«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дүбірлеп басталған жоба күбірлеп айтатын жағдайға жеткені ме?

Дүбірлеп басталған жоба күбірлеп айтатын жағдайға жеткені ме?
Автор
Рас, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Ал ауылдағы ағайынның әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсартуға мол септігі тиген бірегей жобаның бірі – «Ауыл аманаты».

Жақында Сенат депутаты Сәкен Арубаев Премьер-министр Олжас Бектеновқа жолдаған депутаттық сауалында биылғы жылы осы бағдарлама бойынша жаңа 8 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға 50 миллиард теңге қарастырылатын болғанымен, бүгінге қаражат мүлдем берілмегенін көтерді. Оның сөзінше, бұл – тиімді бағдарламаның орындалуына кері әсерін тигізуде.

– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасындағы басым салалардың бірі. Ауылдық жерлерде елдің 38 пайызы тұратыны, ол шамамен 7,6 миллион адамды құрайтыны белгілі. Кірістерді арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі екені де белгілі. Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл халқына өз шаруасын бастауға, оны дамытуға, өз өңірінің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер ашқан болатын. «Ауыл аманаты» – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына кіретін бірегей жоба десек те болады. Жоғарыдағы айтылғандарды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет тарапынан осы бағдарламаға қажетті қаражатты бөлуді және тиісті орталық мемлекеттік органдардың жауапкершілігін қарауды, ауылға деген аманатты орындауға ықпал етуді сұраймыз, – делінген депутаттық сауал хатта.

Сенатор Сәкен Арубаев 2023 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 100 миллиард теңге көлемінде шағын несие берілгенін, 18,2 мың жұмыс орнын құру жоспарланғанын айтты. Алайда халық қалаулысы 2024 жылы бюджет тапшылығына байланысты бұл сома 20 миллиард теңгеге дейін қысқарғанын еске салды. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған бұл жоба ел ішінде үлкен үміт пен сенім тудырған.

Дегенмен әкімдіктер ұзақ уақыт құжат жинағанымен, қаражаттың жетіспеуі салдарынан жұрттың шағымы көбейген Айта кетейік, осынау жоба аясында 2023 жылы 15,5 мың жұмыс орны ашылып, 67,8 миллиард теңгеге 1,2 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде өсімдік бағытында – 1,053 миллион тонна, мал шаруашылығында – 187,3 мың тоннаға жетіп, 2022 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Сондай-ақ есепті кезеңде қарыз алушылардан қайтарылған қаражат есебінен қосымша 7 миллиард теңгеге 1 мыңға жуық микрокредит берілсе, бағдарламаға қатысушылар 1,2 миллиард теңге салық төлеген екен. Мұнда Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Жамбыл өңірі де көш бастады. Жалпы, 2019-2023 жылдары аралығында облысымызда «Ауыл аманаты» жобасына 40,8 миллиард теңге бөлінді. 8 027 жобаға жеңілдетілген несие беріліп, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал 5 жыл ішінде 62 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 275 техника сатып алынды. Бүгінгі күнге берілген несиенің 99,6 пайызы өтелсе, былтырғы жылдың қыркүйегінен бүгінге дейін қайтарылған қаражат есебінен 438 жоба несиелендіріліпті. Сондай-ақ құлпынай, қызанақ, қияр және гүлдің бірнеше түрін өсіретін 31 жылыжай құрылысы қаржыландырылған. Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлық несиелеу бағдарламасы іске асырылуда.

Бүгінге дейін әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға 757 бас мал тауарлық несие ретінде беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін 80-ге жуық тауарлық несие шарты жасалып, 5 мыңнан астам мал таратылады деп күтілуде. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, биыл 5 миллиард теңгеге 700 жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Бұл 800-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдықтарға ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ғана емес, басқа да бағыттарға несие алуға мүмкіндік беруде. Мәселен, қазірдің өзінде жоба аясында шағын несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік.

Бұл мысал – бағдарламаның тек ауыл шаруашылығы емес, өзге шағын кәсіп бастауға үлкен қолдау болып отырғанының айқын дәлелі. Ең негізгісі, аталған бастама – ауылдық жерлердегі халықты жұмыспен қамту, табыс көзін молайту және жаңа мүмкіндіктермен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешетін, дер кезінде қабылданған игі жоба. Ендеше, төскейді малға толтырып, дастарқаннан адал астың үзілмеуіне ықпал еткен жобаға қаржы бөлуде нақты әрі жүйелі шешімдер қабылдануы тиіс-ақ. Бұл – ауылдағы аңғал ағайынның да тілегі. Әйтпесе, формалды көзқарас пен орындалмаған тапсырмалар әлеуеті зор жобаның мазмұнына нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар