеріне алып келуі мүмкін. Олар бойынша ақпараттар құқық қорғау органдарына берілген.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Негізінен бұлар бөлшек саудамен айналысып жүрген сияқты көрінеді. Ақырындап клиент тартады, кейбір тауарларға арзан бағаға сертификат береді. Кейде тауарыңды қымбатырақ сатып береміз деген сияқты адамның қызығушылығын тудыратын түрлі амал-айлаларға барады. Осыдан 3-4 жыл бұрын депозит аштырып, сол арқылы керемет табысқа кенелесіз деп алдап келсе, қазір бұл тәсіл өтпей қалды. Өйткені депозит жинау әдісі әшкере болып қойған. Халық енді оған сенбейді. Сондықтан бұлар қазір неше түрлі схеманы ойлап табуда.

Қаржы маманының айтуынша, әр адам «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?», – деп ойлануы тиіс дейді. Бұл өмірде тегін ештеңе жоқ. Осы себепті, неге бөтен адамға күдікпен қарамасқа.

«Айдаладағы адамға жеке деректеріңізді беруге бола ма?» дей келе, бір айдың ішінде елуге жуық адам алданып қалдым деп хабарласатынын айтты. Оның ішінде арыз жазатыны бар, жазбайтыны бар, әйтеуір іс бәрібір ұзаққа созылады екен. Адамдардан мейірім мен қайырым қашып бара жатқан заманда оңай олжаға, маңдай терсіз-ақ табысқа белшесінен батам деу – тәуекелі мен әуресі көп тірлік.

Полиция басқармасына да сұрау салдық. Олар да істің тез арада шешілмейтінін бірден айтты. Себебі жәбірленуші тұлға телефонның ар жағындағы хабарласқан адамға сеніп, өз ақшасын шешіп, оны апарып біреудің онлайн әмиянына салған дейді. Барлығы да арызданушының өз қолымен жасалған тірлігі болып тұр. Анық-қанығын, дәлел-дәйегін таразылау, шешу – уақыттың еншісінде екен. Тараз қалалық полиция басқармасында Киберпол деген атаумен интернет алаяқтық фактілерін тергеумен айналысатын арнайы топ құрылған еді. Біз осы топтың белді мүшесі, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, полиция капитаны Шохан Альжановпен сөйлестік.

– Сенесіз бе, алдымда мыңдаған қаржылық алаяқтыққа қатысты іс жатыр. Біз қарап отырғанымыз жоқ. Бәрін тергеп, тексеріп, анықтап жатырмыз. Бірақ мұндай істер ұзаққа созылады. Бірден тез шешілмейді. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін өз құжаттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Тауарларды немесе қызметтерді жалға алу үшін құжаттарыңызды кепілге бермеуге тырысыңыз. Ешқашан және қандай жағдай болмасын бейтаныс адамдарға өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңыздың көшірмесімен қоса жеке деректеріңізді айтпаңыз және жібермеңіз. Төлем карточкаларының деректемелерін ешқашан, оның ішінде әлеуметтік желілерде де жарияламаңыздар. Бұл заман сенгіш болып кез келген нәрсеге сенетін заман емес. Алғырлардың заманы. Қаржылық сауаттарыңызды арттыру маңызды, – дейді ол.

Соңғы жылдары Үкімет қаржы пирамидаларымен күресу шараларын қолға алса, Ұлттық банк пен құқық қорғау органдары заңсыз инвестициялық схемаларды анықтау және тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Соған қарамастан мәселенің әлі де өзекті екенін айта кету қажет. Өйткені алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтардың қатары сейілмей тұр.

Сөзімізді қорытындылай келе, қаржылық пирамидалар Қазақстанда көп жылдар бойы үлкен мәселе болып келгенін айта кету керек. Жоғарыда аталған схемалық жолдар адамдардың тез және оңай пайда табуға деген ұмтылысына негізделген және көбінесе үлкен қаржылық шығындарға әкеліп соғады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін шаралар қабылдағанымен, адамдарды осы алаяқтықтан қорғау және кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз ету үшін алда көп жұмыс күтіп тұр.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар